14 Шілде 2015, 10:09
Иә, ол – ғылым докторы, профессор еді. Академик болып сайланды. Елімізде ол кезде ғылым докторлары мен профессорлары аз емес болатын. академиктер де баршылық. Алайда, солардың қатарынан суырылып шығып, ұлттың зердесінде, халықтың жадында сақталған Евней есімді азамат туралы сөз бөлек. Кәсіби мамандығы жағынан бұл ағамыз бізге әріптес еді. Жаратылыстану ғылымының белді қайраткері болды. Ғылыми ізденістері, жоғары мектептегі атқарған қызметтері жағынан тағы да әріптес санаймыз. Бірақ, Алатаудың асқары алыстан анық көрінетіні сияқты Евней ағамыздың абыройы жыл сайын асқақтап барады. Бәлкім, бұл да тарихи әділеттіліктің бір көрінісі болар.
Ғылыми ортада Евекең ерте көрінді. Елуінші жылдардың басында-ақ, өзі бітірген Қазақ кен-металлургия институтының жас аспиранты алғашқы ғылыми еңбектерін бірінен кейін бірін жариялап үлгерді. 1954 жылы шілде айында Ғылым академиясының Металлургия және байыту институтының ғылыми-кеңесінде диссертация қорғап, техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды. Өзі оқыған институтта ассистент, доцент болып істеді, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарына дейін өсті.
Қазақтың тұңғыш академигі, Қазақ ССР Ғылым академиясының президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаев осы бір жас маманның ғылымдағы, қызметтегі әр қадамын бақылап отырған еді. 1960 жылы Қарағандыда ашылған академиялық химия-металлургия ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметіне өзі ұсынып, Бөкетовты тағайындағанда, болашақ қайраткердің бойындағы үздік қасиеттерді жаңылмай танығаны деп білеміз.
Мәскеудегі Болат және қорытпалар институтында 1966 жылы «Мыстың электролит қалдықтарынан селен мен теллурды бөліп алу» технологиясы бойынша докторлық диссертация қорғаған Евней Бөкетов Қазақстанда жаратылыстану ғылымдарының жаңа сатыға көтерілгендігін сеніммен дәлелдеп берді. Ғылыми зерттеулерін одан әрі жалғасытырып, Балқаш кен-металлургия комбинаты өндірістерінде мыс рудаларын жинақы өңдеу технологиясын жасағаны үшін оған КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. Ғылым мен тәжірибені іскер ұштастырып, ел экономикасына зор үлес қосқан Е.Бөкетов еліміздегі ең жоғарғы марапатқа осылайша ие болды.
Жалпыға мәлім, ол кезде Қазақстанда жалғыз ғана мемлекеттік университет Алматыда болатын. 1972 жылы Қарағандыда екінші мемлекеттік университет ашылатын болғанда оған ректорлыққа техника ғылымдарының докторы әрі КСРО Жазушылар одағының мүшесі Евней Бөкетов тағайындалды.
Жаңа университеттің шаңырағын көтеріп, шаруашылығын қалыпқа келтіру қандай қиын болса, сан-салалы білім беретін оқытушы ғалым кадрлар жинау одан да күрделі міндет еді. Қажырлы ұйымдастырушы, жоғарғы мектептің қыры-сырын жақсы білетін басшы сол алғашқы бір-екі жылдың өзінде-ақ университетті аяғынан қаз тұрғызды. Әлбетте, қилы-қилы мәселелерді шешуде Евекеңнің жеке басының беделі мен адамгершілік қасиеттері де үлкен көмек болғанын оның замандастары мен әріптестері әлі күнге айтып отырады.
Евекең университеттің бірінші басшысы бола жүріп, анорганикалық химия кафедрасын ашып, кейінірек физикалық химия кафедрасын құрып, өзі басқарған және соның бәрінде де өзі қанаттандырған Химия-металлургия ғылыми-зерттеу институтымен, Қарағанды өндіріс аймағындағы ірі-ірі өнеркәсіп орындарымен ғылыми және іскерлік байланыстарын үзген жоқ...
«Өрі – ғылым, ойы – өлең» деп ақын замандасы баға бергендей, ғұлама жерлесіміздің әр тараптағы ой-түйіндері ұрпақтарын жаңа биіктерге, ізденістерге бастайды. Әлемдік қоғамдастықтың құрамында көгілдір туын қолына нық ұстаған тәуелсіз Қазақстан халқының шежіресінде ардақты ағамыздың аты алтын әріппен жазулы.
«Парасат» СҚМУ газеті, 2005 жыл