Гендерлік теңдік, зорлық-зомбылық. Орталық Азия әйелдерінің құқығы қалай қорғалып жүр?

22 Маусым 2023, 14:13 1733

Биыл Қазақстан Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогына төрағалық етуді бастады. Бұл диалог алаңы арқылы бес ел әйелдердің құқықтарын қорғап, олардың мүмкіндерін кеңейту мақсатында бірлесе жұмыс істейді. Жалпы Орталық Азия елдерінде әйелдердің құқықтары қалай сақталады? El.kz ақпарат агенттігі осы мәселеге үңіліп көрген еді.

Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы – өңірдегі әйел парламентшілері арасындағы ынтымақтастықты дамыту мен нығайтудың өзекті мәселелерін талқылауға арналған бейресми алаң.

Диалог 2020 жылғы желтоқсанында ресми түрде өз жұмысын бастап, оған 2021 жылы Өзбекстан және 2022 жылы Түрікменстан төрағалық етті. Диалог БҰҰ-ның Орталық Азия үшін превентивтік дипломатия жөніндегі өңірлік орталығы (ОАПДӨО), БҰҰ Даму Бағдарламасының (БҰҰДБ) және «БҰҰ-әйелдер» құрылымының қолдауымен құрылғанын еске сала кетейік.

Биылғы отырыс «Инновациялар мен технологияларды дамытудағы әйелдердің рөлі» тақырыбында елордада өтті.

Қазақстан әйелдердің құқығын кеңейтуге қалай көмектеседі?

Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Дания Еспаева елордада өткен Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогында еліміз төрағалық ететін жылы қандай іс-шаралар өткізетінін айтты.

Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы - мемлекеттік секторда, бизнесте, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғамда, заманауи даму үрдісінде, жалпы айтқанда, барлық салада әйелдердің белсенділігін арттыруға және гендерлік саясат саласындағы ауқымды мәселелерді талқылап, олардың шешімін табуға арналған халықаралық алаң.

Зерттеулер бойынша цифрлық технологиялар демократиялық процестерді ілгерілету, бәсекеге қабілеттілікті арттыруда маңызды рөл атқарады.

Диалогтың қызметі Орталық Азиядағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталады. Өзбекстан мен Түркіменстан төрағалық кезінде қабылданған бағыттар еліміздің де күн тәртібінде болады. Сонымен қатар Қазақстан төрағалығының жоспарында инновациялық технологияларды, бейбітшілік және қауіпсіздік, гендердік теңдік және зорлық-зомбылық, әйелдер құқықтары бойынша әйелдердің рөліне қатысты іс-шаралар бар, - деді депутат.

Жоспарға диалогқа қатысушы елдердегі іс-шаралар да енгізілген. Мысалы, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктері мониторингі тетігін құру арқылы қатысушы елдермен кері байланыса алады. Орталық Азиядағы әйелдердің мүмкіндіктері мен құқықтарын кеңейту бойынша механизм жүзеге асырылады.

Түркіменстандағы гендерлік теңдік

Түркіменстан Меджлисінің Ғылым, білім, мәдениет және жастар саясаты комитетінің төрағасы Баһар Сейидова елінде гендерлік теңдік қалай сақталатынын түсіндіріп берді.

Түркіменстан өзінің құқықтық-бейтараптық статусы аясында әртүрлі өңір және әлем елдерімен байланысын дамытып жатыр. Түркіменстанның президенті Сердар Бердымухамедовтің жұмысы аясында гендерлік теңдікке қол жеткізу және әйелдердің өздерінің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік жасау және оларға тең, әділ түрде барлық мемлекет және қоғам салаларына қол жеткізу мүмкіндіктерін дамыту, өздерінің қызығушылықтары мен мүдделерін дамытып, қорғау, - деді Баһар Сейидова.

Оның айтуына қарағанда, Түркіменстан әйелдері саяси, экономикалық, мәдени ел өміріне үлкен үлес қосып жүр. Сондай-ақ олар ғылым мен білім саласына да белсене атсалысады. Инновациялық технологиялар мен ноу-хауды дамытуға қатысады. Онымен бірге денсаулық сақтау және бұқаралық ақпарат құралдары сияқты салаларды да басқарады. Олар Түркіменстан министрлер кабинетінің басшылары және үкімет мүшелері Түркіменстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі, Адам құқықтары бойынша уәкіл, Білім министрі және басқалар.

Түркіменстан Мәжілісінің 125 депутатының ішінде 32-сі әйел, ол жалпы депутаттар санының 26%-ы.

Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы 2020 жылы құрылған. Оны Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан өкілдері БҰҰ қолдауымен құрған. Диалог - Орталық Азия өңіріндегі ерекше құрылым. Бұл жұмысты тиімді атқаруға көмектеседі. Бағдарламалық құжаттарды жүзеге асыруда өңірде гендерлік теңдікті дамытуға үлкен үлес қосады. Бұл өте маңызды. Өйткені гендерлік теңдікті сақтау - барша әйел мен қыздың мүмкіндіктерін кеңейту, орнықты даму мақсаттарының бірі, - деп айтты Түркіменстан Меджлисінің Ғылым, білім, мәдениет және жастар саясаты комитетінің төрағасы Баһар Сейидова.

2021 жылы тамызда Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы Түркіменстанда өткен болатын. Сөйтіп 2022 жылы Түркіменстан диалогқа төраға болып, бірқатар іс-шара өткізді.

Тәжікстандағы гендерлік теңдік

Тәжікстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Әйелдер және отбасы істері комитетінің басшысы Хилолби Курбонзода гендерлік теңдік Тәжікстанда қалай сақталып жүргенін диалог отырысында айтты.

Заманауи әлем - ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың дамыған кезеңі. Әйелдер белсенділігі үшін мүмкіндіктер өте көп. Ақпараттық-коммуникативтік технологиялардың дамуы адамзат қызметінің барлық салаларында өте маңызды рөл атқарады. Әсіресе, әйелдер көп жұмыс істейтін салаларда. Бүгінгі күні әйелдер өздерінің кәсіби өмірінде белгілі бір табыстарға қол жеткізгісі келеді. Сонымен қатар олар отбасының жақсы мүшесі болғысы келеді, - деді ол.

Тәжікстан Республикасы құқықтық-демократиялық және зайырлы мемлекетті құру процесін бастады. Заңнамалық база реформаларын бастады. Адам құқықтары бойынша халықаралық келісімдерді ратификациялай бастады және бұл жерде негізгі басымдық әйелдердің жан-жақты дамуына қолғабыс беру және оларды барлық салаға қосу.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон өзінің негізгі бұйрықтарының бірін әйелдердің мәртебесін жоғарылатуға арнаған. Ол үшін заңнамалық нормалар қабылданған.

Бүгінгі күні интернет қолданушылардың саны 5 млн-ға дейін жетті. Бұл - халқымыздың жартысы.

Жаратылыстану және математикалық ғылымдарды дамыту және өскелең ұрпақты техникалық дағдыларын жақсарту үшін 2020-2040 жылдары Тәжікстанда «жаратылыстану және математикалық ғылымдарды дамытудың 20 жылдығы» ретінде жарияланған. Бұл бағытты дамыту бойынша арнайы құжаттар қабылданған. Статистикалық деректерге сүйенсек, 2021-2022 оқу жылында университеттерде Тәжікстанда жаратылыстану ғылымдары студенттері арасында әйелдер 32 пайыз болды. Есептеу технологиялары және басқаруда - 26 пайыз, - деп атап өтті Хилолби Курбонзода.

Оның айтуынша, Тәжікстанда тегін қызметтер көрсетіледі. Оның айтуынша, әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша құзырлы органдарға 1313, ІІМ-ге 1919 және әділет министрлігіне 3040 жедел желісі арқылы хабарлай алады.

Әйелдер мен қыздарды террористік және экстремистік қозғалыстар мен топтарға тарту мәселесі алаңдатып отыр. Мысалы, әртүрлі заңсыз жарнама, есірткі құралдарын интернетте тарату көбейіп кетті. Осыған байланысты біз қолданушылардан интернетті пайдалануда мұқият болуын сұраймыз, - дейді спикер Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы отырысында.

Әйелдер сын-қатерлерді бастарынан өткеріп жатыр

БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі, БҰҰ-ның Орталық Азия үшін превентивтік дипломатия бойынша өңірлік орталығы басшысының міндетін уақытша атқарушы Мирослав Енча әйелдер әлемдегі сын-қатерлерді бастарынан өткеріп жатқанын атап өтті.

Пандемия және қазіргі кезеңдегі халықаралық қатынастардағы дағдарыс барлық бағыт бойынша гендерлік теңдікке қол жеткізуін біршама кешеуілдетіп тастады. Бас хатшы жыл сайынғы баяндамаларында жаһандық күн тәртібінде әйелдер, бейбітшілік, қауіпсіздік жайлы ерекше атап жүр, - дейді Мирослав Енча.

БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі атап өткендей, Орталық Азия елдері әйелдері мен қыздары әлемдегідей сын-қатерлерді бастарынан өткеріп жатыр. Өзбекстан және Түркіменстан диалогқа төрағалық еткенде Орталық Азия елдерінің әйелдері диалогы осы сұрақты көтеріп, оның шешімін өңірлік деңгейде табу үшін жұмыс істеді. Бүгінгі күні ресми түрде Әйелдер диалогы платформасына Қазақстан төрағалық етуге кірісті.

«Ешқандай кемсітуге жол бермеуі керек»

БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори әйелдер құқығы тең қорғалуы керегіне баса назар аударды.

Біз әлі күнге дейін пандемияның, оған қоса экономикалық жағдайлар және геосаяси дағдарыстардың салдарларын көріп келеміз. Олар көптеген адамның жұмысынан айырылуына немесе олардың кедейлік деңгейіне түсуіне, қоғамнан оқшауланып қалуына әкелген болатын. Миллиондаған әйел мен қыз қазіргі кезеңде осындай тәуекелге ұшырап жүр. 7 жылда БҰҰ-ның 2030 жылға дейін қойылған орнықты даму мақсаттарына жетуіміз керек. Қазіргі кезеңде біз әртүрлі сын-қатерлермен күресіп жүрміз. Сондай-ақ екі маңызды мүмкіндігіміз бар. Бұл – әйелдерге өзінің құқықтары мен өкілдіктерін беру. Олар өзгерістердің бас-қасында тұруы қажет. Екінші бір мәселе – ол цифрландырумен байланысты. Цифрландыруды әрі қарай пайдаланып, өзіндік даму жетелдету үшін өте маңызды. Әйелдер мен қыздар теңдікте болуы қажет. Ешқандай кемсітуге жол бермеуі тиіс. Біз БҰҰ орнықты даму мақсаттарын дамыта отырып, күш-жігерімізді біріктіреміз, - деп түсіндірді Микаэла Фриберг-Стори.

Оның айтуына қарағанда, БҰҰ әлемдегі қыздар мен әйелдердің құқықтарын қорғау бойынша іс-шараларды ұйымдастырамыз. Бұл бізге орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге мүмкіндік береді.

БҰҰ-ның құрылымы мен оның қызметі гендерлік теңдік пен әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған. Ол мүше елдерге гендерлік теңдікке, әйелдердің мемлекет өмірінің барлық аспектісіне тең қатысуына қол жеткізу үшін әлемдік стандарттарға сәйкес келуге ұмтылуда көмектеседі, - деп сөзін толықтырды ол.

«Әйелдер қайда жүрсе де, өздерін қауіпсіз сезінуі керек»

Еуропадағы және Орталық Азиядағы «БҰҰ-Әйелдер» құрылымы Өңірлік офисі өңірлік директорының орынбасары Элиза Фернандес Саенз әйелдер өздерін үйде болсын, қоғамдық орында болсын қауіпсіз сезінуі керек екенін айтты.

Инновациялар мен технологиялар Орталық Азия елдерінің әлеуетін арттырады. Біз осы технологияларды пайдалана отырып, гендерлік алшақтықты төмендетіп, шешімдерді қабылдауда әйелдердің үнін негізге аламыз. Инновациялық шешімдер қабылдай отырып әйелдер мен қыздар, Орталық Азия елдері әйелдері өкілеттіктерге, құралдарға және т.б. мүмкіндіктерге ие болып, кедергілерге төтеп береді деген ойдамын, - деп айтты Элиза Фернандес Саенз.

Цифрлық дамыған заманда бірде-бір қыз немесе әйел назарсыз қалмауы керек, олардың құқықтары сақталуға тиіс. Сол себепті білім беруге тең қолжетімділік болғаны дұрыс. Біз олардың әлеуетін арттыра отырып, өзгерістердің бас-қасында болуға мүмкіндік береміз. Сонымен қатар әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты болдырмауымыз қажет. Әйелдер өздерін үйде болсын, қоғамдық орында болсын қауіпсіз сезінуі керек.

 

 

Аягөз ҚҰРМАШ
Бөлісу: