Геннадий Головкин FIBA-ның Бас хатшысымен кездесті

Кеше, 20:08 195

Астанада Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин мен Халықаралық баскетбол федерациясының (FIBA) бас хатшысы Андреас Загклис арасында кездесу өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Баскетбол ұлттық федерациясының президенті Абай Алпамысов та қатысты. Кездесу барысында тараптар Қазақстандағы баскетболдың қазіргі даму деңгейін, ұлттық құрамалардың дайындық барысын, сондай-ақ 3х3 дисциплинасының даму перспективасын талқылады. Әсіресе, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына баса назар аударылды. Аталмыш жарыста 3х3 баскетболынан ерлер мен әйелдер құрамаларының саны 8 командадан 12-ге дейін ұлғаятыны атап өтілді.

Кездесуде қазақстандық мамандар мен төрешілердің халықаралық турнирлерге қатысу мүмкіндігі, сондай-ақ олимпиадалық ынтымақтастық аясында жаттықтырушылар мен спорт менеджерлеріне арналған білім беру бағдарламаларын дамыту жеке мәселе ретінде талқыланды.

Андреас Загклис Қазақстанның баскетболды аймақтық деңгейде ілгерілету әлеуетін жоғары бағалап, институционалдық өсудің маңыздылығын атап өтті және FIBA тарапынан жергілікті спорттық бастамаларды жүзеге асыруда қолдау көрсетуге дайын екенін растады.

Сонымен қатар қатысушылар Қазақстанның Лос-Анджелес-2028 Олимпиада ойындары қарсаңында ұлттық құрамаларды қолдауға бағытталған FIBA-ның жаңа бағдарламаларына қатысу мүмкіндігін де талқылады.

Асқар Таудай
Бөлісу: