Франция құрамасы Рибериге сенім артады!

22 Мамыр 2014, 05:58

Франция – 1930 жылғы алғашқы әлем біріншілігіне қатысқан құрамалардың бірі. Сонымен қатар өздері де төрт жылдықтың басты додасын екі рет қабылдаған (1938,1998).

Франция  – 1930 жылғы алғашқы әлем біріншілігіне қатысқан құрамалардың бірі. Сонымен қатар өздері де төрт жылдықтың басты додасын екі рет қабылдаған (1938,1998). Тарихи деректер бойынша футболды ойлап тапқан ағылшындар болғанымен, осы ойынды дамытқан француздар. Оған дәдел де жеткілікті. ФИФА-ны құру жайлы бастамашыл топтың жетекшісі Робер Герен, алғаш әлем чемпионатын өткізуді жүзеге асырған Жюль Римэ, қарт құрлықтағы клубтық турнирді ойлап тапқан Габриэль Ано, УЕФА-ны аяққа тұрғызған, 1960 жылғы Еуропа чемпионатын ұйымдастырған Анри Делонэ, тіпті, қазіргі УЕФА президенті Мишель Платини де француз азаматары. Еуропа біріншілігінің тұсауы да Францияда кесілген. Сондай-ақ ФИФА-мен бірлесіп жылдың үздік ойыншысын анықтайтын «Франс футбол» журналы да осы елде шығады.

Бразилияда өтетін футболдан Әлем чемпионатының топтық кезеңдегі күнтізбесін, матчтың өтетін орнын оқырман назарына ұсынуды жөн деп таптық. 

Бас бапкер: Дидье Дешам

Команда капитаны: Уго Льорис

Ең көп ойын өткізген ойыншы: Лилиан Тюрам (142 ойын)

Ең көп гол соққан ойыншы: Тьерри Анри (51 гол)

ФИФА рейтингісіндегі орны: 17

Франция құрамасы әлем  біріншілігіне 1930 жылдан бері қатысып келе жатқанымен, алғашқы табыстарына 1958 жылы қол жеткізді. Швециядағы додада әйгілі  Жюст Фонтен  пен Раймон Копа  бастаған жігіттер үшінші орынға ие болды. Сол жылғы чемпионатта Фонтен 13 доп соғып, әлемдік рекорд жасады. Әлі күнге дейін бұл рекордтың қаймағы бұзыла қойған жоқ.

Осыдан кейін 20 жылдай құрама тәуір нәтиже көрсете қоймады. Тіпті, 1962,1970,1974 жылдардағы әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама да ала алмады.

«Үш жолақтылардың» келесі жұлдызды кезеңі 1982 жылдан басталды. Құрамаға Мишель Платини, Жан Тиган, Ален Жиресс, Луис Фернандес секілді жаңа толқын келді.  Бас бапкер Мишель Идальго мен оның ассистенті Анри Мишель жасақтаған команда алдымен 1982 жылы әлем чемпионатында жартылай финалға дейін жетті. Олар мұнымен тоқтап қалмады. Қос бапкердің ең басты жетістігі 1984 жылдан бастау алады. Өз жерінде өткен құрлық додасы Платинидің атағын аспандатты. Сол кездері қазіргі УЕФА президентінің орнатқан бірнеше рекорды әлі жаңарған жоқ. Ол өзі алаңға шыққан кездесудің барлығында мергендік танытты. Соның екеуінде хет-трик жасап, тағы бір рекордты дүниеге әкелді. Бір турнирде екі рет хет-трик жасаған футболшы бұрын-сонды болған емес. Ең бастысы, жалпы біріншілік қорытындысы бойынша 9 гол соғып, ең үздік сұрмерген атанды.

Платини соңғы рет 1986 жылы Мексикадағы футбол тойына қатысты. Өзінің қоштасу чемпионатында 28 жылдан кейін француздарды әлемнің үздік үш құрамасының қатарына қосып кетті. Оның алдында үш жыл қатарынан (1983,1984,1985) «алтын доптың» иегері атанғаны бар.

Францияның дәурені 1996 жылдан жүре басталды. Құрамаға Эме Жаке бас бапкер болып тағайындалды. Жакенің тұсында Францияның тағы бір жаңа толқыны жарқырап көрінді. Олар: Фабьен Бартез, Марсель Десайи, Лоран Блан,  Лилиан Тюрам, Кристиан Карамбе, Ален Богоссян, Дидье Дешам, Эмманюэль Пети , Ю́рий Джоркаефф, Зинедин Зидан, Стефан Гиварш, Тьерри Анри, Кристоф Дюгарри, Давид Трезеге.

Жакенің жігіттері алдымен 1996 жылы Англиядағы Еуропа біріншілігінде үшінші орын алса, екі жылдан соң өз елдерінде өткен әлем чемпионатында бас жүлдеге ие болды.

1998 жылғы әлем біріншілігінде Францияның қорғаушылары өте сәтті өнер көрсетті. Тюрам, Блан, Десайи, Лизаразю төрттігі бапкер сенімін ақтады. Оның дәлелі «үш жолақтылар» сол турнирде бар-жоғы 2 гол ғана жіберді. Сонымен қатар 33 жастаған Лоран Блан мен  Лилиан Тюрам екі реттен мергендік танытты.

Қорғанысқа тірек болатын жартылай қорғаушының рөлін команда капитаны Дешам атқарды. Ал Карамбе мен Пети қос қапталдан шабуылдады. Кейбір ойындарда Карамбенің орнын Богоссян алмастырып жүрді. Құраманың басты плеймекері ойынын ұйымдастыру  Джоркаефф пен Зиданға жүктелді. Екі жыл бұрын Еуропа чемпионатында көзге түсе алмаған Зинедин осы біріншілікте Францияның  басты қаһарманы атанды. Мундиалдың алдындағы іріктеуде қызыл қағаз алып, екі ойынға қатыса алмаған футболшы плей-оффта өзінің нағыз көшбасшы екенін көрсетті. Финалда Бразилия қақпасына қос доп соққанда Зиданды халқы төбесіне көтерді.

Шабуыл шебінде Гиваршқа сенім артылғанымен, ол бірде-бір доп соға алмады. Есесіне жас таланттар Анри мен Трезегені көрермен жылы қабылдады.

2000 жылы Жакенің сенімді серігі болған Роже Лемерр құраманың тізгінін ұстап, Еуропа чемпионатында да жеңіс тұғырынан табылды. Осылайша қатарынан екі ірі турнирде жеңіске жеткен алғашқы құрама атанды (мұны кейін Испания жаңартты). Құрлық біріншілігіндегі жеңістен соң  Марсель Десайи, Лоран Блан, Дидье Дешам секілді атақты ойыншылар құрамамен қоштасты. 2002, 2010 жылғы әлем чемпионаты және 2004, 2008, 2012 жылғы Еуропа чемпионатында Франция жоғары нәтиже көрсете алмады. Ал 2006 жылы Германиядағы мундиалдың ақтық сынында пенальти бойынша Италиядан ұтылды. Бұл – Зиданның алаңнан қуылып, кейін карьерасын аятауымен есте қалған әлем біріншілігі.

Қазіргі құрам

Еуро-2012 чемпионаты аяқталған соң, Лоран Бланның орнына бас бапкер болып Дидье Дешам тағайындалды. Екі бапкер де ұлттық құрама сапында бірге ойнап, әлем мен Еуропа чемпионатында жеңіске жеткен ойыншылар. Бапкер ретінде де көпшілікке танылып қалған.

Дешамның баптауымен Франция әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Испанияға жол беріп, өз тобынан екінші орынмен шықты. Бразилияға баратын жолдаманы Украинамен сарапқа салды. Киевтегі алғашқы ойында Михаил Фоменконың шәкірттерінен 0:2 есебімен ұтылып, жанкүйерлерінің алдында масқара бола жаздады. Абырой болғанда қарымта матчта 3:0 есебімен жеңіске жетіп, мундиалға әупірімдеп жүріп жолдама алды.

 

Бүгінгі күні Зидан, Анри, Трезеге, Виейра секілді көшбасшылар жоқ. Олардың орнын Рибери, Бензема, Жиру басты.  Дешам бапкер Бразилияға баратын тізімге «Манчестер Ситидің» қос ойыншысы Самир Насри мен Гаэль Клишиді қоспапты. Сонымен қатар Эрик Абидальде мундиалға бармайтын болыпты. Олардың орнына мына ойыншыларға сенім артады: қақпашылар – Уго Льорис («Тоттенхэм»), Стив Манданда («Марсель»),  Микаэль Ландро («Бастия»);  қорғаушылар – Патрис Эвра («Манчестер Юнайтед»), Бакари Санья, Лоран Косельни (екеуі де «Арсенал»),  Матье Дебюши («Ныюкасл»), Мамаду Сако («Ливерпуль»), Рафаэль Варан («Реал) Лукас Динь («ПСЖ»), Эльяким Мангала («Порту»); жартылай қорғаушылар – Франк Рибери («Бавария»), Йоан Кабай, Блез Матюиди (екеуі де – ПСЖ), Матьё Вальбуэна («Марсель»), Мусса Сиссоко («Ньюкасл»), Поль  Погба («Ювентус»), Клеман Гренье («Лион»), Рио Мавуба («Лилль»);  шабуылшылар– Карим Бензема («Реал»), Антуан Гризманн («Реал Сосьедад»), Оливье Жиру («Арсенал»). Лоик Реми  («Ныюкасл»);

        

Топтық кезеңдегі ойындар кестесі:

15 маусым. Порту-Алегри. Франция – Гондурас

20 маусым. Салвадор. Швейцария – Франция

25 маусым. Рио-де-Жанейро. Эквадор – Франция

Бек Төлеуов

Бөлісу: