Ежелгі Созақ – Қазақ хандығының алғашқы астанасы

25 Қыркүйек 2017, 13:38 26754

Тарихи маңызға ие болған қала

Созақ – Қазақ хандығының ең бірінші астанасы болған қала. 1465-69 жылдар аралығында Керей мен Жәнібектің ордалары осы қалада тігілген екен. Әбілқайыр ханның өлімінен соң басталған билік үшін таласта Созақ қаласынан хан ордасы көшірілген. Осыдан-ақ, екі мың жылдық тарихы бар бұл қаланың ерекше мәнге ие болғанын көреміз.

Қазақ хандығының негізі қаланып, оның өркендеуі жолында себепкер болған бірнеше қалалар бар. Олар: Түркістан, Сығанақ, Отырар, Сауран, қазір айтқалы отырған Созақ, Сайрам және тағы басқалары. Бұл аталған қалалардың біразы екі мың жылдық тарихты тұмшалап жатыр. Кей деректерде, осы қалалардың бірнешеуі VI – VII ғасырларда аталса, кейбіреулері IХ – Х ғасырларға жатқызылады. Десек те, көрсетілген ғасырлардан бастап, қаланың тіршілігі жанданды деген сөз емес. Қаншама зерттеулер жүргізілсе де, жоғарыда аты аталған қалалардың тіршілігі қай уақыттан басталғаны туралы нақты айту қиынның қиыны. Ғалымдардың пікірінше, кей қалалар өздерінің орнын бірнеше рет ауыстырған. Оның қатарында Түркістан, Сауран және де Сүткент сынды қалалар бар. Бірақ, көшірілген орындары бір-бірінен соншалық алыс емес. Оған мысал ретінде Сауран қаласын айтуға болады. Оның ең ежелгісінің орны Қаратөбеде, ал кейінгісі болса, қазіргі Сауранның орнында тұр. Ал арақашықтықтары үштей шақырымды құрайды. Басқа айтылған қалалардың да жағдайы осындай болған.

Археологиялық зерттеулер Созақ қаласының тарихы тереңде жатқанын, шамамен екі мыңжылдықты құрайтынын айтады. Қазақ хандығының дамып, өркендеуінде ерекше үлес қосқан Созақ қаласының орын тепкен жері Қаратаудың батысында, қазіргі Созақ аулының тұсында болған. Бұл жерде орта ғасырға жататын екі қаланының орны бар екен. Алғашқысының аты – Тарсатөбе деп аталады. Қала қазіргі ауылдың солтүстік-күншығысына қарай орналасқан. Ал келесісі ауылдың ортаңғы жағындағы жергілікті халық «Өргешігі» деп атайтын бұрынғы Созақтың орны. Ауылда бір емес екі бірдей қаланың ізі жатқанын тұңғыш айтқан қазақтың кемеңгер зерттеушісі Әлкей Марғұлан болатын. Оның жұмыстарының нәтижесі алғашқы қаланы VII – XII ғасырларға жатқызады, ал Созақта XIII – ХVІІІ ғасырлардың аралығында тіршілік болған дейді. Өткен ғасырдың орта шегінде жүргізілген тағы бір археологиялық жұмыстар Тарсатөбе қаласын сонау біздің дәуірімізге дейнгі ІІІ – біздің заманымыздағы ІХ ғасырлар аралығында гүлденген қала деген пікірге келді.

1470 жыл -  Созақ пен Сауран, Сығанақ қалалары Қазақ хандығының құрамына кірді /baribar.kz/

Ол қазба жұмыстарынан кейін Тарсатөбе қаласында айтарлықтай зерттеу жүргізіле қоймады. Десек те, ол қаланың ең кемі мың жылдық тарихы бар екеніне көз жеткізуге болады. Оған дәлел ретінде жергілікті тарихшылар мынандай пікір айтады: бұл қалада ислам діні келгенге дейін отқа табынатындар, яғни тарсалар ғұмыр кешкен. Олардың таспен тұрғызылған бейіттері Қаратаудан Созақтың бір ұшына дейін жетіп, созылып жатыр. Ол қабірлер осы жерде өмір сүрген ежелгі халықтыкы болуы әбден мүмкін.

Оңтүстік Қазақстанның археологиялық экспедициясы жасаған зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Созақ қаласы ХІV – ХVІ ғасырларда гүлденіп тұрған. Ал археолог-зерттеуші Ерзакович аталған қалашықты Х-ХІХ ғасырлардың арасында болған 5 құрылыс қабатынан тұрады деп тұжырым жасады. Ал кейінірек 1982-83 жылдары жасалған археологиялық топтың зерттемесі Созақ қаласын Х-ХVІІІ ғасырларда өмір сүрген дейді. Десек те, бұл айтылған ақпараттардың көбісі бірін-бірі қайталаған, әсіресе соңғы топтың айтқан уәжі алдыңғыларының қайталамасы ғана. 1945 жылдан кейінгі зерттеу жұмыстарында біраз кемшіліктер орын алған, оның себебі техникалық жабдықтардың сапасы төмен болғанымен түсіндіріледі. Соңғы жасалған зерттеулер қалашықтың осы күнге дейін сақталып қалған бөлшегі цитадел және шаһристаннан тұратындығын жеткізді. Сондай-ақ, қаланың цитаделі төбенің күнбатыс жағындағы биіктеу тұсында болған екен. Айналасы қоршалып салынған қабырғалардан қалған іздер ол орынның қақпа болғандығынан хабардар етеді. Ал қара халық тұрған рабадтар қазіргі тұрғын үйлердің астында қалып кеткен.

Бұл қаланың аты бірінші рет ХІІІ ғасырда армяндардың ханы Мөңкеге жасаған жол-сапарында баян етіледі. Олар қайтар жолда Құмкент, Созақ, Яссы, Сауран мен Отырар қалалары арқылы өтіп, жүрген жолдарын толық баяндап, жазба ретінде қалдырған екен. Бұл аталған қалалардың нағыз гүлденген тұсы Ұлы Жібек жолындағы сауда-саттықтың дамығанымен тікелей байланысты. Ол жолдар арқылы ірі-ірі дипломатиялық елшіліктер өтіп, олар өз деректерінде теріскейдегі ілгеріде аталған қалалардың атын жазып қалдырған. Созақ қаласының тұрғындары көшпелі және жартылай көшпелілікпен тіршілік еткен. Сондай-ақ, осындағы өзен-көлдердің көптігінен қала халқы егіншілікпен де шұғылданған. Ірі сауда жолы болғандықтан, сауда-саттықты да бірге алып жүрген.

Кей деректерде малшылар өздеріне қажет тамақ, киім, заттар мен бұйымдарды алу үшін төрт түлік малмен айырбас жасаған. Ал егіншілер, қолөнер шеберлері өз заттарын өткізу үшін де малшылармен келісіп, айырбас жүргізген. Жалпы Созақ жәрмеңкелерінде ақша аса қажеттілік тудырмағанын көреміз, себебі, адамдар еркін түрде келісе отырып, айырбас жасауға әбден дағдыланған. Қазақ жеріне жиі шабуылдаған моңғол шапқыншылығы қаланы қалай алғаны туралы немесе сол шапқыншылықтан кейінгі қала тіршілігі қалай өзгергендігі туралы еш жерде дерек кездеспейді. Сол секілді Шыңғыс хан осы қаланы өзіне бағындырғаны туралы да мәліметтер жоқ.

Ал қаланың нағыз көркейген тұсы Қазақ хандығының құрылғандығымен тығыз байланысты. Ақышовтың мәліметінше, Созақ қаласы арқылы хандықтың басты қалаларына апаратын Суындық, Ақсүмбе секілді асулар өткен. Міне, сол себепті де бұл қала сауда-экономикалық маңызға ие болған. Созақ – Қаратаудың теріскейінде Дешті қыпшақтың даласынан Түркістан мен Отырарға, Сауран мен Сайрамға, батыс жақтағы Аралдың маңайындағы қалаларға, Шу мен Таластағы ірі орталықтарға апаратын жолдың түйісер тұсында орналасқандығымен маңызды. Қазақ хандығының тірегі ретінде Созақтың маңызды орталық болғандығын көруге болады.

1470 жыл – Жәнібек хан Созақ қаласына шабуыл жасады /baribar.kz/

ХІ-ХVІ ғасырларда Сырдария бойындағы, сондай-ақ Түркістандағы ірі қалалар Өзбек пен Қазақ хандығына алма-кезек өтіп отырған. Жазба деректерде осы қалалар үшін болған соғыс шамамен 30 жылға созылып, ірі қалалар екі хандыққа жиі-жиі ауысып тұрғандығы айтылады. Мәселен, 1470 жылдың қыс айында Керей Түркістанға шабуылдап, Жәнібектің қос баласы Созақ пен Сауранды басып, иеленіп алған.

Міне, осылай қос қала біздің хандықтың құрамына кіреді. Бірақ, араға екі жыл салып, Мұхамед Шайбани Ноғай Ордасымен біріге отырып, Сығанақты жаулап алды. Шайбанидің қуанышы көпке созылмай, Бұрындық, Махмуд сұлтандар Қаратаудағы Суындық атты асуда Шайбани әскерінің күл талқанын шығарып жеңіп, Сығанақты қайтарып қана қоймай, оны батысқа қарай ығыстырып жіберген.

Бұл деректер нақты екі еңбекте кездеседі. Оның бірінің авторы анықталмаған, ал екіншісі Камал ад-Диннің «Шайбани-намасы». Дәл осындай соғыстар тағы бір ғасырға созылған. Созақтың маңызды рөл атқарғанын Абдуллах хан менен Баба сұлтан арасында өрбіген соғыстан көруге болады. Бұл жайлы Хафиз Таныш жазып кеткен. Егер бір қала үшін соғыс жүргізілсе, ол қала сауда-экономикалық тұрғыдан өте маңызға ие болғанының белгісі.

Қазақ хандарының бірі Тәуекелдің тұсында Сырдария бойындағы, Түркістан маңындағы қалалар біздің игілігімізде болған. Олар осыдан кейін, өздерінің бағзы тіршілігін жалғастырып, қазақ хандығының гүлденуіне ерекше үлес қосты. Мәселен, жоңғар шапқыншылығы кезінде Созақ ірі бекіністің біріне айналды. Жоңғарлардың жойқын шабуылдарына төтеп беріп жатқан қазақ әскерлерін азық-түлікпен, қару-жарақтармен қамтамасыз етіп отырған. Созақтың ірі қала болғандығы тіпті, орыс жазбаларында да ұшырасады. Олардың гүлденген өмірі, Әбілмәмбет ханның кезіндегі Созақ, Отырар, Сауран қалалары хандықтың орталығы болғандығы туралы айтылады. Ал ХІХ ғасырда Қазақстанның оңтүстігі Қоқандықтардың билігіне өткен уақыт та да Созақ қаласы жойылып кетпей, өз тіршілігін жалғастырған.

2012 жылы жүргізілген ауқымды зерттеу жұмысы көптеген бүгіліп жатқан деректерді ашуға көмектесті. Созақ қаласының Қазақ хандығы кезіндегі рөлін барынша анықтауға, сол секілді басқа да маңызды мәліметттерді жинауға септігін тигізді. Қазба жұмыстары екі бөліктен тұрды.

Сол жылғы зерттеу жұмыстары көздеген нәтиженің 50%-ын орындады. Уақыттың аздығы мен қаражаттың жеткіліксіз болуы, зерттеу жұмыстарын одан әрі жалғастыруға мүмкіндік бермеді. Десек те, қаланың нақты мерзімделуі, даму барысы, қалыптасқан кезеңі мен нағыз гүлденген шағын, құлдыраған уақытын айшықтауда көптеген керекті мәліметтер алынды. Бірнеше археологиялық заттар табылды, атап айтар болсақ, моншақ көздері, сырланған-сырланбаған қыш ыдыстар, тұрмыста қолданатын бұйымдар, диірменнің тастары, бірнеше мыс тиындар қазылып алынды. Олардың әрқайсысы өзіндік тарихқа ие және әртүрлі ғасырларға жатқызылады. Осы зерттеу жұмыстар әрі қарай жалғасын таппай, төмендегі қабаттарға археологиялық қазба жүргізілмей, бастапқы мақсаттар орындалмай қалды.

Созақ – 1928-1934 жылдар аралығында ауданның, «Қаракөл» ғылыми-өндірістік бірлестіктің, Созақ кеңшарының орталығы болды. Осындағы «Хан мазары» аталатын киелі жерде Әбілхайыр, ер Жәнібек секілді хандардың мүрделері жатыр.

Сандуғаш Мамышқызы
Бөлісу: