Генерал-майор Алмас Әбділманов

1 Қазан 2017, 10:15 4113

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Өмірбаян беттерінен

1956 жылы 22 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. 1977 жылы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін, 1989 жылы Фрунзе атындағы Әскери академияны, 2001 жылы РФ ҚК Бас штабы әскери академиясын бітірген. Орта Азия әскери округінде, Германиядағы Кеңес әскерлері тобында взвод командирінен бастап полк командирінің орынбасары қызметіне дейінгі лауазымдардың барлығынан өткен. Орталық аппаратта Жедел жоспарлау департаментінде басқарма бастығы, Шығыс әскери округінде штаб бастығының орынбасары, оперативті басқарма бастығы, ҚР Үкіметі кеңсесінде бөлім меңгерушісінің орынбасары, ҚМ ШБК Жедел жоспарлау департаментінің бастығы лауазымдарын атқарған. Бірқатар мемлекеттік наградалармен марапатталған. 3 баланың әкесі. 2007 жылы мезгілсіз көз жұмды.

***

Әнұран – құдыретті күш. Мемлекеттің нышаны ғана емес, халықты жұмылдыратын, топтастыратын, ұлы жеңістерге бастайтын, патриоттық рух беретін құдыретті күш. Францияның әнұраны «Марсельеза» бір ғана халықтың емес, теңдікті аңсаған адамзаттың да әнұраны болған. Екі ғасырдан астам тарихында бұл әннің тағдыры талай саяси, әлеуметтік төңкерістермен толықсыды. Авторы, француз әскерінің офицері Клод Роже бұл шығарманы бір түнде жазып шыққан. Ең бастысы, офицер осыған дейін бір шумақ та өлең жазбаған. Музыкадан тіпті де хабары болмаған. Әскердің рухын көтеруге келгенде қандай шабыт қысқан десеңізші. Себебі, туынды әскерлер маршы ретінде жазылған. Бейбіт күндері болса да, сол бір тебіреністі сезімді генерал Әбділмановтың қараған жүзінен, сөйлеген сөзінен байқадым.

2007 жылы жазда Ресей Федерациясы Челябинск облысының аумағында орналасқан Чебаркуль әскери полигонында халықаралық үлкен әскери жаттығу ойындары өтті. Қазақстандық әскери делегацияның басшылық құрамында генерал да болды. Қалыптасқан дәстүрден жаңылмай, әскерлеріміз жоғары табыстарға қол жеткізді. Генерал, барша қазақстандықтардан бір ғана жауынгерлік дайындық тұрғысында емес, барлық бағыт бойынша басқалардан көш ілгері болуын талап етті. Шараның салтанатты ашылуы және ресми жабылуы рәсімдері барысында мемлекеттік байрағымыз көтеріліп, әнұран орындалды. Әнұранның жаңа мәтіні енді ғана қабылданған тұс. Барлығының мәтінді жатқа білуін және әскерге тән зор дауыспен шырқалуын талап етті. Ерінбей генералдың өзі «емтихан» қабылдады. Шыны керек, бұл тұста да жерлестеріміз басқалардан озық болып ерекшеленді. Генералдың талабы.

Бұл іссапарым әскери тілші ретіндегі ең соңғысы еді. Төл әскерімнің қалыптасуын, дамуын тарих етіп жазуға аянбай үлес қосқан «Қазақстан сарбазы»-«Воин Казахстана» газетін жабу туралы шешім шыққан екен. Сонымен қатар, бұл іссапарым генералмен соңғы рет кездескенім екен. Елінің, жерінің патриот азаматы араға шамалы уақыт салып дүниеден озды.

Астанада ескек есу арнасы деген жер бар. Есілге құятын шағын өзен. Қыста теп-тегіс мұз болып қатады. Шартты түрде әскерилердің тұрғын қалашығынан алыс емес. Жексенбі күндері, сол жерде коньки теуіп жүрген Алмас Кәкімтайұлын жиі көретінмін. «Неге коньки теппейсің, денсаулыққа пайдалы, бір сәт бойыңды тынықтыр», - деп салауатты өмір салтын құруға шақыратын. Сәтін салмады...

Бөлісу: