Сарапшылардың дерегінше, Олимпиада чемпиондарының орташа жасы 67-ні құрайды. Дегенмен бұл белестен асып кеткендер көп. Бүгін El.kz ақпарат агенттігі ғасырдан астам өмір сүрген саңлақтардың бір парасын тізіп шықты.
Шандор Тарич (Венгрия), су добы
Сурет: wikipedia.org
Ватерполшы Шандор Тарич – Венгрияның аңыз спортшысы. Ол елдің алты дүркін чемпионы, Университет ойындарының жеңімпазы.
Ал өміріндегі ең маңызды жеңісіне 1936 жылы Берлинде өткен Олимпиада ойындарында қол жеткізді. Шандор ұлттық құрама сапында финалда жарыс иелерін жеңген. Ал спорттық карьерасын аяқтаған соң сәулет өнеріне бет бұрды. Тіпті Сан-Францискода өзінің бюросын ашқан. Одан қалды Калифорния технологиялық университетінің профессоры және БҰҰ сейсмологиялық комиссиясының қызметкері болған.
103 жасқа бес ай қалғанда өмірден өтті. Оның алдында ең қарт олимпиада чемпионы атанған еді.
Оқи отырыңыз:
Бейб Рокфеллер (АҚШ), академиялық есу
Сурет: wikipedia.org
Тегі айтып тұрғандай, Рокфеллер бақуатты отбасында туған. 1924 жылы Бейб Париждегі Олимпиада ойындарында үздік шықты. Спорттан бөлек Рокфеллер отбасылық істі де назарынан тыс қалдырған жоқ. Талай жыл Уолл-стритте жұмыс істеген. Нью-Йорк ұлттық қалалық банкінде президент болды. Ал Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде АҚШ ӘӘК-те қызмет атқарды. Подполковник дәрежесіне дейін көтерілген. 102 жасында жүрек талмасынан көз жұмды. Оның артында 12 немересі, 37 шөбересі және бір шөпшегі қалды.
Агнеш Келети (Венгрия), спорттық гимнастика
Сурет: ISTVAN DERENCSENYI/GETTY IMAGES
Агнеш спорттық гимнастикаға төрт жасында бет бұрды. 16 жасында ұлттық аламанда топ жарды. Сөйте тұра өмірде аз қиындық көрген жоқ. Екінші дүниежүзілік соғыста холокосттан аман қалды. Жолында кездескен талай сынаққа қарсы тұрып, бұл мінезін спортта да тиімді пайдаланды. Көрсеткішіне көңілі толған бапкерлер құрамы Агнешті ұлттық құрамаға шақырды.
Келети 1952 және 1956 жылдары екі бірдей Олимпиадада бақ сынап, олимпиада ойындарының бес дүркін жеңімпазы атанды. Одан қалды төрт күміс және үш қола жүлдені қанжығасына басты. Ол – Олимпиада ойындарында бірнеше рет жеңіске жеткен ең қарт
әйелдердің бірі. Былтыр Олимпиада ойындарында топ жарған әйелдер арасында ең егде жастағы спортшы ретінде рекорд орнатты. Ол 9 қаңтарда 103 жасқа толды.
Али ван ден Бос (Нидерланд), спорттық гимнастика
Сурет: OLYMPEDIA.ORG
Нидерланд спортшысы – тарихи сәттің куәгері. Себебі ол 1928 жылғы Олимпиада ойындарында, яғни спорттық гимнастикадан әйелдер арасындағы сын төртжылдықтың бас додасына алғаш қосылған жылы чемпион атанды.
Али ван ден Бос 2003 жылы 101 жасында өмірден өтті.
Леон Штукель (Югославия), спорттық гимнастика
Сурет: BOJAN BRECELJ/CORBIS VIA GETTY IMAGES
Бұл гимнаст – өз есімін Югославияның спорт тарихында ойып тұрып қалдыра білген жан. Себебі Штукель – үш дүркін Олимпиада және бес дүркін әлем чемпионы атанған жалғыз адам. 1924 жылғы ойындарда ол екі алтын алды. Араға төрт жыл салып тағы өзінің
мықтылығын мойындатты. Сондай-ақ абсолютті біріншілік пен командалық біріншілікте ұлттық құрамамен бірге қола жүлдеге қол жеткізді. Өкінішке қарай, Леон 1932 жылғы ойындарға қатыса алған жоқ. Бұған Югославия билігінің құраманың Олимпиадаға бару шығынын өтей алмауы себеп. Есесіне 1936 жылы (38 жасында) Штукель сақина жаттығуларында күміс жүлде жеңіп алды.
Үлкен спортпен қош айтысқан соң заң саласында жұмыс істеді.
Есімі Халықаралық гимнастикалық Даңқ залына енгізілген. Словенияда атақты гимнастшының жүз жылдығы ұлттық мереке ретінде аталып өткен.
101 жасқа толуына төрт күн қалғанда бақилыққа аттанды.
Эвелин Фурч (США), жеңіл атлетика
Сурет: KEYSTONE-FRANCE/GAMMA-RAPHO VIA GETTY IMAGES
Спортшы жас кезінен бастап жүгіруде алдына жан салмайтын. Студент шағында Америка университеттерінің қауымдастығы турнирінде екінші орын алып, 1932 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадаға іріктелді. АҚШ құрамасымен 4×100 м қашықтыққа жүгіруден екі рет Олимпиада рекордын орнатты. Мансабын аяқтаған соң ол бар уақытын отбасына арнап, бес баланың анасы атанды.
Фурч – Олимпиада ойындарында жеңіске жетіп, 100 жасқа толған мерейтойын атап өткен алғашқы жеңіл атлет. Туған күнін тойлаған соң көп уақыт өтпей қайтыс болды.
Аттилио Павези (Италия), велосипед спорты
Сурет: WIKIPEDIA.ORG
Спортшы – X Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы. Лос-Анджелесте Павеси алдымен жеке, содан кейін командалық жарыста жеңіске жетті.
Кәсіби мансабын аяқтаған соң ол Аргентинаға көшіп, велосипед жарыстарын ұйымдастырып жүрді.
101 жасқа толуына екі ай қалғанда қайтыс болды.
Ферозе Хан (Индия), көгалдағы хоккей
Сурет: WOLF REINHARDT ARCHIVES
Ферозе Хану – ерекше көрсеткіш иесі. Ол – Олимпиада ойындарында спортшы ретінде де, бапкер ретінде де жеңіске жеткен адам. 1928 жылғы Амстердамда өткен Ойындарда екі матчқа қатысып, Бельгия қақпасына бес гол соқты. Осы жетістігінен соң бапкерлікке ден қойды. Бірақ өз елінің құрамасын емес, Пәкістан құрамасын баптады. Өйткені Үндістанның бапкерлер штабымен келіспей қалды. Шәкірттері Римде өткен Олимпиада ойындары мен жазғы Азия ойындарында топ жарды.
100 жастан жеті ай асқанда жарық дүниемен қоштасты.
Эрик Херсет (Норвегия), желкенді спорт
Сурет: ФОТО: WIKIPEDIA.ORG
Эрик 1920 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына қатысты. Ол Weleda қайық экипажының мүшесі ретінде Олимпиада ойындарында үздік шықты. Бір қызығы, Херсетті көпшілік опера әншісі ретінде де танитын. Ойындарға қатысу кезінде ол Вена халық операсының мүшесі болды.
101 жасында қайтыс болды.
Дарвард Ноулз (Ұлыбритания, Багам аралдары), желкенді спорт
Сурет: JAMES HOPWOOD/FAIRFAX MEDIA VIA GETTY IMAGES
Ноулздың ойындардағы дебюті 30 жасына тұспа-тұс келді. 1948 жылы ол Ұлыбританияның атынан қатысқан. Ал 1952 жылы, яғни Багам аралдарының Олимпиадалық қауымдастығы құрылған кезде, Дорвард спорттық жарыстарда жаңа елдің атынан бақ сынайтын болды. Токиода ол Багам аралдарының намысын қорғап, жаңа елге Олимпиаданың алғашқы алтынын сыйлады.
Сэр Дорвард Ноулздың екі ұлы да Олимпиадаға қатысқан, бірақ олар жүзуден сынға түсті.
100 жастан үш ай асқанда көз жұмды.
Годфри Рэмплинг (Ұлыбритания), жеңіл атлетика
Сурет: WIKIPEDIA.ORG
Британдық офицер екі рет Олимпиада ойындарына қатысты. 1932 жылы ол 4×400 эстафетада екінші орыннан көрінсе, араға төрт жыл салып күмісін алтын медальге айырбастады.
Спортшы корольдік артиллерияда қызмет етті. НАТО қатарына енгізілген. Спорт жұлдызын Голливуд актрисасы Шарлотта Рамплингтің әкесі деп те таниды.
Годфри Рамплинг 100 жыл бір ай өмір сүрді.