«Garden Day-Aport»: Отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен бақ күні өтті

21 Қыркүйек, 23:10 1511

Ұлттық ғылым академиясы алғаш рет Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының «Талғар» өңірлік филиалының базасында «Garden Day-Aport» тақырыбында бақ күнін өткізді. Онда «Апорт» алма сортын жандандыру және сақтау мәселесі көтеріліп, бау-бақша және ауыл шаруашылығындағы озық технологиялар таныстырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Алматы облысы Талғар ауданындағы Алмалық ауылында өткен шараға Ауыл шаруашылығы, Экология және табиғи ресурстар министрлерінің орынбасарлары, Алматы облысының әкімінің орынбасары, сондай-ақ ЖОО, ҒЗИ басшылары, агробизнес өкілдері және халықаралық сарапшылар, соның ішінде Болгария, Польша және Түркиядан келген ғалымдары қатысты.

(Фото: Ұлттық ғылым академиясы)

Шарада сөз сөйлеген ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев Қазақстанның бақ шаруашылығы саласын дамытуға үлкен әлеуеті бар екендігін атап өтті. Айтуынша, ұлттық бренд - апортты қайта жаңғырту мәселесінде елімізде генетикалық зерттеулер мен қазіргі биотехнологиялар қолданылады.

Қазақ жеміс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының «Талғар» филиалында 5 гектар жерге апорттың Алматы және Қанды-қызыл сорттарының аналық көшеттері отырғызылды. Бұл көшеттер апорттың 115 түрінің ішінен дәмі мен ауруға төзімділігі бойынша ең үздіктерін іріктеу арқылы алынған. Көшеттерді отырғызу кезінде институт ғалымдарының әзірлеген технологиясы қолданылды. Сонымен қатар, генетикалық талдау арқылы апортпен үйлесімді жабайы "Сиверс" алмасының түрлері іріктеліп, олардан 0,4 гектар жерге тұқымбақ (питомник) отырғызылды. Бұл тұқымбақ болашақта сау апорт көшеттерін өсіруге септігін тигізеді, - деді Ақылбек Күрішбаев.

(Фото: Ұлттық ғылым академиясы)

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков бақша шаруашылығын дамыту елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикасы үшін маңызды екенін, Үкімет тарапынан бағбандарға жан-жақты қолдау, соның ішінде инвестициялық субсидиялар ұсынылатындығына тоқталды. Ал Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов апорт өсірудің қиын әрі көп шығынды екенін ескертіп, аймақта апорт бақтарының ауданы күрт азайғанын алға тартты. Сондықтан мемлекет пен шаруалар бірлесіп жұмыс істесе, апорт өсіруді қайта жандандыруға болады.

(Фото: Ұлттық ғылым академиясы)

Іс-шараның қорытындысы бойынша қатысушыларға Қазақстанда бау-бақша шаруашылығын дамытудың жоспарлары мен перспективалары, соның ішінде апорт сортын жаңғырту және сақтау мәселелері туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар, өнімнің экологиялық қауіпсіздігі мен топырақ құнарлылығын арттыруға баса назар аудара отырып, жеміс-жидек дақылдарын өсіру технологиялары бойынша ғылыми-тәжірибелік ұсыныстар айтылды.

Ұлттық ғылым академиясының мәліметінше, өткен жылы Қазақстан 251,5 мың тонна алма өндірген, оның 98,5 мың тоннасы импортталды. Өнеркәсіптік бақтарда 194,1 мың тонна өнім өндірілді. Биыл бірінші жартыжылдықтың өзінде 40,9 млн долларға 94 мың тонна алма импортталған. Алайда Қазақстанның алмаға сұранысы 300-320 мың тонна, ал өнеркәсіптік мақсатта алмамен өзін-өзі қамтамасыз ету 60% ғана болып отыр.

Перизат Саденова
Бөлісу: