Геосаяси және экономикалық әріптестіктің жаңа дәуірі

16 Қыркүйек, 14:41 727

Германия канцлері Олаф Шольц Астанаға келеді. Осы сапар барысында «С5+1» форматы бойынша кездесу өтеді. Сондай-ақ мемлекет басшысымен екіжақты кездесу жоспарланған. Бундес-канцлердің Орталық Азияға ат басын бұруына не себеп болды? Бүгінгі мақалада осы төңірегінде ой қозғап көрген едік.

Шольц мырза Орталық Азияға сапары барысында ең әуелі Өзбекстанға барды. Содан кейін Қазақстанға келеді. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Астанада «С5+1» форматы бойынша кездесу өтеді. Оған Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстан басшылары қатысады.

Екіншіден, Қазақстан – Германияның өңірдегі басты серіктестерінің бірі. Кейінгі жылдары екі елдің қарым-қатынасы нығайып, жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Сондықтан неміс тарапы елімізді негізгі әріптес ретінде көретіні жасырын емес. Германиялық сарапшылар да Қазақстанның өңірдегі рөлі ерекше екенін айтып отыр.

Алыс-беріс осылай басталған

Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас сонау 1992 жылғы 11 ақпанда орнатылды. Желтоқсанда Алматыда бундес-елшілік ашылды. Ал Қазақстанның елшілігі 1993 жылы Бонн қаласында жұмысын бастады. Содан бері Германия да, Қазақстан да екіжақты байланысқа ерекше мән беріп келеді.

Соның нәтижесі шығар, өзара сауда-экономикалық қарым-қатынас жылдан жылға жанданып отыр. Мәселен, 2021 жылы тауар айналымы 2,2 миллиард долларды құрады. Ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 2,8 миллиардқа жетті. Былтыр импорт пен экспорттың үлесі 3,9 миллиард долларға жуықтады. Қазіргі таңда Германия Қазақстанның ең ірі 10 сауда әріптесінің қатарына кіреді.

Өзара тауар айналымын негізінен импорт құрайды. Мәселен, былтыр немістерден 3,1 миллиард доллардың өнімін сатып алған екенбіз. Бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 23,5 пайызға көп. Жалпы, қазақстандықтар көбіне Германиядан автокөлік әкеледі. Былтыр Ұлы даланың күре жолдарын шаңдатуға келген неміс «темір тұлпарларының» саны 4,7 мыңға жетіпті. Айта кету керек, қазақтар «Мерседес» пен «Ауди» секілді Германия брендтерін жоғары бағалайды. Неміс сапасы әлемде өзін мойындатқалы қаша-а-ан! Сондықтан Қазақстанға әкелінген «темір тұлпарлардың» көптігі қисынға саяды.

Қазақтар Германияның жеңіл автокөліктеріне ғана емес, ауыл шаруашылығы техникаларына да қызығады. Бұл сөзімізді ресми статистика дәлелдейді. Мысалы, былтыр елімізге екі мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы әкелінген. Соның ішінде 1,1 мыңы трактор болса, қалған 740 данасы ауыл шаруашылығына арналған өзге де техника. Сондай-ақ тіркемелер және мотор майы да импортталады.

Елімізге әкелінген тауарлардың ішінде фармацевтикалық өнімдер де үлкен орын алады. Былтыр Қазақстанға 2,4 мың тонна дәрі-дәрмек жеткізілген. Сонымен қатар Германиядағы бу қазандықтары, медициналық жабдықтар, сорғылар, шоколод та қазақтардың қызығушылығын туғызады.

Қазақстанның Германияға экспорты былтыр 742 миллион доллардан асты. Жалпы көлемі 924,4 мың тонна тауар жіберген екенбіз. Немістер негізінен Қазақстанның мұнайын сатып алады. Былтыр бұл көрсеткіш 668 мың тоннадан асқан. Сонымен қатар 101 мың тонна көмір сатып алды. Бұдан бөлек, бундес-елге никель, ферроқорытпалар, фосфор, оқшауланған сым секілді өнімдер де экспорттап тұрамыз.

Еуропадағы басты серіктестің бірі

Енді, мына деректерге көз салайық. Германияның Орталық Азиямен сауда-саттығының 83 пайызы Қазақстанға тиесілі. Қазақстан Германияның басты 50 экономикалық серіктесінің қатарына кіреді. Сонымен қатар мұнаймен қамтамасыз етіп отырған негізгі төрт мемлекеттің бірі. Кейінгі жылдары немістер қазақтың «қара алтынын» көптеп сатып ала бастады. Бұған себеп түсінікті. 2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіруі салдарынан Германия солтүстіктегі көршіміздің мұнайы мен газын пайдаланудан бас тартқан еді. Қазіргі таңда оның орнын негізінен Қазақстанның көмегімен қамтамасыз етіп отыр.

Былтыр Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстанға келгенде, бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударған еді. Президент Қазақстан Германияның Орталық Азиядағы негізгі экономикалық әріптесі екенін айта келіп, неміс экономикасын энергиямен және қажетті шикізатпен тұрақты қамтамасыз ете алатынын жеткізді.

Бұл қазіргі күрделі геосаяси және геоэкономикалық кезеңде аса маңызды. Германия тарапының өтініші бойынша Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына Қазақстан мұнайын жөнелту – соның нақты мысалы, - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Негізі екі елдің арасында энергетика, өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, көлік және логистика, жаңартылатын энергия көздері, сирек кездесетін жер металдарын игеру және ауыл шаруашылығы салалары маңызды бағыттары болып есептеледі. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев германиялық әріптесімен кездесуде неміс компанияларын Қазақстандағы жасыл энергетика саласына инвестиция құюға шақырған. Соның ішінде, жасыл сутегі өндіретін зауыт құрылысын бастау туралы уағдаласты.

Жоспар бойынша, зауыт құрылысын Svevind Energy неміс-швед компаниясы жүзеге асырады. Жобаның инвестициялық құны 50 миллиард долларды құрайды. Зауыт шамамен 2 миллион тонна «жасыл» сутегі өндіруге қабілетті. Құрылыс кезінде 3500-ге жуық адам жұмыспен қамтылады. Ал жоба жүзеге аса бастағаннан кейін 1800 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Германияның Қазақстандағы жобаларға қызығушылығы әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Ұлттық банктің деректеріне сүйенсек, 2005 пен 2022 жылдар аралығында Германиядан елімізге 5,84 миллиард доллар көлемінде инвестиция тартылған. 2022 жылы бұл көрсеткіш 712 миллион еуроға жетіп, бір жылдағы ең жоғары деңгейге көтерілді. Бұл екі ел арасындағы экономикалық әріптестіктің берік екенін айғақтайды.

Қазақстанның кейінгі жылдары жасыл энергетика көздерін дамытуға ниет танытып отырғанын ескерсек, бұл да Германия тарапын қызықтырады. 2035 жылға қарай елдегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 36 пайызға жетуі керек. Газбен өндіру үлесі 27 пайызды, көмірмен өндіру 17 пайызды, гидростанциялардан алынатын энергия 12 пайызды, ал атом электр станцияларынан алынатын энергия 9 пайызды құрауға тиіс. Қазіргі уақытта елімізде электр энергиясының тек 6 пайызы жаңартылатын көздерден алынады. Алдағы 11 жыл ішінде бұл көрсеткішті 36 пайызға, яғни алты есеге арттыру көзделіп отыр. Демек, бұл салаға Германия инвесторлары қызығушылық танытатыны анық.

Саяси байланыс тереңдей түседі

Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынастар сенімді диалог пен өзара достыққа негізделген. Дипломатиялық байланыс орнағаннан бергі кезеңде екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған маңызды бірнеше кезең болды. Соның ішінде 2019 жылғы желтоқсанда Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапарын атап өткен жөн. Бұдан кейін 2020 жылы 14-16 ақпанда, Президент Тоқаев Мюнхен қауіпсіздік конференциясына қатысты. Былтыр, нақтырақ айтқанда 28-29 қыркүйекте, «C5 + Германия» диалогы өткен. Саммит кезінде өңірдегі өзекті мәселелерді талқылаудан бөлек, екіжақты қарым-қатынасты нығайту бойынша да келісімдер жасалды. Сауда-экономикалық қарым-қатынастары, жаңа көлік-транзит дәліздерін дамыту және энергетика саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Қазақстан мен Германия халықаралық ұйымдар, атап айтқанда БҰҰ, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі (АҚК), ЕҚЫҰ және басқа да ұйымдар шеңберінде белсенді түрде өзара іс-қимыл жасайды. Германия 2007 жылы Еуропалық одақтың Орталық Азиямен әріптестік стратегиясын әзірлеуге бастамашы болды. Ал 2019 жылғы 17 маусымда Еуропа кеңесі қабылдаған «Еуропалық одақ және Орталық Азия: неғұрлым мықты әріптестік үшін жаңа мүмкіндіктер» атты жаңа стратегияның қалыптасуына белсенді үлес қосты.

Қазақстан 2001 жылы Германияның ұсынған Ауғанстандағы жағдайды бейбіт жолмен реттеу жөніндегі Бонн бастамасының қатысушысы. Бұл бастама шеңберінде 2001 және 2011 жылдары екі конференция өткізілді. Германия Орталық Азияға арналған су бастамасын («Берлин процесі», 2008-2019 жылдар) көтергені белгілі. 2020 жылы қаңтарда Германия Орталық Азия елдері мен Ауғанстанның қауіпсіздік және орнықты даму саласындағы жаңа бастамасын – «Green Central Asia» («Жасыл Орталық Азия») таныстырды.

Мәдени қарым-қатынастың көпірі

Қазақстан мен Германия арасындағы мәдени байланыс та тығыз орнаған. Тарихқа көз жүгіртсек, сонау XIX ғасырда-ақ немістер Қазақстанға қоныстана бастаған. Қазақстандағы алғашқы неміс селосының іргетасы Рождественское (Фриденсфельд) деген атаумен 1885 жылы іргесі қаланды. Кейін Кеңес үкіметінің саясатына байланысты Ұлы далаға күштеп қоныс аударылған немістердің саны артты. Мәселен, 1989 жылғы жүргізілген санақта Қазақстан аумағында миллионға жуық неміс этносы мекендеген.

Азаттықтың ақ таңы атқаннан кейін еліміздегі немістер тарихи отанына біртіндеп қайта бастады. Кей деректерге сүйенсек, бүгінге дейін миллионға жуық неміс Германияға қоныс аударыпты. Соның өзінде қазіргі таңда 220 мыңнан астам неміс Қазақстанды өз отаны санайды.

Жалпы, еліміздің дамуына үлес қосқан аталған этнос өкілдері жеткілікті. Қазақ-герман қатынасы туралы сөз қозғалғанда, ең әуелі еске Герольд Бельгер түседі. Гераға қазақ тілі мен әдебиетінің дамуына орасан зор үлес қосты. Сол секілді Пётр Нейштетер, Владимир Нидергаус сынды футболшылар да спорттың дамуы жолында еңбек еткені көпшілікке мәлім. Хирург Александр Альбрандт медицина саласында талай жыл тер төгіп, халықтың алғысына бөленгені баршаға белгілі.

Екі елдің мәдени ынтымақтастығы мәселелері бойынша Қазақстан-Германия аралас комиссиясы жұмыс істейді. Сонымен қатар, неміс диаспорасына қатысты мәселелерді Этникалық немістер жөніндегі үкіметаралық комиссия қарайды. Бұл комиссияның 19-отырысы 2023 жылдың наурыз айында Берлинде өткен. Сонымен бірге, 1994 жылдан бері «Болашақ» бағдарламасы аясында Қазақстан Германияның жоғары оқу орындарымен белсенді серіктестік орнатып келеді.

Ынтымақтастықты нығайтатын саммит

Сарапшылар Олаф Шольцтың Қазақстанға келуінің бірнеше себебін атайды. Біріншісі, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Қазақстан қазіргі таңда Германияға мұнай жеткізетін ірі төрт елдің қатарына кіреді. Бундес-канцлер бұл бағытты одан әрі дамытуға мүдделі екені анық. Өйткені әзірге Украинадағы соғыс аяқаталар түрі жоқ. Демек, Ресейге салынған санкция да әзірге жеңілдей қоймайды. Оның үстіне, Германия биыл соңғы АЭС-ін жапты. Салдарынан елде қазба отындарға деген сұраныс жоғарылап, энергетика бағасы күрт артты. Мұның орнын толтыру үшін ресми Берлин сауда-экономикалық байланыстарды тереңдетуді көздейді.

Екіншіден, бұл сапардың саяси астары да бар. Германия тарапы Украинадағы соғыстың тезірек аяқталғанын қалайды. Сол себепті кей сарапшылар жабық есік жағдайында бейбітшілік жоспары туралы әңгіме айтылуы мүмкін деген пікір білдіреді. Осының алдында Олаф Шольц мырза Украина президенті Володимир Зеленскиймен кездескен болатын. Әзірге мұндай әңгіме талқылана ма, жоқ па, нақты айта алмаймыз.

Бұдан бөлек, батыс елдері, соның ішінде Германия да бар, Орталық Азия мемлекеттерінің Ресейдің ықпалына жығылғанын жөн көрмейді. Сол себепті өзара байланысты тереңдетуге ерекше мән береді. Тіпті, кей жағдайларда батыс демократиясы қабылдамайтын дүниелерге көз жұма қарауына тура келеді.

Астанада «С5+1» форматында кездесу өтетінін жоғарыда айттық. Бұл саммитте бірқатар мәселеге назар аударылады. Соның ішінде климаттың өзгеруі мен су тапшылығы мәселелеріне ерекше орын алады. Жиынға қатысушылар мұздықтардың еруі және Орталық Азиядағы экологиялық ахуалдың өзгеруі сияқты проблемаларды талқылауы бек мүмкін. Өйткені бұл өңірде су мәселесі өзекті болып отыр.

Орталық Азия мен Еуропа Одағы төңірегіндегі геосаяси жағдайды да сөз болатыны анық. Сонымен қатар Ауғанстандағы қазіргі жағдайға да назар аударылды. Орталық Азия елдері мен Германия арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту жөнінде де әңгіме қозғалатынын болжау қиын емес. Бұдан бөлек, ғылым және білім саласындағы бірлескен жобаларды, сондай-ақ неміс тілін оқыту бағдарламаларын іске асыру мәселелері қаралуы мүмкін.

Қысқасы, Қазақстан үшін де, Германия үшін де екіжақты қарым-қатынастың одан әрі ілгерілей бергені маңызды. Өзара сауда-экономикалық байланыстың дамуы кім-кімге болса да тиімді.

Alikhan Assangeldi
Бөлісу: