Генерал-майор Юрий Курматов  

29 Қыркүйек 2017, 14:59 7436

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Өмірбаян беттерінен

1946 жылы 4 қазанда Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 1968 жылы Ташкент танк командалық училищесін, 1978 жылы Рыбалко атындағы Бронетанк әскерлерінің әскери академиясын бітірген. Одесса, Прибалтика әскери округтерінде, Германиядағы Кеңес әскерлері тобында қызмет еткен. Офицерлік қызметін танк взводы командирінен бастаған. Рота, батальон буындарынан толықтай өткен. Полк командирі, мотоатқыштар құрамасы және оқу-танк құрамасының командирі болған. Қазақстан әскерінде Жауынгерлік дайындық басқармасының алғашқы бастығы болған. Әскерлердің жауынгерлік дайындығы тақырыбын дамытуға үлес қосқан офицер бірқатар мемлекеттік наградалармен марапатталған.

***

Кеңес әскері туралы сөз қозғап, естелікке ерік берсем сары сағынышқа, өткенді аңсауға бой ұрғандай болып көрінуім мүмкін. Жоқ, ешқандай да ностальгия жоқ. Тек көзге оттай басылып тұрған жайттарды айналып өте алмаймын. Идеология бөлек болды ма, жоқ әлде құндылықтар басқа болды ма, әйетуір Совет Армиясы офицерінің болмысы біртүрлі бөлектеніп тұрады. Бұны Совет Армиясының сержанты ретінде мәлімдей аламын. Генералдарына қатысты әңгіме тіпті бөлек. Қайсыбір тұстарда, генерал атағын беру кезінде міндетті түрде бойы, салмағы тәрізді өлшемдерге бірінші кезекте мән бергендей. Генерал Курматов та сондай батыр тұлғалы болды. Жүзі қандай өткір. Көзіне тік қарап сөйлесу қиынға соғатын.

«Қазақстан сарбазы»-«Воин Казахстан» газетінің алғашқы сандарының бірінде әскерлердегі жаңа жауынерлік оқу-жаттығу жылының басталуына орай көлемді сұхбат жарияланды. Сұхбат берген Қорғаныс министрлігі Жауынлегрік дайындық басқармасының бастығы болды. Сұхбат алған менің тікелей бастығым, тәжірибелі журналист 2-рангалы капитан Шәміл Хайруллин еді. Шәміл Кәмілұлы мені үйренсін дегені болар, материал жазылып, газет бетінде жарық көргенше қасынан тастамады. Тіпті, ең соңында газеттің 2-3 данасын апарып та бердім. Жауынгерлік дайындық тақырыбына қатысты айтқандары өте бағалы. Бүгінгі күнге дейіңн өзекті. 1993 жылғы қарашадағы газеттің тігіндісінен сол сұхбатты тауып оқуға болады.

Генералдың қысқа да нұқса, әр ойын шегелеп жеткізу мәнері тәнті етті. Бастысы, сөйлемінде «су» жоқ, әскери жарғы тілінің құдыреттілігімен таныстырды. Сол бір қиын тұста «жауынгерлік дайындық» деген түсініктің астарына кеңінен үңілуге бағыт берген Юрий Шамильевич еді. Қарулы Күштер – егін салатын дихан, көмір қазатын шахтер немесе шортан аулайтын балықшы емес, ол – Отан күзетінде тұрған қарулы қорғаушы. Кейін, соңынан, ертең деген түсініктер әскер үшін жат, ондай анықтауыштар әскер лексиконында жоқ деген пікірлерін қалай ұмытуға болады. Енді ғана бой көтеріп келе жатқан әскерлің жауынгерлік дайындық тізгінін ұстаған осындай тәжірибелі генералға айтарымыз тек алғыс болуы керек.

Кейіннен мен де сұхбат алуға тырыстым. Ештеңе өнбеді. Құрметті демалысқа кетіп жатты. «Сен қазақша жазасың, мені түсінбегендіктен қашып отыр деме, бастысы, әскер түсінетін әскери тілмен жазсаң болғаны», - деп жылы шығарып салған болатын.

Бөлісу: