Гараждан басталған 15 ірі жоба

15 Мамыр 2018, 15:45 10202

Бір жобаны бастау үшін көп қаржы, үлкен ғимарат немесе бірнеше жұмысшының қажеті жоқ екен. Кейбіреулерге тіпті жай сарайдың өзі жетіп жатыр

Көпшілігіміз жаңа бір жобаны бастап, бизнес ашып, кітап жазып немесе ғылыми жаңалықтар ашуды армандайтынымыз жасырын емес. Идея деген жетіп артылады, бірақ оның жолын кесе-көлденең әртүрлі жағдаяттар кесіп отырады. Мәселен, ақша тапшылығы, арнайы білім немесе машықтың болмауы, уақыттың жетіспеуі және тағы басқа толып жатқан себептер. Бірақ, мұның барлығы сылтаулар ғана. Біз сіздерге гаражда аздаған тиын-тебенмен басталып, бүгінде әлемдік деңгейлі компанияға айналған жобалар туралы баяндаймыз.  

Apple

Apple қазір әлемдегі ең беделді  компаниялардың бірі болып есептеледі. Компанияның былтырғы жылғы табысы 88,3 млрд АҚШ долларын құрайды. Ал осы алпауыт компания тарихы Стив Джобстың ата-анасының гаражынан басталған. 1976 жылы Джобс пен Стив Возняк осында 30 күн ішінде 50 компьютерді құрастырып шығып, жергілікті сатушыға берген. Әр компьютер 500 $-дан сатылып кетеді.

The Beatles

The Beatles құрылғанға дейін Джон Леннон мектептегі достарымен The Quarrymen деп аталатын топтың мүшесі болған. Болашақ супержұлдыздардың біреуінің ата-анасы олардың шуын көтере алмай, үйден қуып шығады. Болашақ мега жұлдыздар өз  репетициясын үй артындағы ескі сарайда жалғастырған екен. 

Amazon

1994 жылы Джефф Безос өз гаражында Amazon-ды кітап интернет-дүкені ретінде құрады. 1995 жылдың шілде айында компания осы көлікжайда қатталған алғашқы кітабын сатылымға шығарды.

Microsoft

1975 жылы Билл Гейтс пен Пол Аллен көлікжайда болашақ Microsoft корпорациясының негізін салды. Дәл осы жерде олар IBM үшін алғашқы операциялық жүйесін 80 000 $-ға лицензиялай алды. Кейінірек, екеуі компьютерлер нарығында әлі күнге дейін лидерлік орнынан таймаған Windows-ты ойлап тапты.

Maglite

1955 жылы Энтони Маглика бір гаражды жалға сұрап, 125 $-ға алғашқы станогын сатып алады. Осыдан кейін кішігірім шеберхана құрылып, бірнеше жылдан кейін атақты қалта шамы шығарыла бастады. Ал қазір Maglite төрткүл дүниеге танымал бренд және Америкалық полициялардың арнайы жабдықтарының құрамына кіреді.

Mattel

1945 жылы жас жұбайлар Рут пен Эллиот Хэндлер өз бизнестерін бастағысы келіп, гаражда картинка жақтауларын дайындауға көшеді. Ал одан қалған қиындыларынан үйшіктер мен қуыршақтардың жиһазын жасайды. Ойыншықтар жасау үшін бір ғана қадам қалған еді. Ал ол қадамды Хэндлерлер 1959 жылы Барби қуыршағын таныстырылымға шығару арқылы жасады.

Harley Davidson

1901 жылы Уильям С.Харли өз велосипедіне қозғалтқыш орнатуды жоспарлайды. Осылайша досы Артур Дэвидсонмен бірнеше жыл бойы алғашқы мотоциклдерін кішігірім сарайда жасап шыққан. Аты аңызға айналған Harley-Davidson эпопеясы осылайша басталған.

Yankee Candle

Бүгінгі күн бұл мерекелік майшамдарды шығаратын ең танымал өндіруші болып саналады. 1969 жылы 17 жастағы Майк Китредж Рождество мейрамы қарсаңында ата-анасын қуанту үшін гаражда балауыз қарандаштарды балқытып майшам жасайды. Бұл өнімнің сәтті болғаны соншалық, содан кейін-ақ, Майкке тапсырыс берушілер көбейген.

Linksys

1988 жылы Linksys-тың  негізін Тайваньнан келген отбасылық жұп Дженни мен Виктор Цаолар қалады. Олар да біздің басқа кейіпкерлеріміз сияқты өз компаниясын қайта жабдықталған шеберханадан бастаған. Бір қызығы, Виктор 1991 жылға дейін бұрынғы Taco Bell дәмханасында қатар жұмыс істеп келген. Бүгінде Linksys – үй мен кішігірім офистерге арналған желілік танымал брендке айналды.

Disney

1923 жылы Уолт пен Рой Диснейлер туысқан ағасы Роберттің үйіне көшіп келеді. Оның гаражында ағалы-інілі Диснейлер бүгінгі күні ең ірі киностудияның бірі болып есептелетін The First Disney Studio-ның негізін салды.

Google

1998 жылдың жазында Стэнфорд студенттері Ларри Пейдж бен Сергей Брин өз оқу жобасын жүзеге асыру үшін Google-мен жұмыс жасай бастайды. Болашақ іздеу гигантын құру жұмыстары Сьюзен Воджискидің гаражында өтеді.

Hewlett-Packard

1939 жылы дүние жүзіндегі ірі технологиялық компаниялардың бірі HP 538$ инвестициямен көлікжайда құрылды. Дәл сол жерде Билл Хьюлетт пен Дэйв Паккард аудиоосциллятор жасап, Walt Disney-ге сатқан еді. Болашақ гиганттың алғашқы сатып алушысы осы компания болып тарихта қалды.

Lotus Cars

1984 жылы Энтони Колин Брюс Чэпмен алғашқы жарыс автомобилін ата-анасының гаражында құрастыра бастады. Қазірде Lotus спорттық әрі жарыс көліктерін шығаратын британдық танымал өндіруші.

Nike

Nikе-тың (1964 жылдан 1978 жылға дейін – Blue Ribbon Sport) негізін желаяқ-студент пен жаттықтырушысы қалады. Олардың бизнес-идеясы өте қарапайым болды. Әрқайсысы 500$ салып, азиялық өндірушілерден 300 жұп кроссовкалар сатып алып, өз брендтерімен сата бастаған. Осыған қарамастан, олардың гаражды жалға алуға шамалары келмеген және сауданы автомобильдің жүк тиейтін бөлігінде жүргізген.

Patagonia Clothing

Ерте жастан альпинизмге қызыққан Ивон Чоулнард 1957 жылы 18 жасында керекті құрал-жабдықтарды сатып алып, ата-анасының көлікжайына орналастырады. Компания арнайы ілмектер шығарып, оның әрқайсысын 1,50$-дан сата бастайды. 2012 жылы Patagonia Clothing-тың айналымдағы қаражаты 500 млн. АҚШ долларына жетеді. Ал қазір компания белсенді демалысқа арналған киімдер шығаратын негізгі өндірушіге айналды.

Бұл аталған компаниялардың негізін қалаушылар гаражда басталған жұмыстары мұншалық табысты болады деп ойламаса керек. Олар сүйікті ісіне сарқылмас энтузиазмммен кірісті. Табысың кілті гараж деп ойлап қалмаңыз, әрине. Кез келген табысты жобаны іске асыру үшін өз ісіңе деген сүйіспеншілік, ерік-жігер және батылдық қажет. Ішіңізде бұғып жатқан ғаламат жобаны жүзеге асырудың алғашқы қадамын жасаудан қорықпаңыз!

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: