Гүлбаршын Матниязова: «Бастау бизнес» жобасымен кәсіп аштым

8 Наурыз 2022, 12:45 51262

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі орта және шағын бизнесті дамытып, кәсіпкерлерді қолдау керектігі жайлы айтқан болатын. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, елде кәсіпкерлік дамымаса, экономикалық өсімнің де болуы мүмкін емес. Ал, бизнес мемлекет қолдауы арқылы қарқынды дамиды. Еңбек мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан жобалардың бірі – «Бастау бизнес». Аталмыш жобамен кәсіп ашып, ауыл тұрғындарын жұмысқа тартып жүрген қолөнер шебері Матниязова Гүлбаршын Зайтжанқызымен  сұқбаттасудың реті келді.


Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған жоба аясында Осакаровка ауданының тұрғыны Гүлбаршын Матниязова қайтарымсыз несие алған.

– Қандай да бір іс бастамас бұрын, оның дұрыс жоспары түзілуі шарт. Яғни, бизнес жоба құрылуы керек. Бизнес-бастау жобасы жайлы бұрыннан білетін едім. Атамекен кәсіпкерлер палатасына хабарласып, бизнес бастауға құжаттар тапсырдым. Жақындарымның арасында әртүрлі алып-қашпа пікірлер болды, таныс-тамыр керек деген секілді. Бірақ, өзім ешқандай таныссыз-ақ өтініш беріп, грант ұтып алдым. Адам алдына мақсат қойса, міндетті түрде нәтижеге жетеді екен. Сөйтіп, 2021 жылы мемлекеттен 3 миллион қайтарымсыз қаржы иелендім. Құжаттарды рәсімдеу кезінде ешқандай қиындықтар туындамады. Себебі, мен жан-жақты тиянақты дайындалып бардым. Бизнес жоспар бұрыннан ойымда жүрген еді. Осыны қалай кәсіпке айналдырамын деп жүргенде, осы жоба ойымдағыны жүзеге асыруға түрткі болды. Отбасымызбен осы кәсіптің алға басуына бар күшімізді жұмылдырудамыз. Қазіргі таңда, дүкенде оннан аса адам жұмыс жасайды. Бұдан бөлек еліміздің әр аймағында өзімнің шәкірттерім бар дейді,- Гүлбаршын Матниязова.

Киіз басу дегенде көз алдымызға үлкен әжелеріміздің жүн түтіп, оны сабап, киіз басып жатқаны көз алдымызға елестейтіні рас. Ал, қазіргі таңда технология қаншалықты жетілгені жайлы киізден бұйым жасайтын Гүлбаршын ханым қазіргі технологиямен бөлісті.

–Талай ғасырдан бері адамзатпен жасасып келе жатқан қолөнер түрлері бүгінде трансформацияға ұшырады. Алғашқы текстиль саналатын киіздің бүгінде екінші тынысы ашылды деуге болады. Өңдеудің жаңа технологиялары пайда болды, халықтың көзқарасы өзгеріп, сұраныс арта түсті. Киіз басуды қайта жаңғыртуға келгендегі мақсатым – ұлттық құндылықтарымыз бен қолөнерді дәріптеу. Бұл салада басқа керемет бір әдіс пайдаланамыз деп айта алмаймын. Керісінше менің алға қойған мақсатым – қазақтың дәстүрлі технологиясын сақтап қалу. Әрине жаңа технология жұмысымызды жеңілдету үшін қажет дүние. Дегенмен біз әлемдік деңгейдегі көрмелерге шығып жүргендіктен, киізден жасалған бұйымдардың түрі мен сапасы басқа болуы үшін әртүрлі әдістерді қолданамыз. Бірақ та ең маңызды технологиясы ол осы таза жүннен қолмен, сабын пайдалана отырып жасайтын әдісті негіз ретінде сақтап қалдық. Сонымен мақтанамыз себебі бұл біздің ежелгі дәстүрлі технология. Ал, жасайтын заттарымызға келетін болсақ, шеберханымызда бас киімнен бастап, аяқ-киімге дейін дайындаймыз. Кез келген дүние тапсырыс берушінің қалауына қарай жасалады,- дейді кәсіпкер.


Қытайдан табылған вирус аз уақытта алты құрлыққа ауыз салады деп ешкім ойламаса керек. Аты жаман індет әлем экономикасының әр саласын ақсатқаны белгілі. Пандемия салдары әрбір салаға залалын тигізді.

– Көбінесе қазақы ұлттық нақыштағы киімдерді шетелден келген қонақтар қызығушылық танытып алады. Меніңше, әрбір турист Қазақстанға келердің алдында елімізге тән қазақи нақышта жасалған бұйымдарды іздейді. Сондықтан ол біздің өзіміздің тарихымызбен, мәдениетімізбен байланысты болуы керек. Дегенмен карантин кезінде көрмелер мен жәрмеңкелер болмағандықтан, әлеуметтік желі арқылы жарнама жасап, қазақстанның түкпір-түкпірінен сұраныс арта түсті. Бұл карантиннің бір пайдасы деуге болады. Ал, қазіргі таңда, кәсібімді қайта қолға алып, жұмысымыз алға басып келеді.

Адам көркі – шүберек. Десек те адамзат баласының соның ішінде әйел сұлулығын, оның ішкі жан-дүниесінен бөліп қарау мүмкін емес. Ал, әр алуан түр мен түске ие әсем киім тек соны толықтыратын мәнге ие. Қазіргі таңда қолөнер шебері, Гүлбаршын ханым ұлттық нақыштағы киім үлгілері арқылы кәсібін дамытып отыр.


– Нәзік жандылардың төрінен орын алатын әсем дүние жасау, оңай іс емес. Әрбір әйел затына өзінше бір әлем ретінде қарау керек. Олардың жаны жұмбақ, сондықтан көкейіндегі ойды тап басып тани білсен ғана мақсатына жетесің. Тапсырыс берушінің талғамына қарай жасалатын дүниелерді басқа еш жерден кездестірмейсіз. Себебі олардың әрқайсының бір-біріне ұқсамауына бар күш-жігерімізді саламыз.

«Бастау» жобасы 2017 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Бұл жобаның мақсаты– жұмыссыздарды, және өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды, әлеуметтік осал топтағы жандарды кәсіпкерлікке тарту,- дейді «Атамекен» ҚР ҰКП жаппай кәсіпкерлік және микроқаржыландыру директорының орынбасары Әсет Сәдуақасов.

– Жоба өз бизнесін кеңейтуге ниет білдірген ауылдық жерлердегі жұмыссыздарды жұмыспен қамту мен бизнесті енді бастап, оны кеңейткісі келетін кәсіпкерлерге арналған бағдарлама.

«Бастау – бизнес» жобасына жұмыс істеп тұрған кәсібі бар азаматтар мен қызметкерлер бағдарламаға қатыса алмайды,- дейді микроқаржыландыру директорының орынбасары Әсет мырза.

– Жұмыс істеп түрған кәсібі бар азаматтар мен қызметкерлер бағдарламаға қатыса алмайды. Ал, қалған басқа санаттағы азаматтар, атап айтқанда жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, бір жыл ғана кәсіпкерлікпен айналысқандар, көп балалы отбасы мүшелері, және 29 жасқа дейінгі жастар бұл мүмкіндікті пайдалана алады.

Бағдарлама аясында болашақ кәсіпкерлер, кәсіпкерлік негіздері жайлы қажетті білім мен бизнес жоспар дайындауға көмек алады. Қаржы институттарында жобаларын қорғай отырып бастапқы капитал алады. «Бастау-бизнес» жобасының мүшесі болу үшін кәсіпкерлер палатасының аймақтық филиалына, жұмыспен қамту орталығына, немесе аудан әкімдігіне хабарласу қажет.

– Жобаға өтініш беруші азамат мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде грант алмаған болуы шарт. Бұл қаржыға қол жеткізу үшін жасалатын алғашқы қадам. Бағдарлама - маркетинг, бизнеске кіріспе, өз ісіңді қалай анықтау керектігі, сұранысқа ие сала ма деген секілді негізгі тақырыптарды қамтиды. Кейде кәсіпкер істі қалай бастауды білмесе, бизнес жаттықтырушылардың тәжірибесіне сүйене отырып, олар қандай да бір бағыт алады. Сонымен қатар, бизнес идея қаралады. Бір ай ішінде болашақ кәсіпкер бизнес жайлы барлық қажетті негізгі білімдерді ала алады. Мысалы, бизнес жоспар құру, маркетинг, менеджмент, бухгалтерлік есеп негіздері және т.б. Оқуды бітіргеннен кейін, комиссия алдында жобасын қорғаған қатысушыларға сертификат беріледі. Соның негізінде 100 айлық есептік көрсеткіш негізіндегі грантқа немесе қаржы институттарында жылдық 6% несие алуға өтініш бере алады. Ауылдық жердегі тұрғындарға, несиелік серіктестіктер микро қаржы ұйымдар және ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры көмектессе, қаладағы азаматтарға, даму кәсіпкерлікті дамыту қоры жәрдемдеседі. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар қаражатына қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды сатып алуға яғни, нысаналы түрде пайдалануға беріледі.

 


Аяулым Қанағат
Бөлісу: