Галбадрах туралы 7 дерек

23 Мамыр 2017, 11:49 7898

Ол әлемдік рейтингте көш бастады

Күні кеше халықаралық дзюдо федерациясы спортшылар арасындағы рейтингті жаңалаған болатын. Бұл рейтингте 48 келі салмақта отандасымыз Галбадрах Отгонцэцэг көш бастап тұр. Екінші орында жапондық Ами Конда, ал үштікті моңғол қызы Уранцэцэг Мунхабат түйіндейді. Осы спорт түрінен Қазақстан туын желбіретіп жүрген Галбадрах жайлы 7 деректі назарларыңызға ұсынбақпыз. Ал, сіз Галбадрах деген сөздің қазақшасы Кенжегүл  екенін біліп пе едіңіз?

Отгонцэцэг 1992 жылдың 25 қаңтарында Моңғолияның астанасы Ұлан-Баторда дүниеге келген. Дәл осы күні дзюдодан Олимпиада чемпионы Корея елінің өкілі Ким Джэ Бом да өмір есігін ашқан екен. Біздің моңғол-қазақ қызымыз да осы шыңнан көрінеді деген үмітіміз бар.

Спортқа аяқ басқалы Галбадрах 48 келі салмақта сынға түседі. Ол Әлем Кубогының қола (2011), күміс (2012) жүлдегері, «Үлкен Шлемде» екі рет екінші орыннан көрінген, Еуропа Кубогында күміс, Гран-приде бес рет қола  жеңіп алса, бір рет күміс, тағы бір рет алтынға қол жеткізген.

Галбадрах 2015 жылы Қазақстан азаматтығын қабылдауды жөн санады. Себебі, өз елінде оның салмағында әлемдік рейтингке ұзақ жылдар бойы көш бастаған Уранцэцэг Мунхабат бар еді. Отгонцэцэг азаматтық қабылдаған жылы алты ай бойы ешқандай бәсекеге қатыса алмады, соның кесірінен 15-ші орынға сырғып кетті. Азия біріншілігі мен Азия ойындары оның қатысуынсыз өткен еді.

Галбадрахтың Қазақстан азаматтығын алуының себептері өте көп. Олардың бірі, Моңғолиядан біздің елдің алыс орналаспағаны, қазақтың өмір сүру дәстүрі мен мәдениетінің аздап ұқсастық табуы. Ал басты себеп, Олимпиадаға бір салмақ бойынша әр елден жалғыз спортшының бақ сынай алуы. Бұл салмақтағы Моңғолияның бірінші нөмері ілгеріде айтқан Уранцэцэг екені мәлім. 48 келі Қазақстан құрамасы үшін де бас аурытар салмақ болатын. Тұрақты, жүлде салып жүрген дзюдошының жоқтығын бапкерлеріміз жақсы пайдаланып кетті.

Отгонцэцэг алғаш 2015 жылы Қазақстанның ішкі біріншілігінде топ жарды. Ол фианлда Меруерт Иманғалиевадан басым түсті. Ішкі чемпионатта Галбадрах Оңтүстік Қазақстан облысының атынан қатысады. Қазір ол Шымкентте тұрып жатыр. Ілгерідегі турнир аяқталған соң, ол ұзақ уақыт сайыстардан тыс қалғандықтан, аздап қиындықпен жеңіске жеткенін мәлімдеді.

Рио олимпиадасында Галбадрах Қазақстан қоржынына маңызды қола медальді салып берді. Ең қызығы, бұрыңғы отандасы Уранцэцэг Мунхабат жүлдесіз қалды. «Олимпиада ойындарында жүлдегер атану менің арманым болатын. Қазақстанға медаль алып бергеніме өте-өте қуаныштымын. Ширек финалдағы қателігім одан жоғары нәтиже көрсетуіме жол бермеді. Кінә менен, ендігі бәсекелерді өз қателігіммен жұмыс жасайтын боламын» – деді спортшы.

Еліміздің атынан өнер көрсеткелі дзюдошы 20 турнирге қатысып, соның 18-де медальмен оралған екен. Сондай-ақ, Отгонцэцэг 2016 жылдың қорытындысы бойынша әйелдер арасында әлемдік рейтингтің көшбасшысы болды. Бұл дәрежеге жету үшін ол өткен жылы 10 турнирде 5 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль еншілеген екен.

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: