Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Алматы қаласындағы КИМЭП университетінің студенттерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шара ашық форматта өтті. Геннадий Головкин өзінің тәжірибесімен және қазіргі қызметінің ерекшеліктерімен бөлісті. ҰОК президенті халықаралық қатынастардың дамуы, спорттық бастамаларды ілгерілету және елдің халықаралық деңгейдегі имиджін нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
Сөз барысында Геннадий Головкин өзінің спорттық мансабындағы негізгі кезеңдерге тоқталып, жеке ұстанымдары мен кәсіби тәртіп оның өміріндегі және қазіргі қызметіндегі басты бағдар екенін атап өтті.
Бүгін осында болу мен үшін үлкен қуаныш. Сіздер — біздің еліміздің болашағысыздар. Қазір өз жолымды саралай келе, нақты айта аламын — бәрі де мүмкін. Алайда әр жетістіктің артында тек қана дарын пен арман емес, сонымен бірге күнделікті еңбектену, тәртіп және еңбекқорлық тұрады. Университет қабырғасында тек білім алып қана қоймай, өздеріңізді тануға және кім болғыңыз келетінін ұғынуға тырысыңыздар. Өздеріңізді адал, жүйелі түрде қалыптастырып, өз күшіңізге сенуді ұмытпаңыздар. Жаңалық ашуға деген ұмтылысты, өсуге деген шабытты жоғалтпаңыздар. Сонымен қатар білімге деген құштарлық пен мақсатқа жетудегі батылдықты сақтаңыздар, — деді Головкин әңгіме барысында.
докторы атағы ресми түрде табысталды. Бұл атақ оның Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін берілді. Айта кетейік, халықаралық академиялық тәжірибеде мұндай құрметті дәреже қоғам, мәдениет және халықаралық байланыстардың дамуына айрықша ықпал еткен ерекше еңбегі үшін табысталады. Геннадий Головкиннің жетістіктерінің арқасында миллиондаған адам Қазақстанның құндылықтары мен әлеуеті туралы білді.
Геннадий Головкинге Құрметті доктор атағын табыстау — біз үшін үлкен мәртебе. Ол — Қазақстанның әлемдік аренадағы символына айналған тұлға. Геннадий Головкин тек кәсіби спортта жоғары нәтижеге жетіп қана қоймай, еліміздің шет елдегі елшісі бола білді. Оның өмір жолы шабыттандырады, ал есімі әлемде зор құрметке ие. Мұндай тұлғалар Қазақстанның заманауи бейнесін жаһандық деңгейде қалыптастырып отыр, — деді КИМЭП университетінің президенті, доктор Чан Йан Бэнг.