17 Қараша 2014, 12:02
Бүгінгі таңда біз жаһандық ауқымда, сонымен бірге, әлемнің жекелеген елдерінде орын алып жатқан түрлі дүниежүзілік, өңірлік және ішкі қыр көрсетулердің, тәуекелдер мен қауіп-қатерлердің куәгерлері әрі қатысушылары болудамыз. Қазақстан Республикасы әлемдік кеңістіктегі маңызды геосаяси ойыншы ретінде, әлбетте, аталған үдерістердің белсенді қатысушысына айналуда.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын халыққа жариялай отырып, өзінің стратегиялық көрегендігін тағы да айрықша паш етті. Президент алдымызда әлемдегі ахуалды түбегейлі өзгертетін жаһандық сынақтар күтіп тұрғанын алдын ала сезеді.
Аталған қауіп-қатерлердің алдын алу мақсатында Мемлекет басшысы қолда бар ресурстарды, тетіктерді және мүмкіндіктерді шұғыл жасақтауға жағдай туғызатын Жаңа Экономикалық Саясатты алға тартты. Бұл шешімді мен Американы Ұлы күйзелістен алып шығуға мүмкіндік берген өзінің әйгілі Жаңа бағытын ұсынған АҚШ президенті Франклин Делано Рузвельттің прагматикалық саясатымен және белгілі реформатор Дэн Сяопиннің терең бастамаларымен түпкі нәтижесінде елді әлемнің Екінші экономикасы мәртебесіне көтерген Қытайдағы терең өзгерістермен ғана бір қатарға қоя аламын.
Әлеуметтік салада қызмет еткен адам ретінде Жолдаудың әлеуметтік жан-жақты бағдарлылығын атап көрсеткім келеді.
Жолдаудың «Нұрлы Жол» деп аталуының да өзіндік мәні бар. Президент біздің баршамызға жарық, шұғылалы әрі ашық жол нұсқап отыр. Халықтың еңбекпен қамтылу деңгейін өсіруге жол ашатын инфрақұрылымды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға екпін берілді. Нәтижесінде, біз отандық экономиканың дамуының қозғаушысына айналатын әуе жолынан бастап автомобильге дейінгі көлік магистралінің тұтастай жүйесін құрамыз. Тек жол құрылысының өзінен 200 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Жолдауда басты орын адамдарға жан-жақты қамқорлық жасауға, өмір сапасын жақсартуға, тұтастай алғанда, қазақстандықтардың әл-ауқатын нығайтуға беріліп отыр.
Осыған орай, Жолдаудағы жалға берілетін әлеуметтік тұрғын үйді дамыту туралы ережені айрықша атап өткім келеді. Бұл қадам бүгінде ел халқының ширегінен астамын құрайтын Қазақстанның болашағы – жастарға деген қамқорлыққа бағытталған.
Бұл қазіргі әлемде теңдесі жоқ ерекше мемлекеттік шешім. Жаһандық экономикалық өсім бәсең тартып, жұмыс орындары қысқарып жатқан қазіргі жағдайда біздің елімізде Мемлекет басшысының стратегиялық көрегендігінің арқасында даму мен өркендеудің бұрын-соңды болмаған бағдарламасы – Жаңа Экономикалық Саясат қарқын алмақ.
Бұл бағдарламаның мақсаттары, міндеттері мен мазмұндық деңгейі ең дамыған елдердегі осы тақылеттес құжаттар өлшемімен толық сай келетінін атап өткен орынды. Мен «Нұрлы Жол» бағдарламасы Қазақстанның алда күтілетін «Экономикалық Мариан шұңғымасын» бағындыруға мүмкіндік туғызатынына сенімдімін.
«Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын іске асыру, сөзсіз, индустриялық-инновациялық экономиканы одан әрі тереңдетуге, әлеуметтік инфрақұрылымды сапалық жағынан одан әрі дамытуға, осы арқылы қазақстандықтардың өмір сүру сапасын түпкілікті жақсартып, Елбасымыз алға қойған әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылу туралы басты мақсатты жүзеге асыруға барынша жағдай туғызатынын да қоса айтқым келеді.
Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы.