Ғасыр жасаған соғыс ардагері: Ол кезді есіме алғым келмейді…

9 Мамыр, 11:34 1029

Мамыр айы – 100 жастағы Нина әжей үшін өткенін ұмытуға тырысып, туғандары мен немерелерінен ауыр тағдырын құпия ұстағанына қарамастан, өткенді қазбалап еске түсіруге мәжбүр ететін ең қиын ай. Мұндайда құрмет көрсетіп сый-сияпатын арқалай келетін атқамінерлердің, қоғамдық ұйым басшыларының, халық қалаулыларының, белсенді жастардың жасаған ізеті көңілге медет. Бірақ бүгінгі ұрпақ тарихты білгісі келеді, сұрайды, ізденеді, жазады. Ал бұл ізденіс, артық сұрақтар соғыс ардагерлерінің жазылмаған жарасын тырналағандай күй кештіреді. Мұны біле тұра, мақсатымыз ерлікті ұлықтау деген оймен ғасыр жасаған әжейдің үйіне бардық, онымен тілдестік, тыныс-тіршілігін көрдік.

Қазақстанда Екінші дүние жүзілік соғысқа қатысқан ардагерлер саны жылдан жылға азайып барады. Соңғы мәліметтерге қарасақ, олардың қатары сиреген, еліміз бойынша көзі тірісі 148 ғана. Бүгінде оның жетеуі Астана қаласында, 44-і Алматыда, ал Шымкентте екі-ақ қария тұрады. 2022 жылы жетеу еді, былтыр Жеңістің 78 жылдығын үшеу болып қарсы алған. Биыл айтулы датаның 79 жылдығына тек екеуі Нина (Мосунова) әжей мен Мұраталы (Төлепбергенұлы) ата ғана куә болып отыр. Жалпы ІІ дүниежүзілік соғысқа үшінші мегаполистен аттанғандар саны 23 мыңнан асқан. Ал 2 мыңдайы тыл ардагері.

Ғұмырлары бір ғасырға татитын, соғыста да, еңбек майданында да өнегелі із қалдырған қариялардың өмірлері ерлік туралы дастан жазуға тұрарлықтай. Жастық шағын соғыс ұрлаған және жаумен айқасып, қиян-кескі шайқастан аман оралған олардың өне­геге толы ғұмырнамасынан аз-кем сыр шертсек.

Қаратау ауданының тұрғыны Мұраталы Төлепбергенұлы ма­мыр айында тоқсан тоғызыншы көкте­мін тойлайды. Қарияның қимыл-қозғалысы ши­рақ, өзін әлі де тың сезінеді. Бала-шағасынан немере мен шөберелер сүйіп отыр. Қарт май­дангер 1925 жылы 20 мамырда Түлкібас ауданының Жаскешу ауылында дүниеге келген. 1943 жылы қолына қару алып, Брест қамалы, Варшава, Данск, Виссмарк қалаларын азат ету жолында жаумен алысты. Майдандағы ерлігі үшін кеудесіне «Отан соғысы», «Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдары тағылды. Кейін бейбіт заманда Түлкібас МТС-те тракторлық бригадасының бригадирі болып жұмыс істеді. Одан Калинин колхозында есепші болды, ұжымшар фермасының меңгерушісі секілді қызметтерге де араласты. 2014 жылдың желтоқсан айында мемелекет тарапынан Шымкент қаласынан пәтер берілген болатын. Бүгінде осы шаңырағында жыл сайын көктемде, 9 мамыр күні отбасы мүшелері түгелімен арнайы бас қосып отырады.

Ал Нина Мо­сунова қаланың ба­йырғы тұрғыны саналады. Ол соғыста пулеметші, радист болған қарт жауынгер.

Нина Мосунова 1924 жылы 9 наурызда Татарстанның Урустамак елді мекенінде туған. 1939 жылы мектеп бітірген соң ауыл шаруашылығы фермасына жұмысқа тұрып, 1940 жылы ферма меңгерушісі болып сайланады. Сөйтіп кәмелет жасына толар-толмас майданға аттанады.

1943 жылы Можайск маңындағы соғысқа қатысқан. Әуелі пулеметші, одан кейін 36 әскери бөлімнің «Зенит» бригадасында радистердің командирі болды. Соғыстан елге ерте оралған ардагер түрлі салада қызмет атқарды. Шымкентте 1948 жылдан бері тұрып жатыр. «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған. Бүгінде баласынан 2 немере 5 шөбере сүйіп отыр.

Мереке қарсаңында Нина әжейдің шаңырағына бардық. Қолында газеті бар, үлкейткіш әйнекпен (лупа) оқып отыр екен. Тілшілерді көріп, қуана қарсы алды. Наурызда 100 жасқа толған қарт майдангермен аз-кем әңгімелестік.

El.kz: Нина әже, қолыңыздағы жергілікті басылымды оқып отырғаныңызды көріп қуанып қалдым. Әлі күнге газеттерді қалдырмай оқитын сияқтысыз?

Нина Мосунова: Иә. Жергілікті басылымдарды ғана емес, республикалық қандай газет бар барлығына жазылып алғанмын. Әр келген нөмірін қалдырмай оқимын. Осы кезге дейін бірнеше кітапты түгестім. Қазір интернет жақсы болды, теледидарды сол желіге қосып қоямын да өзіме керек арналарды тауып алып жаңалықтарды көріп отырамын.

El.kz: Бұл сіздің бойыңызда қалыптасқан әдет пе, әлде соғыс солай тәрбиеледі ме? Сізді майданда радист болған деп естіп ем үнемі жаңалық көріп, ақпарат оқып отыруға бәлкім сол сәттердегі жұмысыңыз әсер еткен болар?

Нина Мосунова: Еее, ол өз алдына бір себеп қой. Бірақ мен 17 жасымда 50 шошқасы бар ірі ферманы басқарған адаммын. 8 сыныпты тәмамдаған соң іске араласып, өжеттігімнің, білімімнің арқасында меңгерушілікке көтерілдім. Оған жету үшін көп оқу керек, іздену керек. Онсыз болмайды. Жалпы кішкентайымнан кітапқа құштар болып өстім. Көпбалалы отбасыда тәрбеиелендім. Өзімнен кейінгілерге үлгі болмақ ниетпен алға ұмтыла бердік.

El.kz: Майдан даласына қалай тап болдыңыз? Журналистердің таратқан ақпараттарын оқысақ, сізді өз еркімен соғысқа аттанған деп жазған.

Нина Мосунова: Ол кезді есіме алғым келмейді...

(Үнсіздік. Күрсіну. Жылағысы келді бірақ жасын жасырды,-ред.). Өткенді қазбалағаннан не ұтамыз? Бізге ол кезді айтуға болмайды деп тиым салған, сол үшін айтуға болмайды. Бастысы еліміз тыныш, рахат өмір сүріп жатырмыз.

El.kz: Бүгінгі ұрпақ сіздер жасаған ерлікті ешқашан ұмытпайды. Жеңісті жақындатқан батырларымызға әрқашан басымызды иеміз.

Нина Мосунова: Біздікі қайбір ерлік?! Басқа түскен соң бардық. Қандай жолды жүріп өткенімді өзімнен басқа ешкім білмейді. «Болар іс болды, бояуы сіңді» деген сол. Мен айта бергенмен кім сенеді? Есіме түсіргім келмейді. Негізі соғысқа бармайтын едім, майданға бару үшін сұранған да емеспін. Осы тұста әжей екеуміздің әңгімемізге немересі Мария араласты.

Мария - қарт майдангердің немересі: Айтпайды бәрібір, өтті кетті болды дейді. Қолын бір сілтейді. Өйткені апама оңай емес, бұған дейін соғыс ардагерлерін керек етпей келген. 2018 жылдан бастап менің білуімше, мемлекеттен көңіл бөліне бастаған соң осы тақырыпқа қалам тербейтіндер, сұрап іздейтіндер көбейе бастады. Ал соңғы 5 жылда мамыр айы болғаннан басты назардамыз. Құттықтап, ерлігін ескерген жақсы ғой, бірақ апам үшін өте ауыр. Өткен есіне түсіріп, басынан кешкен тағдырын баяндап беру қиын. Жылап қалады. Жүйкесіне әсер етеді. Қан қысымы көтеріліп, өз-өзіне келе алмай қиналады. Себебі шындығында оның өмірін күл-талқан еткен жүйе емес, бір ғана адам. 17 жасында фераманы басқарады. Сол кезде бір дөкей келіп өзі таңдаған торайды беруін талап етеді. Мінезі тік, бетке айта салатын әдетімен оған қарсылық танытады. Ол кісі тісін қайрап кетеді. Кеткен соң үш күн өтер-өтпес апам соғысқа шақыру хатын алады. Осылайша ылғи жігіттердің арасында бір өзі Татарстаннан кетуіне тура келеді. 

El.kz: Сонда бір дөкей болмашы торай үшін бойжеткен қыздың өмірін күрт өзгертіп, соғыс даласынан шығарды ма?

Нина Мосунова: Біреуге жалпақтаған ұнамайтын. Болмысым бірбеткей, ер мінезім де бар. Қайтпайтын әдетім. Сол ұнамады. Ата-анам, бауырларыммен екі қабатты үйде мамыражай өмір сүріп жатқан жерімізден бізден барлығын тартып алды. Жан-жаққа таратып жіберді. Әкемді де соғысқа жіберді. Ішерге ас, жатуға жайлы орын табылмады. Соғыстағы жағдай түсінікті. Ал соғыстан кейінгі сәтті айтып жеткізу мүмкін емес. Ел аш. Шөп-шалам, жапырақ жеп, ағаш тамырларын кеміріп, соны талғажау еттік. Қысқасы өтті, кетті. Болды. Бастысы бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз. Соған Аллаға шүкір деймін.

El.kz: Аллаға шүкір деп қалдыңыз, қазақша білесіз бе?

Нина Мосунова: Әрине. Татарша, башқұрт, қазақша тағы бірнеше тіл білемін, түсінемін, сөйлей аламын.

El.kz: Қазақша білгеніңізден кейін Қазақстанға келдіңіз бе? Жалпы Шымкентке қалай қоныс аудардыңыз?

Нина Мосунова: Соғыстан кейін 1945 жылы Башкирияның Октябрск қаласында кассир боп жұмыс істедім. Қазақстанда туыс әпкем тұратын. Жұмыста жүргенде кезекті еңбек демалысымды алып, үйіне қонақ болуға шақырды. Бір жыл өткен соң демалыс алып, әпкемнің айтқанын істедім. Қазақстанға оның ішінде Шымкентке келдім. Бұл жақ маған ерекше ұнады. Жап-жасыл аймақ, күн жып-жылы, қандай рахат дедім! 1948 жылы Шым шаһарға толықтай қоныс аудардым. Биге барып жүріп тағдырым болашақ күйеуіммен жолықтырды. Оның есімі Анатолий Мосунов, бірінші дәрежелі фризерші оператор болып жұмыс істеді. Ал мен кітапханашы, одан соң хатшы-машинист қызметтерін атқардым. Сөйтіп тұрмысқа шықтым, бала сүйдік. Аллаға шүкір! Немере, шөберелерім бар. Оларға ылғи кітап оқы, оқысаң жетістікке жетесің деп отырамын. «Білімсіз күнің жоқ».

El.kz: Таңқалып отырғаным, мына менің алдымда тұрған кестелі орамалдарды сіз тоқығансыз ба? Далада жайқалып тұрған гүлдеріңіз де әдемі екен.

Нина Мосунова: Иә, өзім тоқыдым. Жастайымнан жаңа нәрсені оқып-үйренуге құштар болдым. Тоқып, тігіп, пішу ісі де маған өте қызық болды. Мектептен соң арнайы курстар оқып, оны да меңгердім. Көйлектерімді өзім тігіп алып киетінмін. Жасым келсе де, көзім көрмей қалса да оқудан, тоқудан, тігуден шаршаған емеспін. Өзіме ұнайды. Таңертең ерте тұрамын. Су ішемін, ауырғанда дәрі-дәрмектен гөрі шөппен емделгенді жақсы көрем. Арасында далаға шығып, гүлдеріммен сырласып тұрамын. Кәрілік жетті. Биыл аздап қиыналыңқырап қалдым. Бірақ сонда да әрекетімді тоқтатқан жоқпын. Айтпақшы, қызым, осы жасқа дейін менің есімнен алжаспай, ширақ жүруімнің құпиясын көпшілігі сұрап жатады. Оның ешқандай құпиясы жоқ. Бар болғаны өткен - өтті, кеткен – кетті деймін. Өмір сүре білу керек, өмір сүру қажет! Басыңа түссе баспақшыл келесің. Не көрсең де төзесің, қабылдайсың, сабақ аласың, өсесің, өнесің... өмір солай жалғаса береді. Қажыдым деп кейіп кетпеу керек, арақ-шараппен дос болмау қажет. Мен 100 жасқа толсам да бірде-бір рет спирттік ішімдік ішіп көрген емеспін. Денсаулықты құртатын, адамды азғыратын да сол – жаман су. Содан аулақ болу керек. Менің жастарға айтарым осы.  

Нина әжейдің өткенін қозғай беріп, көңілін құлазытып алудан қорықтық. Сөзі жүйелі, ісі өнімді, тың, ширақ көрінетін майдангердің тыныс-тіршілігімен танысып, тілдесіп, ғұмырнамасынан шабыттанып қайттық. Қария қазіргінің жастарын болмашы нәрсеге күйбеңдемей, осы сәттен ләззат ала өмір сүруге шақырды. Өз тілімен айтқанда, «Жить можно, жить нужно!». Ғасыр жасаған ардагердің өмірлік ұстанымы бұл. 

Сөз соңында айтарымыз, биыл жеңістің 79 жылдығына орай майдангерлерге көрсетілетін көмек көлемі артып отыр. Бұған дейін 1 329 120 теңге алып келген ардагерлерге осы жылы 2 000 000 теңге қаржы беріледі.

Сонымен қатар тыл еңбеккерлеріне де материалдық көмек көрсетіледі. Былтыр оларға 41 400 теңге берілсе, биыл бұл сома 55 380 теңгені құрайды. Шымкентте 1872 тыл еңбеккері ақшалай төлем алады.    

Элеонора Мамыр
Бөлісу: