Геология саласына жасанды интеллект енгізу туралы меморандумдарға қол қойды

4 Наурыз, 23:48 657

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың Канададағы PDAC конференциясына сапары аясында қазақстандық делегация «Ulttyq Geologialyq qyzmet» АҚ (UGQ) мен Koan Analytics Inc, сондай-ақ, UGQ мен Geological Survey of Finland (GTK) өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан тарапынан құжатқа «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ Басқарма Төрағасы Ерлан Ғалиев, Канада тарапынан – Koan Analytics Inc басшысы Роб Вуд, фин тарапынан GTK бас директоры Киммо Тииликайнен қол қойды.

Koan Analytics Inc – өнеркәсіптік сегментте қызмет ететін ұйымдар үшін интеграцияланған шешімдерді ұсынатын канадалық компания. Олар деректерді түрлендіру, архитектура, жіктеу, машиналық оқыту модельдерін таңдау, құру және оқыту, алгоритмдерді әзірлеу бойынша дамуды ұсынады. Сонымен қатар, әлеуетті компанияларға қолдау көрсетіп, олардың деректерін аналитикалық платформа моделі бойынша түрлендіруге көмектеседі.

Шара барысында  Қазақстанның «Ұлттық геологиялық қызметі» АҚ мен Фин геологиялық қызметі (Geological Survey of Finland, GTK) арасында да өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.

GTK (Geological Survey of Finland) - Финляндия аумағының геологиялық құрылымын зерттеуге, оның минералды-шикізат ресурстарын талдауға, геологиялық ортаны пайдалану мен қорғаудың тұрақты әдістерін жасауға, сондай-ақ геология, геофизикалық және геохимиялық зерттеулерді, картографиялауды қоса алғанда, геология саласында әртүрлі мәліметтер базасын құруға маманданған.

Бүгін жасалған меморандумдар халықаралық қоғамдастықтың Қазақстанның геологиялық ресурстарына деген қызығушылы мен Канада тарапының  аталған секторда инвестициялық, экономикалық қатынастарды жақсарту үшін ынтымақтастықты нығайтуға дайындығының маңызды көрсеткіші, - деп атап өтті  «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ Басқарма Төрағасы Ерлан Ғалиев.

Зарина Арман
Бөлісу: