Генерал-майор Александр Безюкевич

30 Қыркүйек 2017, 15:17 3671

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Өмірбаян беттерінен

1951 жылы 25 тамызда дүниеге келген. Қарулы Күштер сапында 1968 жылдан бері. Қиыр Шығыс, Түркістан және Орта Азия әскери округтерінде мотоатқыштар взводы командирінен құрама командирінің орынбасары қызметіне дейінгі аралықтағы барлық лауазымдардан өткен. Қазақстан әскерінің алғашқы жылдарында Қорғаныс министрлігі кіші мамандарды дайындау оқу орталығының командирі болған. 1993 жылы Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің сапына ауысып, бірталай жоғары лауазымдар атқарған. Кеңес әскерінің бірқатар наградаларымен марапатталған.

***

Кеңес әскерінде ойластырылмаған мәселе жоқ десе де болады. Идеология бағыты алдыңғы қатарға қойлыған. Газетті ұжымдық ұйымдастырушы деп қабылдаған. Жалпы, баспасөзге көңіл ерекше бөлінген еді. Әскери журналистерді Львов жоғары әскери-саяси училищесі дайындаған. Бүкіл Совет Армиясы мен Әскери теңіз флотына. Идеологиялық майдан жауынгерлерінің өсу жолы да әбден пысықталған. Жас лейтенанттар дивизиялық газетке, ол жерден оза шапқандары – армиялық, ол жерден үздік көрінгендері округтік газетке көтерілген. Таланттары бас әскери «Красная звездаға» жолдама алған. Бұл басылымның бас редакторы генерал дәрежесінде болғаны көп жайды аңғартса керек. Сондықтан да, дивизиялық газетті әскери журналистің тал бесігі деп қарастыруға толық негіз бар. Бірақ, бұл басылымдар гарнизоннан шығарылмайтын «жабық» газеттер болды. Ол түсінікті де. Жау барлаушылары, тыңшылары газеттің санымен-ақ дивизиялардың санын анықтап алады ғой. Қазақстан жерінде ондай газеттердің саны 3 болған. Дивизиялар санына сәйкес. Солардың бірі Гвардейский гарнизонында орналасқан болатын. Алғашқы жылдары бұл – генерал Безюкевич болды.

Отарға іссапармен барғанда қонақүйге емес, «Гвардейская слава» газетінің редакциясына тоқтағанды жөн санайтынмын. Генерал «газет бояуының иісі дәмдірек қой» деп күлетін. Әділін айту керек, генерал газеттің баспаханасын соңғы мүмкіндігіне дейін пайдаланды. Басқа дивизияларда орын да қалмаған тұста аталмыш баспахана ескертпе, құлаққағыс, үндеме тәрізді шағын форматтағы өнімдері шығарып тұрды. Линотип тәрізді машинадан өнім шығару оңай шаруа емес. Компьютер заманы дендеп кірген тұста қорғасынмен үнқағаздар басып шығару – танкіге аша-айбалтамен қарсы шыққандай әсер қалдырады. Генералдың баспа ісінен хабары бар екенін білгенде қайран қалғанмын.

Александр Павлович әскери журналистерге оң қарады. Дивизияның ғана емес, жалпы әскердің болашағына қатысты ойларын айтқан еді. Рас, ертеңгі күнге деген сенімнен, гөрі күдікпен қарайтынын жасырмайтын. Бұған қарап, міндетіне атүсті қарады деуден аулақпын. Сол тұста басшылар жауапты міндет жүктесе, сеніп тапсырғаны ғой. Не дегенмен, Гвардейский гарнизоны – бүкіл бір армияның кіші мамандарын даярлайтын оқу орталығы болғанын ұмытпайық.

Бөлісу: