Өмірбаян беттерінен
1955 жылы 13 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. 1977 жылы Челябинск жоғары танк командалық әскери училищесін, 1990 жылы Бронетанк әскерлерінің Әскери академиясын бітірген. Әскери қызметін танк взводының командирінен бастаған. Рота, батальон командирі болған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары танк полкінің тізгінін ұстаған. Армиялық корпустың штаб бастығы болған. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымын абыроймен атқарды. «Шығыс» өңірлік қолбасшылық әскерлерінің қолбасшысы болды. «Даққ» орденімен жэне бірқатар медальдармен марапатталған. 2 баланың әкесі.
***
Адамды танып білгің келсе, таққа отырғызып, билік тізгінін ұстат дейді. Рас, көптеген азаматтар жоғары лауазымға отырғанда танымай кетпесе де, мұрынын жоғары көтеріп, көзінің астымен қарайтын әдет шығарады. Көбісі бұл жағдайды асқан жауапкершілікпен түсіндіруге тырысады. Мүмкін дұрыс та шығар. Үлкен бастық болып көргенім жоқ. Жеті атамнан бері. Бәріміз пендеміз ғой, ғажайыптан шікірейген бастық болып кетсек мүмкін біз дағы... Генерал Поспелов ондай жан емес деп айқайлап айта аламын. Қандай биік қызметке көтерілсе де, адал да қарапайым азаматтық тұлғасынан айырылған жоқ. Астана көшелерінде жүріп келе жатып, жол жүру ережесін бұздым. Өрескел бұздым. Ең қатал жаза қолданса да әділ болар еді. Дәл сол тұстағы жағдай белгілі ғой. МАИ инспекторына енді қайталанбайды деп, ант-су ішіп жатырмын, жалынып-жалпақтап, кешірім сұрап жатырмын. Дүйсен есімді полиция капитаны үстімдегі әскери формаға қарап, жөн сұрасты. Бір оқиғасын айтып берді. Мерзімді қызметін Ақтоғайда өтепті. Бұйрығын күтіп жүргенде бөлімде төтенше оқиға орын алады. Қоймадан оншақты бушлат ұрланады. Күдіктілер қатарына бірінші болып «дембельдер» ілігеді. Арасында Дүйсен де бар екен. Бөлім командирі полковник Поспелов болмағанда «дембельдердің» тағдыры не болар еді, кім білсін. Істің анық-қанығына жету үшін, шынайы кінәлілерді анықтау үшін командирдің қосқан үлесі айрықша деп, ойын түйіндеді инспектор. Білмеймін, генералдың көмегі ме, жоқ басқа ма, таңданысыма қарай жеңіл құтылдым. Генералға іштей алғысымды айттым. Правадан қағылар едім.
Сарышаған полигонында әскерлердің кешенді жаттығу ойындары өтіп жатыр. Тігілген шатырлы қалашық тіпті үлкен. Бұндай іссапарда жүргенде жағдайды пайдаланып, мүмкіндігінше мол фактура жинау, әскери журналистің асыл парызы. Аспаз, фельдшер тәрізді үлкен шараларда еңбегі көріне бермейтін жандардың қызметін көрсету керек. Сондай бір кейіпкерде ұзақ отырып қалыппын. Жасыратыны жоқ, медициналық спирттен де дәмін көріп, шамасын бағаладық. Түнгі 11-лер шамасы. Жауын шелектеп құйып тұрғандай. Тоқтаған шатырымнан адасып қалдым. Бәрі бірдей. «Плащ-накидка» жамылып тұрған «дневальныйдың» арқасынан қағып, жөн сұрамақ болдым. Сұрағымның жартысынан тоқтадым, алдымда генерал тұрды. Онсыз да күрмеліп тұрған тілім мүлдем байланды. Таныды, бәрін білді, бәрін сезді. Тіпті, сұқ саусағын сілкілеп, жаман көзімен қарағандай болды. Іссапарым аяқталғанша қызмет бабымен 2-3 рет жолықтым. Қайталаушы болма дегендей ишарат танытты. Министрдің орынбасары. Дүйсеннің құрметтейтіндей жөні бар. Николай Николаевич – нағыз генерал, басқа теңеу аздық етеді.