Геннадий Головкин ҰОК қауымдастығының Бас ассамблеясына қатысты

2 Қараша, 01:35 470

Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Португалиядағы Кашкайш қаласында өткен Ұлттық Олимпиадалық комитеттер қауымдастығының (ҰОКҚ) 27-ші Бас ассамблеясына қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Кездесуде Париж-2024 жазғы Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитетінің қорытынды есептері жария болды. 2026 жылы Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындары мен 2026 жылы Сенегалда өтетін жасөспірімдердің жазғы Олимпиада ойындарының ұйымдастырушылары өз таныстырылымдарын жасады.

ҰОКҚ-ның Бас ассамблеясы қатысушылар арасында тікелей пікірталас арқылы ынтымақтастықты нығайтуға арналған дәстүрлі алаң болды. Кездесуге ҰОК өкілдерінен бөлек, Халықаралық Олимпиадалық комитеттің делегаттары, халықаралық федерациялар мен Олимпиада ойындарының ұйымдастыру комитеттерінің өкілдері қатысты.

Ассамблея барысында Қазақстанның ҰОК президенті басқа да Ұлттық Олимпиадалық комитеттері және спорттық ұйымдар өкілдерімен бірнеше маңызды кездесулер өткізді.

Геннадий Головкин Иордания ҰОК-нің басшысы, Халықаралық Олимпиада комитетінің атқарушы комитет мүшесі ханзада Фейсал Аль Хусейнмен, сондай-ақ Франция ҰОК, UCI президенті және ХОК мүшесі Давид Лаппартьенмен өзекті мәселелерді талқылады. Айта кетейік, екі функционер де ХОК президенті лауазымына кандидаттар тізіміне кіреді.

Сондай-ақ, Г. Головкин Катар ҰОК-нің басшысы, ҰОКҚ-ның аға вице-президенті, босқындарды қолдау Олимпиада қорының басқарма мүшесі шейх Джоан бен Хамад Аль Тани және Түркия ҰОК-нің бас хатшысы, ҰОКҚ-ның атқарушы комитетінің мүшесі, қоса айтқанда ХОК-нің “Спорттағы әйелдер” комиссиясының мүшесі Неще Гюндоганмен кездесті.

Сауд Арабиясы ҰОК-нің бас хатшысы және вице-президенті ханзада Аль-Сауд Фахад бин Джалави бин Абдулазиз Аль Саудпен кездесу барысында 2025 жылы Сауд Арабиясында өтетін спорттық шаралар, атап айтқанда, алғашқы киберспорт Олимпиадасы мен жабық ғимараттарда өтетін Азия ойындарын өткізу мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, Қазақстан ҰОК-нің президенті Швеция, Марокко, Зимбабве және Египет ҰОК өкілдерімен бокс тақырыбына қатысты кездесулер өткізді. Кездесуде ҰОКҚ президенті, ХОК мүшесі Мустафа Беррафа да болды. Сондай-ақ, танылған спорт түрлерінің тәуелсіз мүшелер альянсының (AIMS) басшысы Стефан Фокспен маңызды пікірталас болды.

Бас ассамблея барысында World Boxing өкілдері сөз сөйледі. Олимпиадалық комиссияның төрағасы Геннадий Головкин өз әріптестерімен бірге Ұлттық федерациялардың World Boxing ұйымына мүше болу бойынша атқарылған қызмет барысы туралы есеп берді.

Сонымен қатар, 2026 жылы Бас ассамблеяны Гонконгта өткізу туралы шешім қабылданды. Бұдан былай кездесулер екі жылда бір рет өткізіледі.

Перизат Саденова
Бөлісу: