Фристайлдан Алматы өтетін әлем кубогында қандай өзгерістер бар

8 Наурыз, 04:41 846

"Ұлттық Шаңғы Ассоциациясының"  бас хатшысы Асқар Валиев фристайлдан Алматыда өтетін әлем кубогы қарсаңында арнайы пікір білдірді, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі аталған ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Параллель могулдың олимпиада бағдарламасына енгізілгені қатты қуантады. Биыл Жасөспірімдер Олимпиадасында да алғаш рет өткізілді. Бұл – бағыттың дамуына және жас спортшыларға өз таланты мен шеберлігін көрсетуге қосымша мүмкіндік беретін үлкен қадам. Сондай-ақ, осы жылы тарихымызда алғаш рет онлайн-төрешілік болатынын атап өткім келеді. Курортта тек екі халықаралық төреші болады. Бұл қадам – цифрландыруға өтудің және шаралар ұйымдартыруда инновациялар енгізудің бір бөлігі, - деді Валиев. 

Фристайл могулдан ресми жаттығулар 7 наурызда басталады. Бұл жылы жолдар былтырғыдай құрғақ алаңда орналасады. Жол Юлия Галышеваның құрметіне "Yuka G" деп аталады. Оның спорт әлеміндегі достық атауы осындай. 

Құраманың дайындығы туралы сөз қозғаған Асқар Валиев қазақстандық спортшылардың лайықты өнер көрсететінін атап өтті. 

Қатысушыларымыз өте мықты. "Могул/параллель могул" бағытында – 10 атлет, "шаңғы акробатикасы" бағытында – 5 атлет сынға түседі. Біздің жастарымыз лайықты қарсылық көрсетеді деп ойлаймын, - деді бас хатшы. 

Фристайлдан Алматыдағы әлем кубогы кезеңі осымен бесінші рет өткізіліп отыр. Жарыс 8-10 наурыз аралығына жоспарланған.

Перизат Саденова
Бөлісу: