12 Маусым 2014, 09:18
– Балаларын күнін қайда қарсы алдыңыз?
– Қазір жол сапарда жүрмін. Бірақ 2 маусым күні Астанаға барған соң балаларымды қыдыртамыз, киноға апарамыз. Биылғы мерекеде балаларыма футбол киімдерін алып береміз деп уәде берген едік. Сол сыйлықтарын алып береміз. Балаларымның бойы тез өсіп кетеді, ерте есейіп бара жатқанын байқамай қалып жатамыз. Сол үшін кейде оларға жиі киім ауыстыруға тура келеді. Мереке күні үйде сіңілім болады, барлығы бірге паркке, киноға барып қыдырады. Балаларға арналған барлық шараларға қатысады.
– Балаларыңыз туралы айтып берсеңіз?
– Үлкен ұлым – Сырым 6 сынып оқушысы. Осыған дейін Нұрсұлтан Назарбаев мектебінде оқыды. Қазір біз Сырымды қазақ-түрік лицейіне ауыстырдық. Маған ұнайтыны – ол жерде интернат сияқты бала өзін-өзі тәрбиелейді. Құдай қаласа, енді қыркүйек айынан бастап сол лицейде оқиды. Кішкентайымыз – Нұранбек 5 жаста, қазір балабақшаға барып жүр. Нұранбек кішкентайынан пысық болып өсті. Әкесі оны қадағалап өсірді. Үлкен ұлым 3 жасқа дейін әжесінің қолында тәрбиеленгендіктен момындау, ерте есейіп кетті. Кішкентайымыз аздап өнерге жақын. Би билейді, ән айтады. Мектепке дайындығымыз қазірден жақсы.
– Балаларыңыздың өнер жолын таңдағанын қалайсыз ба?
– Біздің кішкентайымыз Нұранбек аздап өнерге жақын. Қазір ән айтып жүр. Мені бұрын ата-анам өнерге келгенімді аса қолдаған жоқ. Егер балаларым өнерге құштар болып, өздері таңдап жатса, менің еш қарсылығым болмас еді. Үлкен қиындықтардан өтіп барып, осы өнер жолына түсудің өзі кейде бақыт болып көрінеді маған. Кейін ата-анам айтып жатады: «Қызым, біз бұрын саған қиянат жасаған екенбіз» деп. Енді қазір менің осылай өнер жолында жүргеніме қуанып отырады. Менің бір мінезім бар, алған бетімнен еш қайтпаймын. Алдыма бір мақсат қойсам соған жету үшін талмай күресе білемін. Мен бала кезден әнші болсам деп армандаған едім. Қазір, міне, менің бала тілегім орындалды. Сол үшін де балаларым қай мамандықты таңдаса да мен оған құрметпен қараймын.
– Сіз бала кезіңізде бұл мерекені қалай қарсы алатын едіңіз?
– Ол кезде біздің ата-анамыздың тәрбиесі бар, қазақылық деген нәрсе бар қазіргі балалардай тым еркін болған жоқпыз. Ата-анамыз не айтады, сол болатын. Егер өздері сол күні бізді қыдыртып жатса баратынбыз. Апармаса үйде болатынбыз. Мен әжемнің қолында өсіп, тәрбиелендім. Сол кісінің қазақы тәрбиесімен бой жеттім.
– Балалық шағыңызда есте қаларлық қызықты сәттеріңіз болған шығар...
– 1 сынып оқитын кезім, Жаңа жылдық шыршаға дайынжалып жатырмыз. Менің мерекеге киіп баратын көйлегім болмады. Мен анамнан қолдан тігіп беруін сұрадым. Ол кезде қазіргідей мүмкіндіктер жоқ, қолда бар дүниеден құрастырып қана жасайтын. Менің бала тілегімді орындауға тырысқан анам ақ матадан ақ көйлек тігіп берді. Оның етегіне сол кездерде болатын үнді шайының ішкі жылтыр қабығынан ою-өрнек салып, қиып, жапсырып берді. Әдемі көйлек болып шықты. Мен қуанып мектепке келдім. Мерекелік концерт басталғалы жатыр. Мен көйлегімді киіп көрмек болдым. Көйлектің ортасы ашылмайды. Сөйтсем анам етегін желімдеген кезде байқамай ортасын қабаттап жапсырып жіберіпті. Сол кезде жылап сол мерекеге қатыса алмағаным бар. Осы балалық шақтың бір қызықты сәті әлі күнге есімнен кетпейді.
– Балаларыңызға ертегі айтасыз ба?
– Мен көбіне жол сапарда көп жүремін. Маған қарағанда үйдегі сіңілім балаларыма қазақ ертегілерін айтып береді. Мен көбіне балаларыма қазақ әндерін айтып берем. Кішкентайым маған: «мама, маған анау бала туралы әнді айтып берші» дейді. Онысы халық әні «Бір бала» әні ғой. Күнде сол әнмен ұйықтайды.
– Сіз балаларыңызды қалай тәрбиелейсіз?
– Менің екі балам көбіне әкесінің тәрбиесін алады. Біз оларға ананы жасама, мынаны жасама деп ешқашан шектеу қоймаймыз. Олар да шектен шығып, тәртіп бұзбайды. Күнделіті сабақтарын, баратын үйірмелерін қадағалап отырамыз. Үйге үлкен кісілер келгенде балаларымазды дастархан басына шақырып жақсы өсиет, өнегелі әңгімелерді тыңдатуға үйретеміз. Әдетте, кейбір отбасында үйге қонақ келсе балаларын басқа бөлмеге оңаша жіберіп жатады ғой. Бізде олай емес, қайта үлкен кісілердің батасын тыңдайды, оған шектеу қоймаймыз. Әр апта сайын жұмада балаларыммен мешітке барып құран бағыштаймыз.
– Сіз әдеби кітаптармен доссыз ба? Соңғы оқыған кітабыңыз қандай?
– Мен кітап оқығанды жақсы көрем. Кітап оқу – менің хоббиім десем де болады. Көбіне өлеңдерді, әңгіме, новеллаларды оқығанды ұнатамын. Әсіресе, Тұманбай Молдағалиевтың жыр жинақтарын жиі оқып тұрамын. Ол менің сүйікті ақыным. Соңғы рет 11 томдық жыр жинағын оқып шықтым. Алған әсерім ерекше.
– Сіз өзіңізге ән таңдаған кезде қаншалықты мәтініне мән бересіз? Қандай ақындармен шығармашылық байланыстасыз?
– Негізі мен о бастан, өнерге келген кезден бастап әннің сөзіне қатты мән беремін. Сол әдеттен әлі арылған жоқпын. Қазір енді жолдасыммен бас қосқалы маған аздап жеңіл болды, әндерімді сол кісі қадағалап отырады. Қандай ән жазып жатырмын, сөзі кімдікі, әні кімдікі, тындарманға не береді деген сияқты солардың бәрін қадағалап айтып отырады. Ол кісі болған соң көбіне сол арқылы жөндеп отырамын. Ақындарды таңдағанда мен оның атағына, дәрежесіне қарамаймын. Көбіне әндеріме сөз жазатын қазақтың талантты ақыны Исрайыл Сапарбай ағамыз. Соңғы әнім де сол кісінің сөзіне жазылған «Қазақтың келіндері-ай» деген керемет ән. Сондай-ақ, Ибрагим Иса, Әдбірахман Асылбеков ағаларымыз да әндеріме сөз жазған.
– «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» деген керемет халық даналығы бар. Осы сөзді қазір қаншалықты сезіндіңіз?
– Мен есейіп, қазір бір отбасының келіні атансам да ата-анама әлі де баламын. Қызылордаға барған сайын анам мені бауырына қысып, еркелетіп жатады. Кейде балаларымызды ауылға апарып тастаймыз. Демалыс біткен соң алып қайтайын десек ата-анам оларды жібергісі келмей жатады. Сол кезде анам: «Бала сендерге тәтті болса, бізге немере балдай» деп отырады. Ауылдағы ата-анамның парызын өтегім келеді. Алладан сол кісілерге амандық тілеп жүрем!
– Әңгімеңізге рахмет! Сізге әйел бақытын тілеймін!
Сұхбаттасқан: Салтанат ҚОЖА.