F тобы. Әлем чемпионатының дебюттантары!

27 Мамыр 2014, 03:47

Босния және Герцеговина елі 90 жылдарға дейін Югославия мемлекетінің құрамында болды.

Босния және Герцеговина елі 90 жылдарға дейін Югославия мемлекетінің құрамында болды. Сондықтан өз құрамаларын жасақтай алмады. Әйтпесе, тең құқылы қос федеративтік мемлекеттің  футбол командалары XX ғасырдың бас кезінде-ақ пайда болған. 1905 жылы Сараево, Баня-Лука, Тузла, Зеница, Бихач секілді ірі қалаларда көптеген командалар жасақталды. Спорт қарқынды түрде жедел дами бастады. Көп күттірмей, 1908 жылы ішкі біріншілік те ұйымдастырылды. Бұдан соң басқалар да басты қалаларда өз командаларын құрды. Ал 1920 жылы елдегі екі мықты команда Югославия чемпионатына қатысты.

Бразилияда өтетін футболдан Әлем чемпионатының топтық кезеңдегі күнтізбесін, матчтың өтетін орнын оқырман назарына ұсынуды жөн деп таптық. 

Босния және Герцеговина құрамасы

Бас бапкер: Сафет Сушич 

Команда капитаны: Эмир Спахич

Ең көп ойын өткізген ойыншы: Звездан Мисимович (77)

Ең көп гол соққан ойыншы: Эдин Джеко (33)

ФИФА рейтингісіндегі орны: 21

Югославия құрамасы сапында Хорватия, Сербия, Черногория футболшыларынан бөлек босниялықтар да болды. Әсіресе, 1970-80 жылдары олардың саны да көбейе түсті. Олардың қатарында Вахид Халилходжич, Сафет Сушич, Фарук Хаджибегич, Иван (Ивица) Осим, Асим Ферхатович, Блаж Слишкович, Мехмед Баждареви, Душан Баевич секілді Франция чемпионатында ойнаған танымал ойыншылар да бар еді.

Тоқсаныншы жылдары елде азаматтық соғыс жүріп жатты. Сондықтан футбол ойындары біраз уақытқа тоқтап тұрды. Ал  1993 жылдың науырызында Блаж Слишкович бастаған жігіттер жаңадан құрама жасақтап, қайырымдылық матчы ретінде «Генк» және «Кайзерслаутерн» командаларымен кездесу өткізді. Бірнеше айдан соң Тегеранда Иран құрамасын жеңгендерімен бұл ойынды ФИФА ресми түрде мойындамады. Олар алғашқы ресми матчтарын тек екі жылдан соң ғана өткізді.

Балқан түбегінің құрамасын ФИФА мен УЕФА мүшелікке қабылдағаннан кейін 1998 жылғы әлем біріншілігінің іріктеу кезеңдеріне қатысуға рұқсат берді. Олар електік кезеңде бірден бұрынғы Югославия мемлекетінің құрамында болған Хорватия, Словения, Дания және Грекия командаларымен бір топқа түсті. Динар тауының футболшылары 8 ойында  9 ұпай жинап, өз тобында төртінші орын алды.  Одан соң ЕЧ-2000, 2004, 2008 мен ӘЧ-2002, 2006 іріктеу кезеңдері де олар үшін аса сәтті бола қоймады.

Босния футболы 2009 жылдан бері жаңа қарқын ала бастады. Эдин Джеко, Ведад Ибишевич, Сеяд Салихович, Эмир Спахич, Звездан Мисимович секілді Еуропаның ТОП-лигаларында ойнайтын футболшылар мықтылармен терезесі тең ойнайтындай дәрежеге жетті. ОАР-дағы әлем біріншілігінің електік додасында Испания, Түркия, Бельгия, Эстония, Армения құрамаларымен бір топқа түсті. Құрамаға жаңадан тағайындалған бас бапкер Мирослав Блажевич осындай үздіктермен тайталаса алатын команда жасақтап шықты. Оның шәкірттері сол жолы іріктеу кезеңінде тек Испанияны ғана алға жіберіп алды. Құраманың бас шабуылшысы Эдин Джеко болса 9 доп соғып, мергендер көшінде Рунимен бірге екінші орынға орналасты.  Африка құрлығындағы әлем біріншілігіне қатысу үшін қосымша іріктеуде Португалияны ұту керек болды. Өкінішке қарай, Криштиану Роналду бастаған жігіттерге шамалары жетпеді.

Одан соң бұл жағдай ЕУРО-2012-нің електік додасында тағы қайталанды. Топтық кезеңде Францияны алға жіберген балқандықтар Португалияға екінші рет тағы тап болды. Бірінші ойын тең (0:0) аяқталғанымен, Лиссабонда Паулу Бентудің шәкірттері 6:2 есебімен ойсырата ұтты. Осылай екі ірі турнирде де Пиреней түбегінің құрамасынан аса алмады.

Ал Бразилиядағы мундиалдың іріктеуінде алдыңғы жылғы екі қателікті қайталаған жоқ. Бұл жолы олар іріктеу кезеңдерін «беске» тапсырды.  Топтағы бірінші орын үшін тайталаста Грекиядан доп айырмасы бойынша артқа тастады. Әйтпесе, екеуі де бірдей  ұпайдан (25) жинады. Грекиядан бөлек бұл топта Словения, Литва, Латвия, Лихтенштейн болды. Міне, осылайша тұңғыш рет әлем біріншілігіне жолдама алды.

Қазіргі құрам

Босния және Герцеговинаны 2010 жылдан бері Сафет Сушич  жаттықтырып келеді. Құрама тарихындағы ең атақты бапкер өз арманына былтыр қол жеткізді. Ол жаттықтырғалы команданың ойын өрнегі жаңа деңгейге көтерілді. Енді, міне, алғаш рет әлем біріншілігіне қатыспақшы. Сушичтің басты сенім артатын шәкірттері, негізінен, «Манчестер Сити» командасының шабуылшысы Эдин Джеко мен «Романың» жартылай қорғаушысы  Мирелем Пьянич. Құрамадағы ойыншылардың көпшілігі Түркия, Германия, Италия біріншіліктерінде өнер көрсетеді. Сонымен Бразилияға мына футболшылар барады. Қақпашылар – Асмир Авдукич («Борац»), Асмир Бегович («Сток Сити»), Ясмин Фезйич («Аален»);  қорғаушылар – Мұхамед Бешич («Ференцварош»), Эрмин Бичакчич («Айнтрахт» Б), Сеяд Колашинач («Шальке-04»), Эмир Спахич («Байер»), Тони Шунич («Зоря»), Огнен Враньеш («Элазигспор»), Эрвин Зуканович («Гент»); жартылай қорғаушылар – Анель Хадзич («Штурм»), Изет Хайрович («Галатасарай»), Сенияд Ибричич («Эрчиеспор»), Сенад Лулич («Лацио»), Харис Медунянин («Газиантепспор»), Звездан Мисимович («Гуйчжоу Жэньхэ»), Менсур Муйджа («Фрайбург»), Мирелем Пьянич («Рома»), Сеяд Салихович («Хоффенхайм»), Тино Шушич («Хайдук»), Эдин Вишча (Ыстанбұл ВВ»), Авдия Врсаевич («Хайдук»); шабуылшылар – Эдин Джеко («Манчестер Сити»), Ведад Ибишевич («Штуттгарт»).

F тобында өнер көрсететін командалар: АргентинаНигерия, Босния және Герцеговина және Иран.

Бек Төлеуов

 

Бөлісу: