Ғалымдар аусыл ауруының пайда болу себептерін зерттеді

8 Ақпан, 08:11 832

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғасырға жуық тарихы бар Shakarim University ғалымдарының ілкімді де, іргелі жетістіктерін бөлісті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тағы бір ақжолтай жаңалық, биыл білім ордасы өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтеді.

Кезінде Шәкәрім атамыз:

Сен ғылымға болсаң ынтық,
Бұл сөзімді әбден ұқ.
Білгеніңнің жақсысын қыл,
Білмегеніңді біле бер, - деп жырлағандай, көптің игілігі мен ғылымның пайдасы үшін аянбай еңбектеніп келе жатқан Шәкәрімдік әріптестердің ғылыми прогресін сіздерге айтып өтпекпін, - дейді министр.
 
Абай өңірі ықылым заманнан бері мал шаруашылығын кәсіп еткен. Жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлер дәуірінде биологиялық қауіпсіздік маңызды мәселеге айналуда. Осы бағытта Шәкәрім университетінің Агротехнопаркінде ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор Абдрахман Байғазановтың «Аса қауіпті аурулар бойынша халық пен жануарлардың биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» тақырыбындағы жобаның маңыздылығы зор деп санаймын. Ғалымдар бұл жобаны жобаны Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп жүзеге асырды.
 
Аталған жоба осы саладағы соңғы ғылыми жетістіктер мен үздік тәжірибелерге негізделген биологиялық қауіпсіздікті тұрақты негізде қамтамасыз етуге бағытталған. Өйткені, адам мен жануарлардың қауіпсіздік мәселесі ғылымның дамуындағы сабақтастықпен тікелей байланысты екендігін атап өткен жөн.
 
Ғалымдардың зерттеу нәтижесінде эпизоотиялық мониторинг жүргізілді. Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында жоғары патогенді құс тұмауы, ірі қара мал нодулярлық дерматиті және аусыл ауруының қауіп факторлары зерттеліп, аталған аурулардың ветеринарлық-профилактикалық іс-шараларына талдау жүргізілді. Сондай-ақ жұқпалы аурулардың пайда болуының бірқатар факторларға тәуелділігін көрсететін карталар құрастырылды. Осының барлығы – өңір мен отандық ғылым үшін, әсіресе, аграрлық секторға септігін тигізері сөзсіз.

Осы жоба қауіпті аурулардың алдын алуға, сондай-ақ, АӨК саласындағы жас ғалымдардың тұрақты дамуы мен білікті мамандарды даярлауға ықпал етпек. Ізденіс пен шығармашылықты, ғылым мен білімді айқын мақсат етіп келе жатқан Шәкәрім университетінің  ұжымына тек жетістіктер тілеймін. Торқалы 90 жылдық мерейтой құтты болып, бағындыдар белесі молынан болсын деген тілектестігімді білдіремін!, - деді министр.

Перизат Саденова
Бөлісу: