Генерал-майор Әділбек Алдабергенов

1 Қазан 2017, 11:46 6086

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Өмірбаян беттерінен

1961 жылы 6 ақпанда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Кеңес әскері сапында мерзімді қызметте болған. 1984 жылы Рязань жоғары әскери-десант училищесін, 1996 жылы Фрунзе атындағы әскери академияны бітірген. Ауғанстан жерінде интернационалдық борышын өтеген. Әуе-десант әскерлерінде взвод командирінен бастап барлық қызметтерден өткен. Арнайы мақсаттагы жасақтарда қызмет еткен. Бригада командирі, Ұтқыр үштердің штаб бастығы, Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары, «Шығыс» және «Батыс» өңірлік қолбасшылықтарда штаб бастығы, 14776 әскери бөлімнің командирі болған. Аэроұтқыр әскерлерінің қолбасшысы. «Красная звезда» ордені және бірқатар медальдармен марапатталған. 2 баланың әкесі.

***

Әділін айту керек, Кеңес заманында идеология құралдары мен өніміне басты назар бөлінді. Жазылар кітапқа, шырқалар әнге, түсірілер фильмге қойылатын талап біреу болған. Социалистік реализмді көрсете отырып, патриоттық тәрбие беру. Қай салада болсын, қандай жұмыс атқарсын, совет адамы басқалардан бір бас жоғары тұрып, бір қадам алда жүруі керек еді. СССР-да туып, білім алған азамат ретінде мәлімдеймін, бұл істе совет идеологтары алдына жан салмады. Мектеп қабырғасында жүрген кезімде Кеңес экрандарына «В зоне особого внимания» деген фильм шықты. Басты рөлдердің бірін сомдаған актер Михай Волонтир арқылы мыңдаған жасөспірім балалар ВДВ-ның қандай күш екенін көріп десантшы болуды армандады. Талайы осы арман жетегінде өмір жолын тапты. Десантшы – ержүрек, батыл, сөздің емес істің адамы. Және десантшы мұртты болуы керек. Кинодан алған әсер осы. Сондай қатты әсер алған мыңдаған бозбалалардың бірі – генерал Алдабергенов те болса керек деп топшылаймын.

Десантшылар бригадасының штаб бастығы болған кезден білемін. Ержүрек, батыл, сөздің емес істің адамы екені бірден байқалған. Десантшыға тән мұрты бұл байқауымды толықтырып, айғақтап тұрды. Ауған жерінде интернационалдық борышын абыроймен өтеп келгенін кейінірек білдім. «Сарбаздарым-сарбаздарым» деп безек болып, өзі жайлы тіс жарып айтпаса не істейін. Әрине, бұл ақтау бола алмайды. Сөйлемеген ол емес, сөйлете алмаған мен кінәлі шығармын. Кейінгі жылдары суреттеме жазамын деген оймен оқталып, 3-4 рет жолықтым. Бәрі нәтижесіз болды. Азаматтық БАҚ-тан қызығушылық танытқан әріптестерімді жібердім, нәтиже өзгеріссіз қалды. «Мені қайтесіңдер, жазуға лайық офицерлер толып жатыр ғой», - деп жылы жымияды да қояды.

Бұл оқиғаның басы-қасында болғаным жоқ. Болған, сенуге тұрарлық офицерлерден естігенім. 2000 жылдар. Әділбек Қалибекұлы бірер досымен (десантшылар деп ойлаймын) мейрамханалардың бірінде көңіл көтеріп, мәдени түрде дем алып отырады. Көршілес отырған азаматтармен болмашы нәрсеге келіспей қалады. Намыстанған жігіттер жұдырықтасады. Қазіргі жастардың тілімен айтқанда қарсыластарды «сындырып» тастайды. Ең қызығы, қарсыластардың саны көп болған және олар да белгілі арнайы мақсаттағы жасақ мүшелері екен. Әрине, бұзақылықты дәріптемеймін, бірақ жігіт ретінде десантшылар үшін орнымнан тұрып, шапалақ ұрамын.

Танымал сыған – Будулайды сомдаған актердің мықтылығы кинода, генералдыкі боямасыз өмірде.

Бөлісу: