Фин-угор халықтарының тарихы мен мәдениеті

13 Қараша 2020, 17:55 25210

Қазақстандағы фин-угор халықтары туралы не білеміз?

Финдер қазіргі Финляндия аумағында біздің заманымызға дейінгі екінші мыңжылдықта өмір сүрген. Олар ежелгі Балтық-Фин тайпаларынан шыққан. Фин халқы қазіргі заманғы Финляндияның оңтүстік-батыс бөлігінде – суоми, орталық бөлігінде – хямэ, шығыста – саво және карел топтарының тайпалардың бірігуі процесінде қалыптасты. Ұзақ уақыт бойы шығыс фин тайпалары Ладожье, жоғарғы Еділ аймағымен, Скандинавиямен және Балтықпен тығыз байланысты болды.


Фин-угор халықтарының тарихы

XII-XIII ғасырларда фин жерлерін шведтер жаулап алды. 1809-1917 жылдары Финляндия өз кезегінде автономиялы Ұлы князьдігі мәртебесімен Ресей империясының құрамына кірді. 1917 жылы желтоқсан айында Финляндияның тәуелсіздігі жарияланып, 1919 жылы шілде айында ол республика болды.

Фин-угорлықтар Орал тілі тобына кіретін этнотілдік халықтардың қауымдастығы болып табылады. Олардың жалпы саны 20 миллионнан асады. Тілдік жағынан фин-угор халықтары бірнеше кіші топтарға бөлінеді. Перм-фин кіші тобын – коми, удмурттар және бесермяндар құрайды. Еділ-фин тобына мордва (эрзяндар және мокшандар) және марилар жатады. Балтық финдеріне – финдер, ингерманланд финдері, эстондықтар, Норвегиядағы квендер, ижорлар, карелдіктер, вепсылықтар мен мери ұрпақтары кіреді.

Жеке угор тобына: ханттар, манси және венгрлер жатады. Еділ финдеріне ортағасырлық мещера, мерия мен муромдар кіреді. Оралдықтар мен алтайлықтар үнді-еуропалықтарға қарағанда генетикалық жағынан жақын топты құрайды. Халықтардың жақындығын сақтау Орал және Алтай тілді халықтарының физиологиясында, этнографиясында, мифологиясында және фольклорында жалпы элементтерінде де көрініс тапқан.


Н.А. Баскаковтың пікірінше, біріншіден угро-фин немесе оралдық тілдері типологиялық жағынан жақын десе, ал екінші жағынан алтай тілдері типологиялық жағынан жақын болғанымен, генетикалық жағынан ұқсастығы жоқ деп санайды. Бірқатар зерттеушілер фин-угорлықтарды ерте кезде үнді-еуропадан тыс қалыптасқан және дамып келе жатқан этникалық қауымдастық болған деп болжаған.

Фин-угор халықтарының тұрақтары Ангар өзенінің жағалауындағы (Мальта, Буреть) палеолит мәдениеттерімен ерекшеленеді. Олар Шығыс Еуропаның және Подонияның палеолит мәдениеттерімен ұқсас. А.П. Окладниковтың болжамы бойынша, бұл жерлерді тастап кеткен адамдар Шығыс Еуропадан Байкал көлінің жағалауына көшіп келген.

Тіл меңгерушілер, барлық фин-угор халықтары үшін Еуразияның орманды даласында б. з. д. III-II мыңжылдықта ерте пайда болған деп болжайды. Олар б.з.д. ІІ мыңжылдықтың ортасында және үшінші ширегінде ағаш кесу мәдениетімен айналысқан. Негізінен финдер тек жергілікті тайпалардың қоныстанған аумағы мен Баланов және Абашевка мәдениеттерінің бір бөлігіне ие болып, осы аумаққа кіре бастады. Нәтижесінде орманды-дала зонасының оңтүстік аймағында жаңа мәдениеттердің қалыптасу процесі басталды. Олардың ішінде Маклашеевтік, Абашевтік, Срубная және Андроновтық мәдениеттері антропологиялық тұрғыдан басым еуропоид болды.

Финдердің өмір салты

Финдердің өмір салты орыс, украин халқынан мүлдем өзгеше. Әр бала үшін 100 евро мөлшерінде жәрдемақы есептеледі. Сома 17 жасқа дейін төленеді. Олар жиған ақшаларын білім алуға, салымға немесе алғашқы төлем төлеу ретінде жұмсайды.Тамақтандыру орындарында ауыз су тегін беріледі. Фин жерінің жер асты сулары таза. Сондықтан ауыз суға сүзгілер мен өңдеулер қолданылмайды. Ең танымал сусын –кофе. Кофе жылынуға және қуаттануға, күш жинап алуға көмектеседі.

Мемлекет профилактикалық іс-шараларға көп көңіл бөледі. Халық үшін қатерлі ісік пен басқа да қауіпті ауруларды анықтау бойынша тегін тесттер өткізіледі.

Финдердің Қазақстанға қоныстануы

Финдер (өз атауы – суомалайсет) – Қазақстандағы этникалық топтардың құрамына кіреді. Финдер – өте үнемшіл халық. Ингерманланд финдерінің алғашқы арнайы қоныстанушылары Қазақстанда соғыс жылдарынан бастап Карелияның шекаралас аймақтарын «тазарту» операциялары кезінде келуі мүмкін. 1942 жылы наурызда ингерманланд финдарының бір бөлігі (25-30 мың адам) Сібір мен Қазақстанға арнайы қоныс аударушылар ретінде жер аударылды. Олар сонымен қатар Швецияда, АҚШ-та, Канадада, Норвегияда, Ресей Федерациясында және басқа елдерде тұрады. Соңғы 30-40 жылдардағы Қазақстандағы финдер санының жалпы динамикасы тұрақты төмендеуін көрсетеді (371 адам (2013).


Финляндияда дәстүрлі шаруашылығы – бұғы шаруашылығы. Бұл фермерлерге үлкен табыс әкелетін бірегей бизнес. Бұғы мүйіздерінен жасанды бұйымдар жасап, бұғыны көлік ретінде пайдаланылады.

Фин-угорлықтар қандай дінді ұстанған?

XIX ғасырдың соңына дейін финдер тек мемлекеттік діндердің бірін – лютеранство дінін немесе православтық дінін ұстана алған. Тек 1889 жылғы заң финдерге христиан дінінің басқа түрін уағыздауға мүмкіндік берді. Алайда, сол кезде де таңдау болған жоқ. Финдерге православтық және протестанттық бағыттағы кез келген шіркеулерге баруға рұқсат етілді. 1923 жылы финдер үлкен діни бостандыққа қол жеткізді. Сол кезде азаматтарға түрлі діни бірлестіктерді еркін құруға немесе тіпті олардан тыс өмір сүруге ресми түрде рұқсат етілді.


Финляндиядағы католицизмнің 8000-ға жуық ізбасарлары бар. Олардың көпшілігі Хельсинкиде және елдің оңтүстігінде тұрады. Бір қызығы, Финляндияда католик шіркеуі ұзақ уақыт болмаған. Ресми түрде ол тек 1929 жылы ғана құрылған. Протестанттар Финляндияның діни жүйесінде де өз орнын тапты. Олардың қатарына баптисттер, методисттер және адвентистер жатады. Мұнда XIX ғасырда көпестер мен орыс армиясының әскерлері әкелген иудаизм көп кездеседі. Иудаизм діндарлардың саны ешқашан Финляндияда мың адамнан аспаған. Ислам дінін ұстанушылар да иудаизмнің сенушілерінің санымен бірдей. Бірақ жақында мұсылман елдерінен келген босқындармен толықты. Финляндиядағы исламдық қауымдастық 1925 жылдан бері жұмыс істейді.

Әдеби тілдің қалыптасуы мен дамуы

Фин диалекттері батыс және шығыс топтарға бөлінеді. Әдеби тілдің қалыптасуы мен дамуы екі негізгі кезеңге бөлінеді.Олар: ескі фин (1540–1820 жж.) және жаңа фин (ХІХ ғ-дың басы). 1863 жылдан бастап фин тілі шведтермен формальды түрде тең құқықты алып, мектеп және университет оқытуларына енгізілді. Фин тілінде газеттер, журналдар, көркем әдебиет басылып шыға бастады. XIX ғасырдың 70-ші жылдары қазіргі фин тіліндегі әдебиеттің негіздері жасалды. 1919 жылы фин тілі Финляндияның ресми тілі болып жарияланды.

Финдердің мәдениеті мен әдебиеті

Финляндия мәдениеті пұтқа табынушылықтың әсерінен қалыптасты. Ежелгі финдер күн-күркірінің құдайы Уккоға және табиғат құдайы Рауниге сенді. Христиандықтың енуімен пұтқа табынушылық шегеріле бастады. Сонымен бірге православтық шіркеуі Карелияның бір бөлігін өз бақылауына ұстады. Мәдениеттің одан әрі дамуына еуропалық мәдениетінің ықпалы болғанын көрсетеді.

Финляндияда болған әрбір адам Элиас Лённроттың жасаған «Калевала» эпосын тыңдау керек. Ол «Калевала» эпосында финдік өмір салтының барлық ерекшеліктерін нақты көрсетеді.

Көптеген финдік бардтар рундарды орындау үшін арфаға ұқсас музыкалық аспапты пайдаланады. Көбінесе шіркеудің хор әнімен сүйемелденеді. Сәулеті де музыкасы сияқты ғажап және әсерлі.


Фин қалаларында үйлер ағаштан салынған. ХІХ ғасырда нағыз сәулет туындылары пайда бола бастады. Сәулет ансамблі ампир стилін, неоклассицизм мен комбинацияларды қамтиды. Оның ішіндегі ең көрнектісі – Хельсинки бекеті.

Фин кескіндемесінде романтизм, эпос және солтүстік пейзаждар басым. Оған ұзақ уақыт швед ұлттық дәстүрлері әсер еткен. Суретшілер өзіндік ерекшеліктерін сақтай отырып, елдің шалғай бұрыштарынан шабыт алды.

Финдер көптеген еуропалықтарға таныс Пасха, Рождество, барлық Әулиелер күні, жыл сайын аталып өтеді. Христиандар санының көптігіне байланысты Финляндияда Рождествоның мәні ұлттық маңызға ие. Еуропада финдер консерваторлар ретінде танымал. Олар асықпайды, мейірімді әрі сабырлы.

Фин халқының сөйлеу этикетінде әңгімелесуші әр сөзді түсінуі үшін баяу сөйлеу әдеті бар. Финдер қарым-қатынасқа терең мән бере отырып, әр сөзді бақылауға тырысады. Абстрактілі сөз тіркестерінде сөйлеу олардың табиғатында болмаған.

Олар қонақжайлылыққа ерекше мән берген. Патриотизмнің көрінісі фин халқының тарихынан бастау алады. Қосымша қонақ сый (ақшалай) мейрамханаларда және дәмханаларда қалдыруға болады.

Финляндияда әйелдер мен ерлер бір-бірімен қол алысып амандасады. Сонымен қатар, басқа да физикалық дене байланыстары жиі сақтықпен қабылданады. Жастар бір-біріне «сен» деп жиі айтады. Аты, әкесінің аты айтылмайды.

Технологиялардың өсуі тұрғындар арасында гаджеттердің кең таралуына әкелді. Жастар барлық жерде күнделікті смартфондарды пайдаланады. Бұл әдет кейде айналасындағылардың теріс көзқарасын тудырып та жатады. Осыған байланысты ауруханаларда электронды құрылғыларды тұрақты пайдалануға тыйым салады.

Финдер монша мен балық аулауды жақсы көреді. Ауыл тұрғындары алдымен ұзақ уақыт бойы монша салып, содан кейін үй салуға жүгінді. Финдер аң аулауды жақсы көреді. Олар иттерге мейіріммен қарап, жануарлардың құқықтарын қорғау жөніндегі ұйымдарды құрған. Үкімет спортты жаппай насихаттаумен айналысып келеді. Солардың ішіндегі спорттың ең көп таралған түрі – шаңғы тебу. 140 ірі орталықтың болуы жылдың кез-келген уақытында шаңғы тебуге барынша мүмкіндік жасалған. Салауатты өмір салтына деген сүйіспеншілік, айналасындағыларға деген құрмет қоғамдық орындарда темекі шегуді толығымен жоюға алып келді.

Фин тағамдары

Фин тағамдары эндемиялыққа тән. Финдердің сүйікті тамағы – сүт және ет тағамдары. Олар әсіресе балықты жақсы көреді. Фин халықтарында қуырылған тағам сирек тұтынылады. Балық тағамдарының таралуы финдерде көлдердің көптігімен түсіндіріледі. Финдер уханы (балық сорпасы) жақсы көреді. Әрі уханы бірінші тағам ретінде береді. Уханың баламасы – лосось сорпасы. Айта кетейік, уха уылдырық қосылған сүттен жасалады. Сүт – Финляндияның ұлттық өнімі болып саналады. Ол күн сайын көп мөлшерде қолданылады. Финдердің барлығы дерлік өз күнін бір стақан сүттен бастайды.

Финляндиядағы сүйікті ет тағамы – «карельский горшочек». Онда сиыр, шошқа және қой етін дайындайды. Тамақ талғағыштар үшін дәмді тағам — Оленин (қақталған немесе қуырылғантағам түрі).

Десерт ретінде қара бидай ұны негізіндегі піскен нан қолданылады. Сонымен қатар, олар мұндай десерттерді тұздалған уылдырық пен маймен жейді. Пасхалық «тәттілер» көшелерде беріледі.

Сусындар арасында жеміс-жидек сусындары жиі кездеседі. Оларды дайындау үшін табиғи жидектер мен жемістер қолданылады. Финдер құпия рецепт бойынша дайындалған ликерлерді жақсы көреді. Құпиялылық – фин асханасының жалпы ерекшелігі болып табылады. Елге келгендердің көпшілігі достарға арктикалық қара бүлдіргеннен немесе поляр мүкжидегінен алкоголь әкелуді парыз санайды.

Финдер сыраны қастерлейді. Бірақ оның әйгілі болмауының бірнеше себептері бар. Солтүстік облыстар қатты аяздармен сипатталады. Сол үшін әрқашан күшті алкогольмен жылытуға тура келді. Сыра қайнату өнері онша дамымаған. Финляндияда тек жергілікті сыра жасайтын өндірушілерді ғана таба аласыз. Алкоголь өте қымбат, бірақ оның сапасы жоғары. Финляндиядағы ауа-райы жағдайлары халықтың тамақтану рационын анықтайды.

Ұлттық киімдері

Финляндияның ұлттық шапаны жақында ғана халықтық деп аталды. Бұған дейін мұндай шапандарды қала тұрғындарының жоғарғы таптағылары қолданды. Дәстүрлі костюмін батыстық және Карелдік деп бөлуге болады. Ерлердің ұлттық костюмдері әйелдерге қарағанда айырмашылығы аз.

Әйелдер жемпір, жолақты көйлек, ақ шұлық, қара етік, алжапқыш (передник) жүн күртеше мен қалпақ (кепка) киген.

Карелия мен Финляндияның ерлері шалбар, жүн күртеше, жейде, қара етік киген. Бас киім ретінде қалпақ (шляпа) қолданылды. Карелиядағы әйелдер ұзын шұлықтар мен киртл киген.

Қазақстан аумағындағы этномәдени бірлестіктері

Қазақстан Республикасының аумағында тұратын карело-финдерді біріктіретін «Суоми» этномәдени бірлестігі 2002 жылғы 20 сәуірде құрылып, сол жылы 3 маусымда ресми тіркелді.

2004 жылдан бастап этномәдени бірлестік өкілдері жыл сайын ведомство басшыларының, сала басшыларының және өнеркәсіптік өндіріс көшбасшыларының қатысуымен фин-қазақстандық өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлердің форумына белсенді қатысады.

«Суоми» ұлттық мәдени орталығының негізгі мақсаты – қоғамдағы тұрақтылық пен этносаралық келісімді сақтау, толеранттылықты тәрбиелеу болып табылады. Этномәдени бірлестік мүшелерінің Карель және фин тілдерін зерттеуі, мәдени, шығармашылық және әлеуметтік мүдделерді, орталық мүшелерінің құқықтары мен бостандықтарын іске асыру мен қорғау, олардың белсенділігін дамыту, кәсіби және әуесқой қызығушылықтарын қанағаттандыру болып табылады.

«Суоми» этномәдени бірлестігінің қатысуымен финдік жобаларды, компаниялармен және Қазақстан Республикасындағы фин компанияларының өкілдіктерімен сауда қатынастарын үйлестіретін FINPRO финдік ұйымының кеңсесі ашылды.

Бұл орталықтың негізгі қызметі – карелдік және фин ұлттарының мәдени мұрасын тілі мен дәстүрлерін зерттеу, көпшіліктің мәдени және білім беру қажеттіліктерін қанағаттандыру, басқа этномәдени бірлестіктердің мүшелерін Карелия мен Фин халықтарының дәстүрлерімен, мәдениетімен, тарихымен таныстыру.


(Суреттер: ашық ғаламтор көзінен алынды)
Акжан Ибрагимова
Бөлісу: