Ғалымдар қазақ жылқысының жаңа тұқымын шығармақ

10 Қараша 2022, 11:39 3151

Ол қазіргі дамып жатқан аламан бәйге, көкпар, басқа да дала ойындарына қажетті тұқым болмақ

Ғибыратты ғұмыр мәнсіз-мағынасыз ілби басқан өмірмен өлшенбейді.  Бұлқынып жатқан бұла күшті бағамдап,  ішкі жан-дүниедегі  рухани аңсарды аңғара білген жандар ғана ел аузында. Ондай адамды халқымыз нағыз азаматқа балайды. Өмір өнегесі адамның жүрген жолы, сіңірген еңбегі, арқалаған аманаты.

Сондай азаматтың бірі ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, ауыл шаруашылығы академиясының академигі, «Мұғалжар» жылқы тұқымының авторы – Нәбидолла Кикебаев. Орайы келгенде Нәбидолла Ақанұлын әңгімеге тартып, сұхбаттасқан едік.

Нәбидолла Ақанұлы, әр адамның өмір соқпағында жадында жатталып қалатыны балалық шақ. Сіздің де сол балауса кездеріңіз есіңізде ме?

– Алматы облысы Жамбыл ауданындағы атақты «Дегерес» жылқы зауытында дүниеге келіппін. Бұл ауыл кеңес дәуірінде тікелей Мәскеуге бағынатын. Бала жастан Қамбар Ата түлігінің қадырын түсініп, ауыздық шайнаған асаудың жалына жармасқан мен жылқы малын жаныма жақын тарттым. Ол кезде  «Дегерес» жылқы зауыты шапқанда жалын жел тараған тұлпарларымен Одаққа танылған еді. Сондықтан  болар осы бір шашасына шаң жұқпайтын сәйгүліктерді қызықтап өскен менің бала қиялым үлкен арманға ұласып, ата-бабамыз­дың жан серігі болған тұлпарлар туралы көп ойлайтынмын. Ұланғайыр дала  тұрғындарының тыныс-тіршілігі, өмір-салты, тіпті бүкіл мәдениеті жылқы түлігімен тығыз байланыста екенін сізіндім. Ауыл баласы болғасын тауды, жайлауды атпен жиі аралайтынмын. Мектеп бітіріп, мамандық таңдағанда Алматының ауылшаруашылығы институтына бет бұрдым. Ондағы ойым ауылға жақын болу.

Нәбидолла Ақанұлы, бірақ сіз жоғарғы оқуды тәмамдаған соң ауылға бармадыңыз ғой. Ғылым жолына түстіңіз. Оған не себеп болды?

– Мен студент кезінде-ақ  Қамбар Ата түлігінің қыры мен сырын жетік мең­геруге ұмтылдым. Білім мен ғылымды ұштас­тыра түстім. «ДНК», «Генетикалық  код», «Жануарлардың қан құрамындағы транс­феррин мен  гемоглобиннің полимофизмі» деген та­қырыптарда зерттеулер жүргізуді қолға аладым. 1979 жылы жоғарғы оқу орынын ерекше дипломмен бітіріп, аспирантураға қабылданғанда, ойымдағы мақсатты жетілдіріп, жылқының жұмбақ дүниесін зерттесем деген үміт алға жетеледі.

1984 жылы Рязань қаласында Бү­кілодақтық жылқы зерттеу институтында ғылыми диссертация қорғадым. Осы еңбегімде қа­зақ жылқысының жаратылысындағы ерекшелік, өсу заңдылықтарын жан-жақты дәлелдеп бердім. Сол кезде киелі қазақ жылқысының тұқымын дүниежүзі былай тұрсын, тіпті Кеңес Одағының реестрінде тіркелмегендігін анықтадым. 1990 жылы өзіміз жасап шығарған «Сарыарқа» деген тұқымды Мәскеуде тіркетейін дегенімде олар көнбей қойды. Сондағы айтқандары, қазақ жылқысы деген жоқ, демек одан будандастырылып алынған «Сарыарқа» тұқымы да болуы мүмкін емес деді. Мен де ашуға бастым. Қалай жоқ, адамзат тарихында алғашқы болып жылқыны біздің ата-бабаларымыз қолға үйреткен. Әлемге тараған жылқы тұқымының отаны – Қазақ елі. Әлем жұртшылығына ер-тұрманды да танытқан біздің бабалар деп дәлелді деректерді алдарына тарттым. Сонда да олар тізімдерін көрсетіп, ішінен қазақ жылқысын тауып алшы дейді. Қарадым. Якут, қырғыз, орыс, түркімен, манғол, ағылшынның жылқылары бар да, қазақтың Қамбар атасы жоқ. Әйтеуір тарихты қопарып, жылқы атауларына, түр-түсіне қатысты тарихи сөздерді көрсетіп, тізімге тіркеттік. Одан кейін қазақ жылқысының сипаттамасы дүнежүзілік тізімге енгізілді.

Жалпы қазақ жылқысының негізінде неше тұқым шығарылды. Шығарылған болса ол тұқымның өзге ел жылқыларынан ерекшелі неде?

– Қазақ жылқысының негізінде төртінші тұқымды шығарайын деп жатырмыз. Былайша үш тұқым бар. Оның бірі қазақ жылқысының негізінде шыққан «Көшім» жылқысы. «Мұғалжар» жылқысы. Бұл тұқым Ақтөбе, Қызылорда, Қарағанды облыстарында шықты. Сосын, «Қостанай» жылқысы. Бұл тұқымды 1951 жылы шығарған. Негізінен мал бағуға, арба-шанаға жегуге бағытталған. Содан бері қаншама жыл өтті. Ол тұқым қажетсіз болып қалды. Өйткені, бағып жатқан малымыз жоқ. Сондықтан, қазір жаңа тұқымды шығармақ ойымыз бар. Ол қазіргі дамып жатқан аламан бәйге, көкпар, басқа да дала ойындарына қажетті тұқым болмақ. Әйтпесе, бұл ойындарға жарамды жылқыны шетелден сатып алуға мәжбүрміз. Алып келген күннің өзінде жақсы жетістікке жетіп жатқаны шамалы. Яғни, өзімізде болмағасын жарымаймыз.

Мен «Мұғалжар» жылқы тұқымын шығаруға барынша еңбек сіңірдім.  Бұл тұқымның бір ерекшелігі,  етті-сүтті, жыл он екі ай жайылымда, тебіндеп жүріп-ақ жоғары өнім береді. Дүниежүзінде баламасы жоқ жылқы тұқымы екендігін шетелдіктер де мойындап, бағасын берген. Жылқының бұл тұқымы кез келген жерге бейім­деліп, 40 градустық қапырық пен 40 градус аязға да төзімділігін байқатқан. Жылқының бұл тұқымын кезінде жылқы зерттеуші ғалымдар Ю.Барминцев пен Н.Анашина жоғары бағалаған.  

Сіз ат спортын насихаттауға да көп еңбек еттіңіз. Кешегі кеңестік дәуірде ұмыт болған дала қырандарын жандандыруға күш-жігер жұмсадыңыз. Нәтиже болды ма?

– Қазақ үшін жылқы тектіліктің бір нышаны. Өзінің жаратылысына жылқыдан ұқсастық іздеу тек қазаққа ғана тән қасиет. Қазақ – жылқы десе ішкен асын жерге қоятын халық. Жылқының дүбіріне, күліктің күмбіріне құлақ қойып, елең етпес қазақ баласы  жоқ, сірә.  Жарты ғұмырын ат үстінде өткізген Алаш баласы Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасын жалғады. Алып аумаққа иелік етті емес пе.

Мен 1999 жылы  Қазақ­стан Республикасы Президенті іс басқар­масының «Алтын тұлпар» ат спорт кешенінің басшысы лауазымына тағайындалдым. Жұмысқа кіріскеннен соң жаңа кешенді заман талабына сай лайықтап, сәйгүлік баптауда озық технологияны кіргіздім. Ол үшін сал-серілердің әндерін тыңдауға тура келді. Ақын-жазушылардың ат сынын жазған шығармаларын оқыдым. Сонда таң қалғаным, біздің бабалар атты алыстан таныған екен ғой. Бәйгеге шабатын арғымақты, көкпардың атын түр-әлпетіне қарап-ақ анықтаған. Солардың жазғандарымен мен де ат танитын болдым. Ағылшын, араб айғырларын әкеліп Қостанай жылқыларымен будандастырдық.

Ұлттық ат спортына тән ойындарды үйлестіру жұмыстарын да назардан бір сәт шығарған жоқпын. Астанада өткен атбе­гілердің бірінші құрылтайы  қазақтың ұлттық ат өне­рін бір арнаға салуға үлес қосқанын баршасы біледі. Мажарлар елінде өткен дүниежүзілік атбе­гілер фестивалінде қазақ ұлттық ат спор­тының командасы бірінші орынды жеңіп алғандағы қуанышым әлі күнге дейін есімде.

Міне, содан бері республикада түрлі бәйгелер мен ұлттық ойындарымыздың алуан түрі терең насихатталып, өмірге енді. Ұмыт болып бара жатқан қазақ  ат спортына тән ұлттық ойындардың бағы ашылды.

Нәбидолла Ақанұлы, «Мал сырлас, аттың сыры маған мәлім, Жырым-жылқы, жүйрік ат- салған әнім»,-деген екен Ілияс Жансүгіров өзінің «Құлагер» жырында. Ал Абай  «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ, Қой мойынды, қоян жақ,  бөкен қабақ»,-деген екен. Сол айтылып, жазылып қалған  ат сынына лайық тұқым шығаруға бола ма екен?

– Жылқыға қатысты методикалық әдістемелерін ата-балаларымыз баяғыда-ақ жасап қойған. Сол әдістемеге көп сүйендім. Неге десеңіз, олар кезінде көп жылдық тәжірбиемен жасаған. Кейбіреулер бұрынғы қазақ қоғамында жылқыны асылдандыру деген болмаған дегенді айтады. Ал, ақтарып отырсақ атам қазақ қай биені қандай айғырмен шағылыстыру  керектігін білген. Одан қандай құлын туатынын да дөп басқан. Солтүстікте отырып оңтүстіктегі текті жылқының түр-түсіне дейін біліп отырған.

Бір жылқының тұқымы ауысуы үшін 4-5 жыл керек. Жалпы тұқымды әр айғырдан бір құлын алу үшін кемінде 15-20 жылдай уақыт керек. Және ол жақсы тұқым болу үшін генетикасын қатыруды қажет етеді. Ал, біреулер бір айғыр салып-ақ текті тұқым аламын деп көкиді. Бұл коммерциялық ағыммен жүретіндердің түсінігі ғой.

Қай істе болсын жаңашылдық болған дұрыс. Асықпау керек, сонда ғана таза қанды тұқым шығады. «Малғажар» тұқымды жылқы қазір үлкен сұранысқа ие. Шетелден келіп саудалайтындар артып келеді. 

Мен қы­тай­дың Бейжің қаласында өткен дүниежүзілік жиында қазақ жылқысы, қазақ ат спорты жайлы қазақша баяндама оқыдым.  Франция, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея елдерінде де қазақ жылқысы туралы еңбектерімді таныстырдым.   

Нәбидолла Ақанұлы, жылқыға қатысты әңгімені ұзақ айтуға болады және ол дәмі жоғалмайтын әңгіме. Ендеше, алда осы тақырыпқа тағы бір ораламыз. Ал, сізге бүгінгі әңгімеңіз үшін алғыс айтамыз.

Жанат Жанұзақов
Бөлісу: