Генерал-майор Марат Нұғыманов

29 Қыркүйек 2017, 14:21 5522

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Өмірбаян беттерінен

1948 жылы 7-ші мамырда Көкшетау облысында дүниеге келген. 1971 жылы жоғары жалпыәскери командалық әскери-саяси училищені, 1987 жылы Калининград мемлекеттік университетін бітірген. Әскери қызметін түрлі саяси лауазыммен жалғастырған. Прибалтика әскери округінде бақылау комиссиясының төрағасы болған. Алматы жоғары жалпыәскери командалық училище бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, Жалпы мақсаттағы күштер, кейіннен Құрлықтағы әскерлер бас қолбасшыларының орынбасары және орталық аппаратта Тәрбие және әлеуметтік-құқықтың жұмыстары жөніндегі департамент бастығы лауазымдарын атқарған. ІІІ дәрежелі «За службу Родине в ВС СССР» орденімен және бірқатар медальдармен марапатталған. 2 баланың әкесі.

***

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық баспасөз орғаны «Қазақстан сарбазы»-«Воин Казахстана» газеті тұп-тура 15 жыл, 15 күн өмір сүрді. 1992 жылдың 16 желтоқсанынан 2007 жылдың 31 желтоқсанына дейін. Осы жылдар бойы басылымға Орталық аппаратта тікелей басшылықты Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі басқарма (кейіннен Департамент) жүргізді. Жалпақ тілмен айтқанда, «әкеміз де, көкеміз де» осы құрылым болды. Қызмет бабымен үздіксіз араласқандықтан, басқарма офицерлерін, әсіресе басшыларын өте жақсы білдік.

Осы 15 жыл ішінде аталған ұжымның басшылығында 7 офицер болған екен. Әрине барлығы да арнайы білім алып, тәрбие жұмысының жілігін шағып, майын ішкен өз ісінің хас шеберлері еді. Қалай болғанда да, әскердегі тәрбие ісін ілгерілетуге өз үлестерін қосқаны басы ашық әңгіме. Десе де, осы тізімде генерал Нұғымановты айрықша тұғырға қондырар едім. Мінезі үшін. Нағыз ақсүйек дерсің. Бірқалыпты, сабырлы мінезі, кең дүниетанымы, сөйлеу мәнері адамды еріксіз баурап алады. Ұлы мұраттарды аңсаған, соған бастаған «Алаш Орда» партиясын құрған қазақ зиялыларын көз алдыма елестетеді. Адамның ішкі дүниесін танып-білу үшін, оның қатты ашуланған сәтіндегі әрекетін байқау керек. Рас, әскердің тыныс-тірлігі басқалармен салыстырғанда шамалы өзгешелеу. Әсіресе, Совет әскерінен қалған боқауыз айтып сөйлесу мәнері сол ерекшеліктердің бірінен саналады. Қайсыбір командирлердің боқтығы «айналайын» дегенімен пара-пар болып кетеді. Міне, Марат Серәліұлының әбден ашу қысып, қатты ызаланғанда айтатын ең ауыр сөзі «бляха-муха» болатын. Тәрбиеші-офицерлерді адам жанының инженерлері деп біледі. Генералды сарбаз жүрегіне тура жол таба алатын сол инженерлердің бригадирі деп білемін.

Алматыда генералмен бір үйде көрші тұрдық. Анда-санда аулада кездесіп қалатынбыз. Ол кісі қоларбадағы сәбимен серуендеуге шығатын. Газеттің жай-күйін сұрайды, училищедегі жаңалықтармен бөлісеміз дегендей. Кездесуіміз негізінен демалыс күндері немесе кешкі уақытта болғандықтан көбіне аузымнан сыраның иісі мүңкіп тұратын. Жасыратыны жоқ, кейде бір шамамызды бағамдай алмай қалған күндері даусымыз жарқын- жарқын шығып, «ақыл айтып» кеткен сәттер де болып тұрды. Бір күні «ВСПР-ға полковник Нұғыманов тағайындалыпты» деген жаңалықты естігенде, жеткен жерім осы шығар деп ойлағаным рас. Кейіннен ойлап қарасам, ол уақытта генералды мүлдем білмейді екенмін.

Бөлісу: