Ғалымдар Сарайшықтың тарихын талқылады

3 Сәуір 2017, 18:40 2708

Көне шаһардың тағдыры   

Астана қаласында алғаш рет Мәдениет және спорт министрлігі, Атырау облысы әкімдігінің бастамасымен Сарайшық қалашығын сақтап қалу бойынша алдағы шаралар мен ғылыми зерттеулер қорытындысын талқылауға жиналды. Маңызды басқосуға шетелден келген сондай-ақ отандық 40-тан аса ғалымдары қатысты.

Ортағасырлық оқиғаның маңыздылығы жөнінде халықаралық конференцияның пленарлық отырысына мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.  

«Сарайшық: ұлы қала тарихы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізу жөніндегі бастаманы жақында Атырау қаласында өткен жиын себепші. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт Министрлігі Атырау облысының әкімдігімен бірлесе осы игі бастамаға мұрындық болып отыр. Конференцияны ұйымдастырушылар Сарайшық қалашығының ары қарайғы тағдырына, сондай-ақ, қалашықты қалпына келтіру мен бұзылудан сақтау мәселелеріне жоғары білікті шетелдік және отандық ғалымдардың назарын аудартуға ниетті.    

Қазіргі таңда табиғи-климаттық және антропогендік факторлардың әсерінен Сарайшық қалашығының жағдайы министрлік, әкімдік, қоғам мен ғалымдар тарапынан алаңдаушылық туғызуда. Ескерткіштің құжатына сәйкес, оның ауданы 100 га. құрайды, алайда ескерткіштің аумағы Жайық (Орал) өзені шаюының әсерінен жылдан жылға азайып келеді. Қазіргі таңда қалашықтың басым бөлігі Жайық (Орал) өзенінің әсерінен бұзылған. 

Ғылыми конференцияны ашқан ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Сарайшық қаласының өз заманындағы Батыс пен Шығысты байланыстырған Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды сауда және мәдени орталық болғандығын атап өтті. Сарайшық туралы мәліметтер ортағасырлық араб, парсы, батыс деректерінен кездеседі. Сарайшықта Алтын Орда және қазақ хандары пантеонының болуы, белгілі тұлғалар мен мұсылман діні қайраткерлерінің жерленуі бұл қаланың маңызын одан әрі арттыра түседі.

«Дегенмен, бүгінгі таңда тарихи қаламызға қатысты проблемалар да жетіп артылады. Сарайшық қалашығына табиғи-климаттық, антропогендік факторлардың әсері күшті болып отыр. Сол себепті қалашықты сақтау және қалпына келтіру мәселелері өзекті. Бұл проблемаларға біз білікті шетелдік және отандық ғалымдардың назарын аудартуымыз керек. Сөйтіп, ұтымды бірлескен шешімдер қабылдағанымыз жөн» деп атап өтті министр.

Ол сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрлігі 2015 жылы «Сарайшық» қалашығының археологиялық ескерткіштерін реставрациялау және консервациялау жұмыстарының жобалау-сметалық жұмыстарын әзірлеп, 2017 жылы қалашықты консервациялау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырғандығын айтты. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылдары да жалғасын табатын болады.

Конференцияда ғалымдар Жайық өзенінің жағалауын бекіту жұмыстарын аяқтап, археологиялық қазба жұмыстарын жалғастырғаннан  кейін қалашықта консервациялау жұмыстарына барлық ресурстарды жұмылдыру керектігіне тоқталды.

Отандық ғалымдардың пікірінше, Сарайшық қалашығы еліміздің туристік тартымдылығын арттырады. Ол үшін көне мұраны ашық аспан астындағы музейге айналдырып, өңірдің туристік инфрақұрылымын дамытуға күш салған жөн. Сондай-ақ, облыстық «Хан Ордалы Сарайшық» музей-қорығының жұмысын жетілдіру қажет.

Ғылыми конференцияға ҚР Парламентінің депутаты Сәрсенбай Енсегенов, Санкт-Петербург заңнамалық жиынының депутаты Алексей Ковалев, жетекші ресейлік ғалымдар – Эмма Зиливинская (Миклухо-Маклай атындағы этнология және антропология институты, Ресей),  Николай Боковенко (РҒА ММТИ), жетекші қазақстандық ғалымдар, тарих ғылымдарының докторлары, белгілі археологтар Зейнолла Самашев, Даниял Кидирниязов, Карл Байпақов, Болат Кумеков, Жәкен Таймағамбетов, Ғарифолла Есім, Берекет Кәрібаев, Мұхамбетқали Кипиев тәрізді қоғам және мәдениет қайраткерлері,  ғалымдар, қоғамдық ұйымдардың, мемлекеттік мекемелердің  өкілдері, жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Сонымен қатар, конференция аясында Сарайшық қалашығы тарихына арналған көрме ұйымдастырылды. Көрмеге ежелгі қалаға қатысты көптеген құнды археологиялық бұйымдар, картиналар және т.б. заттар қойылды.

Бөлісу: