Генерал Бақытжан Ертаев: Тасмағамбетовтің алдында ұятқа қалдым

18 Қаңтар, 10:00 5558

Әскерге шақыру кезінде денсаулығында аздаған кінәраты барларға қарамау керек. Генерал Бақытжан Ертаев майтабандар мен аласа бойлы жігіттерге мүмкіндік беру керек дейді.

El.kz тілшісі соңғы кездері жиі сынға ұшырап жүрген еліміздің әскеріне қатысты Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевпен сұхбаттасты.

 

Әскерге бармаған жігіттерге қыздар да қарамайтын

El.kz: Мемлекет басшысы Қаңтар оқиғасынан кейін әскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудырмайды және Отанға қызмет етудің белгісі саналмайтын болды деп айтты. Бұған генерал ретінде не айтасыз?

Бақытжан Ертаев: Отан алдындағы борышты орындау — әр азаматтың парызы. Егер қаңтардағы лаңкестердің бәрі отан алдында ант бергенінде мынадай жағдай болмас еді. Тіпті әскерге бармаған азаматтың өзі отан алдында ант беру керек. Балалыққа бір бағамдап қарасам, бұрын ағамыз әскери борышын өтеп келе жатыр дегенді естігенде топырақ жолды кешіп, соған қарай жүгіретінбіз. Ол кезде әскердің қуатын, құдіретін түсінетінбіз. Мектеп жасынан бастап, сондай тәрбие болды. Аталарымыз: "Етің отанда, сүйегің бізде" дейді. Әскерге бармаған жігіттерге қыздар қарамайтын. Қазір жағдай өзгеріп кетті. Сондықтан әр баланы тәй-тәй басқанынан бастап, отансүйгіштікке тәрбиелеуіміз керек.

El.kz: Тәй-тәй басқанынан отансүйгіштікке үйрету керек деп отырсыз. Жалпыға топырақ шашудан аулақпыз, дегенімен баласын әскерге жібергісі келмейтін ата-аналар қатары бар ғой...?

Бақытжан Ертаев: Иә, дұрыс айтасыз. Бұрын Украинада, Кубада, Германияда өтейтін. Қазір бар сарбаз өз елінде қызмет етеді. Өзі Тараздың тумасы болса, Луговойда әскери борышын өтейтін болса, "Ойбай, баламды Таразға аударып беріңіз" дейтіндер бар. Бұл дұрыс емес.

 

Қазір сарбаздардың парадтық киімі бар ма? Жоқ. Жол-жөнекей өзі бірдеңе тігіп алады. Сонымен жүреді. Клоун ба, солдат па ажырата алмайсың. Осыған да мән бермейміз. Дивизия командирі, штаб жетекшісі болғанымда да айтқанмын. Әрбір генерал сарбазды баласындай тәрбиелесе, үйретсе, сол кезде сарбаз да оған құрметпен қарайды.

Әскер сапы толық келісімшартпен қызмет ететіндерден тұрмауы тиіс

El.kz: Келісімшартпен алынатын әскери қызметкерлерге қатысты дау көп. Осы қаншалықты дұрыс, келісімшарт деген?

Бақытжан Ертаев: Бұл мәселені талай айтқанмын. Менің сөзім жетпей жатыр ма, білмеймін. Әскердің түгел келісім-шартпен қамтуға болмайды. 100 пайыз келісім-шартпен алуға қарсы тұрғанмын. Иә, ондайлар керек. Заман өзгеріп жатыр, компьютер бар. Бірақ үлесі көп болмауы тиіс. Егер бәрі келісімшартпен істейтіндер болса, отанды кім қорғайды?

Әскердегі сарбазды сыйлауға, тәрбиелеуге бәріміз міндеттіміз. Қазір біздің әскер Бәукеңнің (Бауыржан Момышұлы) сөзін білмейді. «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деген сөзден мектеп оқушылары бейхабар.

El.kz: Былтыр әскерге шақырылған 215 мың 105 адамның 85 пайызы отан алдындағы борышынан өтеуден босатылған. Өйткені көбінің денсаулығында кінәрат болса керек....

Бақытжан Ертаев: Майтабан және мен секілді бойы кішкентайларды алмайды. Сосын олар базардағы жұмысшылардың қатарын толықтырады. Оған қарамау керек. Әскерге жаппай алу қажет. Бұрын құрылыс батольондары бар еді. Соған жегілетін. Мамандық алып, тіпті көбі үйіне оралғанда сыйлықпен келетін. Тағы айтамын, егер де әр бала отан алдында ант бергенінде, өткендегідей жағдай болмас еді. Ал антты бұзып жатса, жазалау қажет. Бұл жалғыз менің ғана пікірім емес.

 

Тасмағамбетовтің алдында ұялдым

El.kz: Соңғы кездері генералдарымызға сын көп, арасында жемқорлықпен ұсталып жатқаны бар, басқасы бар. Әлсіреп кетті деуге бола ма?

Бақытжан Ертаев: Генералдар таққан погоны мен киген киімімен мақтанбау керек. Өзінің шеберлігімен үлгі болу тиіс. Марқұм Сағадат Нұрмағамбетов Орталық Азия әскери округы бастығының орынбасары болғанда мен курсант едім. Сонда осы кісі секілді генерал, қаһарман болсам екен деп армандағанмын. Кейін ол армандарым орындалды. Мен әкесіз өстім. Көрші баласын ұрып жатса, жылайтынмын. Шешем «сені ұрып жатқан жоқ, неге жылайсың?» деп сұарйтын. Мен әкем болмағаны үшін жылайтынмын. Генерал өзінің сарбаз сыйлауымен, өзінің адалдығымен, шеберлігімен үлгі болуы керек. Германияда полк басқардым. Үлкен полк еді. Егер нысананы 4 немесе 3-ке атсам, онда қандай командирмін деп айтатынмын? Яғни командир өзгелерге үлгі болғанда ғана сөзін тыңдата алады.

 

Иманғали Тасмағамбетов Қорғаныс министрі болып тұрғанда, Қапшғайға бардық. Сол кезде ол кісінің алдында ұялғанмын. Өйткені министр келгенде десантшылар БТР-мен көздеген нысанаға тигізе алмай әлек болды. олардың арасында генералдар да жүр. Бұл не деген сұмдық? Бұны осыған дейін жасырып келдік. Соның зардабын тартып жүрміз.

Тоғыз ай министр де болғанмын. Бас штабты да басқардым. Взвод командирі, академия басшысы да болдым. Соған қарамастан осы күні ардагерлерді сыйлайтындар азайды. Көргенде «ассалаумағелейкум»" деп айтуға жарамайды. Әскери бөлімдерге барып қалсаң, қақпасын жауып қояды. Ақсақалдардан ақыл сұрауға болады ғой. Осының бәріне қатысты бір жиын болуы тиіс.

El.kz: Осы ретте мұны шешудің жолы қандай?

Бақытжан Ертаев: Бәрі шындықты айтудан қорқады. Командир таққа таласпайды. Командир тақты қорғауы керек. Батырдың міндеті тақты қорғау. Депутат болып жүргенімде "Қаһармандар институтын" құрайық деп айтқанмын. Кезінде әуежайға барғанда "Кеңес одағының батырлары" кезексіз кіреді деп жазылып тұратын. Қазір кезек бермек тұрмақ, итеріп жібереді. Содан кейін қандай патриоттық тәрбие болмақ? Ресейде қаһармандардың ауылына тірі кезінде бюстке дейін қойылады.

 

Арабтар секілді қазба байлықтың 10 пайызын жастарға беру керек

El.kz: 30 жылда бұл салада талай қателік кеткені жасырын емес. Енді «Жаңа Қазақстан» құрамыз деп жатыр. Әскери салаға қандай өзгеріс керек?

Бақытжан Ертаев: Тарихсыз ел болмайды. Біздің терең тарихымыз бар. Кең байтақ жерімізді алып берді. Егемендікті мәңгілік сақтау – бәріміздің парызымыз. Мұнай және басқа да байлықтарымыз жастарда болу керек. Арабтар секілді қазба байлықтардың 10 пайыз үлесін жастарға беріп тұруымыз қажет. Сонда жастарымыз – өздерінің қорғауы тиіс отаны бар екенін сезінеді.

 

«Жаңа Қазақстан» дегенде құр айғай қажет емес. Тек тілмен жаққа сүйеніп, "патриотпын" деп сайрап жүргендер көп. Мысалы, бір ауған соғысына қатысқан жігітті білемін. Өтірік өлеңдерін оқып жүр. Біз елдің қожасымыз, біз елдің мырзасымыз. Мырзалығымызды ұмытпайық.

 

Қорғаныс министрлігін әйел адам да басқара алады

El.kz: Қорғаныс министрлігін әскерге қатысы жоқ Даниал Ахметов, Серік Ахметов, Иманғали Тасмағамбетов басқарды. Бұған көзқарасыңыз қалай?

Бақытжан Ертаев: Бұл дау талай болды. Әйел де Қорғаныс министрі бола алады. Тек әскерді жаңа техникамен қамтамасыз етіп, экономикалық жағдайды жақсартса болғаны.

Ал негізгі күш Бас штабқа түседі. Түркияда барлығын Бас штаб басқарады. Стратегия Бас штабтың қолында. Министрлер ауыса береді. Бізде Бас штабқа ондай көп мүмкіндік берілмеген.

Өмірбаян: 

Бақытжан Ертаев 1952 жылы Жамбыл облысы Жуалы ауданы Кеңес ауылында туған. 1973 жылы Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесін бітірген. 1985 жылы М.В. Фрунзе атындағы Әскери академиясының бітірген. 1997-2000 жылдар аралығында – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы қүштерінің штаб басшысы, одан кейін Бас штабының басшысы. 1999 жылдың тамызынан бастап 13 қазанына дейін Мұхтар Алтынбаевтың отставкаға кетуіне байланысты ҚР Қорғаныс министрінің міндетін атқарды. 2012-2016 жылдар аралығында Мәжіліс депутаты болған.

Алмас Абылай
Бөлісу: