Ғалымжан Жақияновқа қатысты қозғалған іс тоқтатылды

31 Тамыз 2023, 16:16 1147

Павлодар облысының экс-әкімі Ғалымжан Жақияновқа қатысты қайта қозғалған іс қылмыс құрамының болмауына байланысты жабылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

"Павлодар облысының полиция департаменті Павлодар облысы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына және басқа да тұлғаларға қатысты алаяқтық, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену және қорқытып алу фактілері бойынша қайта қозғалған қылмыстық істі қабылдады. 2023 жылғы 23 тамызда іс бойынша қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтату туралы соңғы процессуалдық шешім шығарылды", – делінген облыс прокуратурасы берген жауапта.

Бұған дейін Павлодар облысы бойынша Антикор департаменті Ғалымжан Жақияновқа қатысты қылмыстық істің тергелуін растаған болатын.

Ғалымжан Жақиянов 20 жыл бұрын өзіне қатысты қозғалған қылмыстық істердің жақында қайта қозғалуына байланысты пікір білдірді.

Алдымен айтарым, бұл істердің бәрі мен Құсмұрын колониясында отырған кезімде ашылған. Сондағы Назарбаевтың тапсырмасымен колонияға келген шабармандар, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК, немесе КНБ) басшылары өздерінің мақсаттарын жасырмады. Олар мені саясаттан және Қазақстандағы демократия үшін күрестен бас тартуға, жазбаша және видео арқылы президенттен кешірім сұрауға мәжбүрлегісі келді. Талаптарын орындамаған жағдайда үстімнен жаңа қылмыстық істер ашып, мені түрмеге мәңгілікке қамаймыз деп қысым жасады. Маған қарсы көптеген “дәлел материалдар” бар деп қорқытпақшы боп, әкелген жәшіктеріне қарай сілтегендері есімде, - деп жазды. 

Ол бопсалауға көнбей, ҰҚК-мен «қызметтесуден» үзілді-кесілді бас тартқаннан соң қылмыстық істер қозғалғанын айтты.

Ұзын саны 10-ға жуық, нақты қанша екенін тергеушілердің өздері де білмеді. Тегі, айыптаулардың заңдылық сапасы өте төмен болғандықтан, бұлар істердің санын көбейткен тәрізді. Алайда, бірнеше тергеу әрекеттерінен кейін қылмыстық қудалау нәтиже бермейтініне және де мені саяси өкіндіруден ештеңе шықпайтынына ҰҚК-нің ғана емес, ел басшылығының да көзі жетті. Амал қалмаған соң, билік мені түрмеден шығаруға мәжбүр болды. Осылайша, 2006 жылы сот шешімімен мен шартты түрде мерзімінен бұрын (УДО-мен) босатылдым, - деді ол.

Ғалымжан Жақиянов 20 жыл бойы өзі және адвокаттарымен бірге тиісті мемлекеттік органдарға арыздар мен талаптарды жазған. Әр жолы ҰҚК мен “құқық қорғау” органдарынан түрлі сылтауратқан мәнсіз жауаптар келді дейді.

Енді міне, «қылмыс құрамы жоқ» деген тұжырыммен барлық істер ресми түрде жабылды. Бірақ мен ол істердің жабылуымен ғана әділет толық орнады деп есептемеймін. Сол заңсыз әрекетке қатысы болған лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту жайында заңгерлермен кеңесіп отырмын. Мен оны кек алу мақсатымен жасап отырған жоқпын. Шын мәнісінде, маған және басқа да саяси қуғынға ұшыраған адамдарға қарсы ашылған осындай жалған істер биліктің ең басында ұйымдасқан қылмыстық топ қалыптасқанын көрсетеді, - деп жазды.

Ғалымжан Жақиянов бұдан былай қылмыстық істі ойдан шығаратындар, әсіресе, мұндайды жасауға бұйрық беретіндер ерте ме, кеш пе жауапқа тартылатынын білуі керек екенін айтты. Сондай-ақ Қазақстанда ешкім биліктен басқаша ойлағаны үшін және бейбіт саяси күресі үшін қудаланбауы керек деп есептейді.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: