23 Ақпан 2015, 04:48
Кәсіпқой бокстан орта салмақтағы WBA (Super), IBO және WBC (Interim) чемпиондық белбеулерінің иегері Геннадий Головкин ағылшын боксшысы Мартин Мюррейді 11-раундта нокаутпен жеңді.
Кездесу ақпанның 21-нен 22-не қараған түні Монте-Карлодағы (Монако княздығының әкімшілік ауданы) Salle des Etoiles спорт кешенінде өткен болатын. Головкин қарсыласын төртінші раундта екі рет нокдаунға түсірді. Алайда, ағылшын боксшысы қайсарлық танытып тез аяққа тұрып кетті. Келесі раундтарды Головкиннің жойқын соққыларының астында өткізген Мюррей 10-раундқа дейін теңселмеді. Тек 10-раундта британдық боксшы тағы да нокдаунға түсті, ал келесі раундта техникалық нокаутпен жеңілді.
Осылайша, жерлесіміз Геннадий Головкин кәсіби рингте 32 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Оның ішінде 29 кездесуі нокаутпен аяқталды. Ал Мартин Мюррей кәсіби бокс жолында осымен екінші рет жеңіліп отыр.
Мартин Мюррей кездесуге баға беріп үлгерді:
- Мен толыққанды кездесу өткізуге дайын болған едім, алайда Геннадийдің шеберлігі тым жоғары, ол лайықты жеңіске қол жеткізді. Өз жанкүйерлерімнен үміттерін ақтай алмағаным үшін кешірім сұраймын.
Кезекті жеңісінен кейінгі қазақ боксшысы барлық чемпиондық белбеуді жеңіп алғысы келетінін және келесі жекпе-жекті WBC чемпионы пуэрторикандық Мигель Коттомен өткізуді көздейтінін жеткізді.
Осы арада мексикандық кәсіби боксшы кіші Хулио Сезар Чавес Головкиннің жеңісіне алғашқылардың бірі болып жауап қатып, қазақстандық боксшыны нокаутпен жеңе алатынына 1 млн. доллар бәс тігуге дайын екенін жазды.
Фотолар insideehboboxing.com cайтынан алынды. Фото авторы: Will Hart
Дәурен Омаров