Генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев

29 Қыркүйек 2017, 15:36 6104

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Өмірбаян беттерінен

1952 жылы 25 шілдеде Жамбыл облысында дүниеге келген. Халық Қаһарманы. 1973 жылы Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесін, 1985 жылы Фрунзе атындағы әскери академияны, 1996 жылы РФ ҚК Бас штабы әскери академиясын бітірген. Орта Азия, Түркістан әскери округтерінде, Германиядағы Кеңес әскерлері тобында түрлі командалық қызметтерді абыроймен атқарған. Ауғанстан жерінде интернационалдық борышын өтеген. Тәуелсіздік алған жылдары Мемлекеттік Қорғаныс комитетіндеқызмет етті. Кейіннен құрама, армиялық корпус тізгінінұстады. Қарулы Күштер Бас штабының бастығы, Шығыс әскери округі әскерлерінің қолбасшысы, ҚР ҚК Әскери академиясы бастығы міндеттерін атқарды. «Даңқ», «Красная звезда» ордендері, бірқатар медальдармен марапатталған.

***

Генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевты шын мәнінде халқымыздың мақтанышы деуге болады. Ол кісінің жүріп өткен өмірлік жолы кімге болса да үлгі боларлық. Ауған жерінде интернационалдық борышын адал атқарған офицер, төл әскеріміздің іргетасын қаласқан тарихи тұлға, Халық Қаһарманы атанған батыр генерал жайында жазылған мақала-очерктер, түсірілген деректі фильмдер осы сөзіміздің айғағы. Досым, әрі әріптесім майор Марат Жүнісбек тіпті тартымды кітап та жазды. Десе де, көпшілік біле бермейтін бір жайтпен бөліскім келеді.

Тоқсаныншы жылдардың ортасы. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қалың жұртшылыққа таныла бастаған бірер ғана қазақ генералдарының арасында дивизия командирі генерал Ертаев та болған. Танысым, Шығыс Қазақстан облысы, Жаңғызтөбе станциясының тумасы, Асқар Бейсембаев теледидардан генералды көріп қалып, мынадай әңгіме айтып берді.

«Совет Армиясы сапындағы мерзімді қызметімді Германияда өткердім. Одақтың шаңырағы шайқалып тұрған тұсы, тәртіп мәселесі сын көтермейді. Жас сарбаздар үшін жарғы талаптарына қайшы әрекет жасап, жас өмірін қор етіп алу қаупі жоғары болды. Солардың қатарында мен де болдым. Сол тұста біздің бақытымызға қарай, көрші полктің командирі осы кісі болды.Тәртіп бұзып, «қара тізімге» іліккен барлыққазақ баласын панасына алған осы офицер еді. Әрине,біздің намысты қолдан бермейтін, ержүрек елдің ұрпағы екеніміз, адал қызмет етіп, абырой шыңына шыға алатын қасиеттеріміздің бар екенін қайталаудан жалықпайтын. Қазақ емес, барша Орта Азия репсубликаларынан шақырылған қара көздерге қамқор бола білді. Ертаевтың офицерлер арасында абыройы өте жоғары болды. Ол кісінінің беделі жоғары болғаны соншалық, тіпті, саптың артқы жағында тұрып, темекі де тарта беретін», - деген еді.

Бір сәтін салғанда Бақытжан Ертайұлына осы әңгімені айтып беріп, мәселенің анық-қанығын өз аузымен естігім келді. Генерал сол жылдарды сағынышпен еске алғандай үнсіздіктен кейін «сен не, мені сапта тұрып темекі тартып тәртіп бұзды дегің келе ме, ондай болған емес» деді. Шамалы уақыттан кейін «кім білсін, небір жағдаяттар болды ғой, бәрі бірдей есте қалсын ба?» деп жымиды. Генералдың тік мінезділігін жақсы білемін. Сондықтан, Жаңғызтөбелік азаматтың Совет Армиясына қатысты айтқан әңгімесіне толық сенемін.

Бөлісу: