"Гардеробымнан көйлек таппайсыз"

7 Қараша 2018, 10:09 6030

Боксшы Жайна Шекербековамен сұхбат

Бокс спорты қазақ үшін жат емес. Олай дейтініміз Олимпиада жеңіске жетіп, әлемдік бокс аренасында танылған қазақ жігіттері жеткілікті. Ал қыздар  боксы ше? Қыздар боксы  2012 жылдан бері төрт жылда бір келетін Олимпиада ойындарына енгізілген соң, осы спортқа ден қойған нәзікжандылар үшін кәсіби түрде айналысуға ықпал еткен сияқты. Қазақ қыздары бүгінде әлем санасатын былғары қолғап шеберлерінің қатарынан көрініп жүр. Оған дәлел Олимпиададағы медальдер, әлем чемпионатындағы үздік көрсеткіштер...  15-24 қараша күндері Үндістанның Нью-Дели қаласында кезекті әлем біріншілігінің жалауы желбіремек. Қазақстан қыздары бұл бәсекеге қызу дайындығын бастап кетті. 51 келі салмақта ел намысын Әлем Чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері Жайна Шекербекова қорғамақ. Астана қаласындағы бокс орталығында өтіп жатқан ұлттық құраманың жаттығу жиындарына барып, бұрымды боксшымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Жайна, бұл сіз барғалы отырған нешінші әлем біріншілігі?

– Бұл Әлем чемпионаты менің баратын үшінші чемпионатым болады. Алғашқысында тәжірибем аз болып, үздік үштікке ене алмағанмын. Ал 2016 жылы өткен әлемдік біріншілікте қола жүлдені жеңіп алдым. Ендігі күткен медалім алтын. Сәттілік серік болып, биік тұғырдан көрінгім келеді.

Ең басты қарсыластарыңыз қай елдің спортшылары болмақ?

– Нақты атын атап, түсін түстей алмаймын. Себебі, қазір қыздар боксы қарқынды дамып жатқан спорттың қатарында. Осы жақында өткен Азия ойындарында Солтүстік пен Оңтүстік Корея қыздарының былғары қолғап шеберлерінің кәдімгідей шеберліктері артып, мықты дегендердің мысын басқанын көрдім. Біз барғалы отырған Үнлдістанның боксшы қыздары да үздіктердің қатарына кіреді. Сол сияқты жасөспірім деңгейден ересектер қатарына қосылып жатқандар жетерлік, кімнен қауіп күтеріңді білмейсің. Жеке бапкерім екеуміз менің салмағымдағы (51 келі – авт.) басқа боксшылардың бокс стилін қарап, талқылап шықтық. Кіммен қалай жұдырықтасуды алдын ала  жоспарлап аламыз. Әрине, рингте барлық жоспарың оңынан туа бермейді. Кейбірін бұған дейін тізе бүктірсем, кейбіреуінен жеңіліс тапқам. Барлық қателіктермен жұмыс жасап, бар күш-жігерімді дайындыққа жұмсаудамын.  

Дайындық қалай өтіп жатыр?

– Бәрі ойдағыдай өтіп жатыр. Соңғы пысықтауымызды Астана қаласында жүргізіп жатырмыз. 12 қарашада Үндістанға Елордамыздан аттанамыз.

Риодағы сәтсіздігіңізді немен байланыстырасыз?

– Мына жерде осалдық таныттым деп дәл айту қиын. Меніңше, басты себептің бірі – турнирді екінші айналымнан бастағаным. Оның үстіне француз қарсыласым да осы салмақтағы бетке ұстар боксшының бірі. Ол Рио олимпиадасының финалына дейін жетті. Мен үшін алғашқы айналымға қатыспай бірден келесі кезеңге «аттап» кеткенім, шаршы алаңды сезінуме кедергі болған сыңайлы. Бастысы, ол жеңіліс үлкен сабақ болды. Енді бар күш-жігерімді Токиода болатын Олимпиадаға салатын боламын. Жапонияда өзімді көрсетемін деген сенімдемін.

Медаль жиынтығыңызда қандай жүлде көп?

– Алтын да, күміс те, қола да жеткілікті. Алла бұйыртқан орындарды иеленіп келеміз. Бірақ, Әлем чемпионаты, Олимпиада деген сынды салмағы жоғары бәсекелердің алтын жүлделері жетіспей тұр. Болашақта осы олқылықтың орнын толтырамыз деген үміттемін.

Жайна, боксқа қанша жасыңызда келдіңіз? Спортты бірден қолыңызға былғары қолғап киіп бастадыңыз ба?

– Жалпы спортқа 16 жасымда келдім. Алғашында кикбоксингпен айналысып, «спорт шеберлігіне» дейін жеттім. Сосын жаттықтырушым бокста бағымды сынап көруді ұсынды. Солай алғаш рет 2009 жылы ҚР чемпионатына қатыстым. Нақты айтқанда, 18 жасымнан бері айналысамын.

Кикбоксингте аяқты да қолдануға рұқсат етіледі. Алғаш боксқа келгеніңізде аяғыңызбен соққы жұмсап қойған немесе соққы жасағыңыз келген кездер болмады ма?

– Жоқ (күліп). Жалпы кикбоксингпен шұғылдансам да, аяқты өте сирек пайдаланатынмын. Бар мәселені қолмен шешуге тырысатын едім. Содан кейін де болар, боксқа өту еш қиындық туғызған жоқ.

Бокстағы алғашқы ірі жетістігіңіз қайсы деп есептейсіз?

– 2010 жылы Азия чемпионатында топ жардым. Мен үшін бұл жеңістің орны бөлек болды. Оның үстіне сол жылдары 51 келі салмақ ОИ-ға кіріп, тіпті шабыттандыра түсті. Осы спорт түрімен шындап шұғылдануға себепкер болды. Кез келген спортшы төрт жылда бір келетін Олимпиадаға қатысып, медаль алуды армандайтыны рас қой.

Кикбоксинг те, бокс та қыздарға тән спорт түрі емес. Әке-шешеңіз бұған қалай қарады?

– Басында ата-анам білген жоқ. Тек бос уақытымда спорт секциясына барып тұрамын деп айттым. Өзім де кәсіби түрде алып кетемін деп ойлаған жоқпын. Жарыстарға қатысып, жетістіктерге жете бастағанымда ғана ата-анам хабардар болды. Ешқандай қарсылық білдірмей, қолдайтындарын айтты. Қазір олар менің ең басты жанкүйерлерім.

Сізді рингтен әлі қанша уақыт көреміз?

– Дәл айта алмаймын. Токиада өтетін Олимпиадада жақсы жетістікке жетсем ғана нақты шешім шығаратын боламын.

Спорт жеке өміріңізге қалай әсер етіп жатыр?

– Өзіңіз да хабардар шығарсыз, әзірге тұрмыс құрмадым. Осыны сұрағыңыз келіп тұрған болар. Қыз баласының міндеті ана атану ғой. Алайда, әзірге спорттан басқа нәрсеге уақыт болмай тұр. Әке-шешем де бұл жайлы көп қозғай бермейді. Қаншама тер төгілді, күш жұмсалды. Енді осының бір нәтижесін көрсеткенімді қалайды.

– Отбасыңызда өзіңізден басқа спортпен кәсіби шұғылданатын жандар бар ма?

– Ата-анам жас кезінде футбол, волейбол ойнаған. Бірақ, кәсіби емес. Өзімнен кейінгі бауырларым да өз жолдарын басқа мамандықтан тапты.

– 51 келі салмақта Қазақстанда тағы бір талантты боксшы Назым Қызайбай бар. Араларыңызда алма-кезек ұтыс пен ұтылыс болып жатады. Шаршы алаңнан тыс қарым-қатынастарыңыз қалай?

– Өмірде сәлеміміз түзу. Қанша уақыттан бері ұлттық құрамада бірге жаттығып келе жатырмыз. Оның да, менің де мақсатым – Қазақстан боксын биіктен көрсету. Армандары бір адамдарда арандатушылық болмайды.

– Елімізде қыздар боксының даму қарқыны қалай?

– Өте жоғары қарқынмен даму үстінде. Осыдан 5-6 жыл бұрын біздің боксшыларымызбен аса қатты санаса бермейтін. Ал қазір кез келген турнирге бара қалсақ, бәрі үрке қарайды. Рингте тартынып бокстасады. Әрине, бұл қазақ қыздарының еңбекқорлығының, Қазақстан бокс федерациясяның жасап жатқан жағдайының арқасы деп білемін.

 Спорттан басқа хоббиіңіз бар ма?

– Спорттан басқа-а-а, футбол ойнаймын (күліп). Одан басқа ешқандай нәрсеге қызықпайды екем. Бос уақытым бола қалса, ауылға әке-шешімнің жанына аттанамын. Жақын жандарыммен уақыт өткізген бәрінен артығырақ.

Ырымға сенесіз бе?

– Ырымға сене бермеймін, тек шаршы алаңға «бісмілләмді» айтып шығамын.

Ең есте қалған жекпе-жегіңізді еске түсіріңізші...

– Жекпе-жек емес, бір турнир ерекше жадымда қалды. Ең алғаш рет шетелге шығып, Түркияда өткен А сынып турниріне қатыстым. Сол бәсекеде асығым алшысынан түсіп, чемпион атандым. Әнұранды естігенде, қатты толқып, бойымды қуаныш кернеген еді. Осы бір ғажайып сәтті ешқашан ұмытпаймын.  

Бокста жиі қолданатын, жаныңызға жақын тәсіліңіз бар ма?

– Әр боксшының өз стилі бар. Біреуі қаша жүріп ұрыс салғанды ұнатады. Біреу бірінші нөмермен шабуылдағанды ұнатады. Ал менің жаныма жақыны алдап жүріп жұдырықтасу.

– Кикбоксинг пен бокс тәсілдерін рингтен тыс пайдаланған кезіңіз болды ма?

– Ешқашан пайдаланып көрмеппін. Ең алғашқы бапкерім Виктор Ничай өте қатал болған кісі. Спортқа келген кезде үйреткен тәсілдер тек сол спорт залында немесе арнайы турнирлерде қалғанын талап етті. Себебі, көптеген талантты, болашағынан мол үміт күттіретін спортшылар көше төбелесінен спортқа жарамсыз, тіпті мүгедек болып қалған екен. Сол кісінің талабын әлі күнге дейін орындаймын. Оның үстіне қыз бала болған соң да, ұрыс-төбелестерден аулақтаумын.

– Жарақат жиі аласыз ба?

– Көп болды деп айта алмаймын. Мүмкін соққылары жойқын келетін ерлер боксы жарақатқа жақындау шығар. Ал бізде дәл тигетін соққылар аз. Кездесу барысында емес, дайындық барысында оқыс бір жерімді ауыртып алуым мүмкін. Тіл-көзім тасқа, әзірге ауыр жарақаттан аулақпын.

Қызықты оқиғаларға жиі тап боласыз ба?

– Түркия елінде кезекті турнирге барған болатынбыз. Құрама қыздары қонақ үйдің әр бөлмесіне екі қыздан жайғасты. Менің қасыма үлкен салмақта жұдырықтасатын Юлдуз Маматкулова есімді қыз түсті. Екеумізге душ ортақ болған соң, жиі таласып қаламыз. Бір күні Юлдузбен ойнайын деп шештім. Ол душ қабылдап жатыр. Байқасам үсті сабын, шампунь, көбік-көбік. Жылдам есікті ашып қалып, «Юлдуз, анда Қазақстан мен Ресей қыздары төбелесіп жатыр, тез барайық» дедім де, жүгіріп шығып кеттім. Артыма қарасам, орамал жамыла салып, көбік-көбік түрімен атып шығып, «Қайда? Қайда?» дейді. Ал кеп күлейін... 

Тағы бірде Германиядан Қазақстанға ұшқалы тұрмыз. Әуежайдамыз. Қарасам теледидардан футбол жүріп жатыр. Алдына жетіп бардым. Басқа да көптеген адамдар артымнан жиналып қалды. Ал мен кіріп кеткенім соншалық, өзімнің әуежайда екенімді ұмытыппын. Біздің қыздар әбден іздеген. Бір кезде жаттықтырушымның менің атымды айтып, айқайлап жүргенін естіп қалдым. Сонда барып, ұшқалы тұрғанымыз есіме түссін. Осылай менің кесірімнен ұшақтан қала жаздағанбыз. Ақталуға шама жоқ. Бапкерден ұрыс естіп қалғанмын.

– Салмақ қуу қалай жүреді? Тамақтан шектеу сіз үшін қаншалық қиындық туғызады?

–  Салмақ қуу әр жарыстың алдында он күн бұрын басталатын процесс. Майлы, ұннан жасалған тамақтардан шектеу болады. Сұйық тамақты жеуге тырысамыз.

Тамақ демекші, өзіңіз асханаға жақынсыз ба?

– Мүлде-мүлде. Себебі, менің артымнан ерген екі сіңлім бар. Оларды жұмсап үйренгенмін, әзіл ғой... Мен көбінесе жаттығуға кетіп, ас әзірлеуге уақытым бола қоймайтын.

– Гардеробыңызда көйлек көп пе?

– Жоқтың қасы. Тіпті соңғы рет қашан көйлек кигенім есімде жоқ. Өзім де аса көйлекке құштар емеспін. Спорттық киімдермен жүрген ыңғайлырақ.

– Кәсіби мансабыңызды аяқтаған соң, қандай жоспарыңыз бар?

– Спорт саласында қалатын шығармын. Бірақ, бапкер боламын деп айта алмаймын. Ол жүйкені жұқартатын ауыр жұмыс. Әйтеуір, нақты білетінім, бокстың айналасында қаламын.

– Жайна, әңгімеңізге көп рақмет. Келе жатқан әлем чемпионатында топ жаруыңызға тілектеспін.

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: