11 Наурыз 2014, 04:20
Қазіргі кезде ерлермен қоса қыздар да футболға шындап ден қоя бастады. 1991 жылдан бері қыздар арасында төрт жылда бір рет әлем біріншілігі тұрақты түрде өткізіліп келеді. Көбінесе АҚШ, Жапония, Германия, Норвегия, Қытай, Канада, Бразилия, Швеция құрамалары бас жүлдеге таласып жатады. Көктемнің алғашқы мерекесіне орай, оқырман назарына соңғы жылдары әлемде ерекше өнерімен көзге түсіп жүрген бес футболшы аруды ұсынбақпыз.
Марта Виейра да Силва (Бразилия, шабуылшы)
Марта – 1986 жылы 19 ақпанда Дойс-Риашус қаласында дүниеге келген. Қазіргі кезде «Тюресе» клубында өнер көрсетеді. Ұзақ уақыт Швецияның «Умео» командасында ойнаған. Сол командамен бірге төрт рет Швеция чемпионатында топ жарған. Бразилия құрамасының сапында екі рет Олимпиада ойындарының финалына дейін жеткен. 19 жасқа дейін қыздар арасындағы әлем біріншілігінде ең үздік сұрмерген атанып, «Алтын бутсы» алған. 2006 жылдан 2010 жылға дейін бес жыл қатарынан ФИФА-ның жыл ойыншысы (алтын доп) болды. Қазіргі кезде әлемнің ең үздік ойыншыларының бірі.
Надин Ангерер (Германия, қақпашы)
1978 жылы 10 қазанда Германияның Лорне-на-Майне қаласында дүниеге келген. Германияның «Нюрнберг», «Ваккер», «Бавария», «Турбина Потсдам», «Франкфурт», Швецияның «Юргорден» командаларында ойнаған. Бүгінде Аустралияның «Брисбен Роар» клубы мен Германия ұлттық құрамасының қақпашысы. Ұлттық құрама сапында 127 ойын өткізген.
Надин клубтық деңгейде Чемпиондар лигасы мен үш рет Германия чемпионаты және кубогында жеңіске жеткен. Ал Германия құрамасымен бірге екі рет әлем, бес мәрте Еуропа біріншілігінде топ жарды. Сондай-ақ, оның қоржынында үш Олимпиаданың қоласы да бар.
Ангерер 2013 жылдың қорытындысы бойынша, «Алтын доптың» иегері атанды. Бұл таласта әйгілі Мартаның өзін қапы қалдырды. Сондай-ақ, 2007 жылы әлем біріншілігінің үздік қақпашысы болған.
Хомарэ Сава (Жапония, жартылай қорғаушы)
1978 жылы 6 қыркүйекте Футю қаласында дүниеге келген Хомарэ ұзақ уақыт бойы Жапонияның үздік ойыншы атанып келді.
2004 жылы Футю аймағының футболшысы сары құрлықтың үздігі деп танылды.
Сава футболмен өте ерте айналысқан. 12 жасында Жапонияның ұлттық біріншілігінде өнер көрсетсе, 15 жасында ұлттық құрамаға шақырылып, бірден Филиппин қақпасына покер орындайды. Күншығыс елі сапында бес рет әлем біріншілігі мен үш рет Олимпиада ойындарына қатысты. Жалпы, ұлттық құрама жейдесімен 186 рет алаңға шығып, 81 доп соққан.
2011 жылы әлем біріншілігіне құрамасын капитан ретінде бастап барды. Сол жолы жапониялықтар әлем чемпионатында топ жарды. Сава болса турнирдің ең үздік сұрмергені атанды. Жыл соңында ФИФА 34 жастағы футболшы қызға жылдың ең үздік ойыншысы ретінде «Алтын допты» табыстады.
Хомарэның клубтық карьерасы АҚШ пен Жапония біріншіліктерінде өтті. Қай клубта ойнаса да көшбасшылық қасиетін жоғалтқан емес.
Эбби Уомбах (АҚШ, шабуылшы)
1980 жылы 2 маусымда Рочестер штатында дүниеге келген. Бала күнінде футболмен бірге баскетболға да қатысқан. Мектепті бітірген соң, Флорида университетіне оқуға түседі. Студент кезінде университеттің «Florida Gators» командасында ойнады. Ал 2001 жылы «Washington Freedom» клубына шақырылып, 10 жыл бойы сол клубта өнер көрсетті.
АҚШ құрамасымен алғаш 2003 жылғы әлем біріншілігіне қатысты. Эббидің ширек финалда Норегияға соққан голының арқасында АҚШ жартылай финалға шықты. Одан кейінгі жетістігі – 2004 жылғы Афины Олимпиадасының алтыны. Бұдан кейін екі бірдей әлем біріншілігінде – 2007 жылы қола, 2011 жылы күміс медаль еншіледі. 2007 жылғы Қытайда өткен чемпионатта 6 ойында 6 доп соғып, үздік сұрмерген атанды.
Ал Лондон Олимпиадасында АҚШ қыздарына тең келер ешкім табылмады. Бұл Уомбахтың Олимпиададағы екінші алтыны болатын. Жалпы, ұлттық құрама сапында 275 ойын өткізіп, 158 гол соққан.
ФИФА 2012 жылдың ең үздік әйел футболшысы ретінде Эббиді таңдап, «Алтын допты» табыстады. Одан бөлек, алты рет (2003, 2004, 2007, 2010, 2011, 2013 жылдары) АҚШ-тың ең үздік футболшысы деген атаққа ие болды. 2011 жылы АҚШ-тың спорт басшылары жыл спортшысы деп таныды.
Миа Хэмм
1972 жылы 17 тамызда дүниеге келген. Толық аты-жөні – Мэриел Маргарет Гарсиапарра. Көпшілікке Миа Хэм есімімен танымал болған. Ұзақ жыл бойы АҚШ құрамасы мен «Вашингтон Фридом» клубында өнер көрсеткен.
Үш рет Олимпиада ойындарына қатысқан. 1996 жылғы Атланта мен 2004 жылғы Афины Олимпиадасында топ жарған. Сондай-ақ, 2000 жылы Сиднейде қола еншіледі. Төрт рет әлем біріншілігінде бақ сынаған. Соның екеуінде (1991 және 1999 жылдары) алтын, (1995 және 2003 жылдары) қолаға қол жеткізген.
2007 жылы «Бекхэм тәрізді ойна» деген фильм түсіріп, өзі де сол кинода ойнады. 2008 жылы ФИФА-ның үздік 100 футболшысының қатарына кірді. Футбол жанкүйерлерінің арасында «Қыздар футболының Пелесі» деген лақап аты бар.