Геннадий Головкин World Boxing жаңа олимпиадалық комиссиясының төрағасы болып сайланды

26 Қыркүйек, 15:18 395

Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Халықаралық бокс федерациясы (World Boxing) жаңа олимпиадалық комиссиясының төрағасы атанды. Бұл туралы Olympic.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жұмыс барысында Қазақстан ҰОК басшысы World Boxing қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты халықаралық спорттық ұйымдармен бірлесе жұмыс істеуге көңіл бөледі. Сонымен қатар, оның комиссия басшысы ретіндегі басты міндеттерінің бірі - боксты Олимпиада ойындарының бағдарламасында қалдырып, World Boxing ұйымын ХОК мойындауы үшін Халықаралық Олимпиада комитетімен тығыз әріптестік орнату болмақ.

Жеке өзім үшін, Қазақстан  үшін және барша спорт әлемі үшін боксты олимпиадалық спорт түрі ретінде сақтап қалу маңызды және бұл менің жұмысымдағы ең басты басымдық болмақ.

Сондай-ақ, бокс олимпиадалық  құндылықтарға сай, әділ әрі ашық болуы үшін Халықаралық Олимпиада комитетімен тығыз әріптестік орнатуды көздеп отырмын.

Менің кәсіби спортшы ретінде жиған тәжірибем World Boxing жұмысын бір жүйеге келтіреріне сенемін және күшімізді біріктіре отырып, бокстың дамуына жаңа серпін бере аламыз. Бірақ алда біз атқаратын жұмыс көп, - деп атап өтті Геннадий Головкин.

World Boxing президенті Борис ван дер Ворсттың айтуынша, Геннадий Головкинмен әріптестік орнату ұйымның алға қойған мақсаттарын тиімді орындауға жол ашады.

Олимпиадалық бокста да, кәсіби бокста да сәтті өнер көрсеткен адам ретінде ол боксты олимпиадалық қозғалыста қалдырудың бұл спорт түрінің әрі қарай дамуы үшін аса маңызды екенін жақсы түсінеді. Бұл әуесқой бокс үшін де, кәсіби бокс үшін де қажет. Боксты  олимпиадалық спорт түрлері қатарында қалдырып, аталған спорт түрін дамытудағы ортақ миссияларымызды орындау үшін онымен бірлесе жұмыс істейтін мүмкіндікті асыға күтемін, - деп пікір білдірді Борис ван дер Ворст. 

Айта кетелік, World Boxing Геннадий Головкиннің кандидатурасын алғашқылардың бірі болып бекітті. Жақын арада Олимпиадалық комиссия құрамына спорт әлемінің өзге де  өкілдері еніп,  боксты Олимпиадалық қозғалыс ортасында қалдыруға арналған ірі жоспарларды жүзеге асыруға күш салады.

Анықтама: World Boxing – Халықаралық олимпиада комитетінің аккредиттеуінен өткен Халықаралық бокс федерациясы. Ұйым 2023 жылдың сәуірінде құрылды. Қазіргі таңда ұйым құрамына  әлемнің 44 мемлекетіндегі Ұлттық федерациялар енген. 

Мадина Асылбекова
Бөлісу: