Fly Arystan-ға әуе рейсі кешіккені үшін айыппұл салынды

5 Тамыз 2022, 11:08 993

Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті хабарлады

Азаматтық авиация комитеті әуе рейстерінің кешігуіне байланысты жүріп жатқан тергеудің барысы туралы ақпарат жариялады, – деп хабарлайды El.kz.

«Азаматтық авиация комитеті рейстерді кешіктіру әуе тасымалдаушыларын жолаушылардың құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту ісін жалғастыруда. 2022 жылдың 16 шілдесінде «Эйр Астана» компаниялар тобына кіретін «Fly Arystan» бөлімшесі Алматы-Атырау бағыты бойынша КС-7202 рейсін 12 сағат 9 минутқа кешіктіргені анықталды. Ал ұшақты осынша уақыт бойы күткен жолаушыларға ҚР әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңның 86-бабының 1-бөлігінде көзделген қызметтер, атап айтқанда, қонақ үй ұсыну қызметтері тиісінше ұсынылмаған», – деп жазылған комиететтің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Осылайша, әуе компаниясына 4 тамызда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 567-бабының 2-бөлігі бойынша 1 000 АЕК (3 063 000 теңге) айыппұл салынған.

«Бұл «Эйр Астана» тобын әуе рейсіне жолаушылардың құқығын бұзғаны үшін өткен айда салынған төртінші айппыұл», – дейді Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев.

Бөлісу: