Газды сусыннан бас тартамыз ба, қайтеміз?!

24 Наурыз 2016, 08:58

Денім сау болсын десеңіз

Мәселе не жайында?

Көптеген адамдар газды сулардың зиянды екенін біле тұра ішеді. Бірақ,  «бұл сусындардың зиянымен қатар, пайдасы бар» деп, дес бермейтін кісілер де кездеседі. Кімдікі дұрыс? Дәрігер Артемий Охотин  «кола» сусынын қанша мөлшерде ішкенде денсаулыққа зиян келмейтінін айтады.

«Кола» шынымен де асқазанды тесе ме?

Жоқ. Сусын асқазанды теседі деген сөз – миф. Өйткені, асқазан сөлінің қышқылы «коланың» қышқылынан әлдеқайда күшті. Оның үстіне, «асқазан жарасы мен асқазанның қабынуына «кола» себепші болып отыр» деген дерек те еш жерде расталмаған.

Сонда «кола» шын мәнінде ештеңені ерітпей ме?

Жоқ, ерітеді. Өйткені, оның құрамында тістің кальцийін кетіретін фосфор қышқылы бар. Ал, қант тіс жегісінің одан ары жайылуына үлес қосады. Бұл сусынды шектен тыс ішкен жандардың тістері қатты зақымдалғаны да рас. Бірақ, «коланы» мөлшермен ішіп, тісіңізді жиі тазалап, тіс дәрігеріне барып тұрсаңыз, сізде мұндай проблема болмайды.

Ендеше, «кола» несімен зиян? Бар гәп консервантта болып тұр ма?

Жоқ. «Коланың» калориясы тым жоғары. Бір шыныдағы (330 мл) сусында 35 грамм қант бар. Ал, бұл дегеніңіз ­– 9 ас қасық қант!  Қант тез сіңетін көмірсуға жатады. Мұндай көмірсуды көп тұтынған ағзаның семіруі, қант диабетіне шалдығуы ықтимал.

Ғалымдар мұны жоққа шығарды емес пе?

Иә, қант пен семірудің арасындағы байланысты жоққа шығаратын ғылыми жұмыстар да бар. Бұл жұмыстардың авторлары шектен тыс семірудің негізгі себебі аз қозғалу екенін айтады. Бірақ, таяуда мұндай көзқарасты ұстанатын ғалымдардың «Coca-Cola» компаниясымен тығыз байланыста екендігі белгілі болды. Бұдан кейін олардың жазған еңбегіне қалай сенбексің?!

«Кола» зиянды ма, әлде, «Пепси» ме?

Екеуін салыстырып көрген ешкім жоқ. Шын мәнінде, аталған сусындардың зияны туралы нақты ақпарат та жоқ. Зерттеулердің басым бөлігінде газды сулардың денсаулыққа зияны туралы жалпылама айтылған.  Газдалған сусындардың барлығы да құрамындағы қант мөлшері мен қышқылдылығы жағынан бір-біріне ұқсайды. Ал, газды судың зияны туралы әңгіме қозғалса, бірден еске «кола» түсетін себебі, ол ­– ең танымал сусын.

Диеталық газды сусын пайдалы ма?

Нақты бірдеңе деп жауап беру қиын. Оның құрамына қант орнына аспартам секілді жасанды дәмдеуіш қосылады. Калориясы тым төмен болғандықтан, диеталық сусынды ішкен ағзаның толуы екіталай. Алайда, қазір дәл осының әсерінен зат алмасу процесі бұзылуы мүмкін деген ақпарат пайда болды. Яғни, ағза тәтті дәмді сезеді, бірақ, жеткілікті дәрежеде калория алмайды. Соның нәтижесінде тәттіге деген құмарлық өседі.

«Коланың» ас қорытуға көмегі тие ме?

Көптеген елдерде «кола» ас қорытатын сусын ретінде пайдаланылатыны рас. Бірақ, бұл – ғылыми түрде дәлелденбеген әдіс.

 «Коланы» қанша мөлшерде ішкен жөн?

Дұрыс тамақтанған жағдайда, ер адам күніне 9 қасық, әйел 6 қасық, сәби 3 қасыққа дейін қант жей алады. Демек, бір күнде ер адам 330 мл шыныдағы «кола», әйел адам бір саптыаяқ «кола» ішсе болады. Бірақ, олар «кола» ішкен күні тәттіні мүлде жемегені абзал. Ал, балаларды газды сусыннан алыс ұстау қажет.

Сонда барлық тәтті атаулының зиян болғаны ма?

Жоқ. Тек азық-түлікке қосылған қант зиян саналады. Ал, жеміс-жидек пен көкөніс құрамындағы қант пайдалы.

Газды сусынды ұнататындар одан біржолата бас тартсын ба?

Жоқ. Тек пайдалы сусын мен зиянды сусынның арасындағы балансты сақтау қажет.


Әзірлеген – Айбота Өтеулі

Деректер meduza.io сайтынан алынды

Бөлісу: