Еуропаға жорық басталды

17 Шілде 2019, 12:50 5554

Қазақстандық командалар Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасындағы алғашқы кездесулерін өткізді

«Астана Арена» стадионында ел чемпионы Румынияның үздік командасымен жолықса, Шымкентте жергілікті «Ордабасы» командасы Грузиядан келген қонақтарды қабылдады. Ал қостанайлық «Тобыл» Люксембургтің «Женессіне» қарсы ойын өткізсе, алматылық «Қайрат» босниялық «Широки Бриегпен» теке-тірескен болатын.

Жалғыз голға артылған үміт көп

«Acтaнa» (Нұp-Cұлтaн, Қaзaқcтaн) ­– ЧФP «Клуж» (Клуж-Нaпoкa, Pумыния) – 1:0 (0:0).

Гoлды caлғaн: Пocтникoв, 68

«Acтaнa»: Эpич, Pукaвинa, Пocтникoв, Шимунoвич, Бейcебекoв, Мaевcкий, Лoгвиненкo, Тoмacoв (Янгa, 58), Cигуpьoнccoн, Муpтaзaев (Мубеле, 84), Poтapиу.

ЧФP «Клуж»: Apлaуcкиc, Cушич, Виниcиуc, Буpкэ, Кaмopa, Хoбaн (Poндoн, 75), Дяк, Бopдеяну (Aуpелиo, 90), Кулиo, Пaун (Мaйлaт, 65), Oмpaни.

Фото: fcastana.kz

 «Астана» командасының бас бапкері Роман Григорчук биылғы Чемпиондар лигасының алғашқы кездесуінде бірер күн бұрын ҚПЛ-дің «Тобылға» қарсы өткізген ойыншыларына сенім білдірді. Қостанайлықтармен болған ойында жеңіске қол жеткізген бұл футболшылар румындардан да жеңісті тартып алуға шама-шарқы жетеді деп есептесе керек. Сол қапталда өте пайдалы өнер көрсететін Шомконың орнына Бейсебековтің шыққаны көпшіліктің көкейінде сұрақ туындатқаны рас. Десе де, украин маманының өз есебі бар болар. Ал ЧФР коучы Дан Петреску Румынияның Суперкубогы үшін болған ойынмен салыстырғанда (ЧФР «Вииторул» командасына 0:1 есебімен есе жіберді) қорғаныс шебіне екі бірдей өзгеріс енгізіпті. Нақты айтқанда, оң қаптал Сушичке сеніп тапсырылса, орталық қорғаныста Буркэ ойнады. Оған қоса, тәжірибелі Хобан мен Кулио орталық жартылай қорғаныста доп тепсе, Паун сол жаққа ойысқан. Клужалықтардың ойын схемасы 4-3-3-тен гөрі, қорғанысқа көбірек көңіл бөлетін 4-1-4-1 өрнегіне жиі ауысып отырды. Қонақтар «Астана Аренадағы» жасанды төсенішке қарамай, ойынды өте сенімді  бастады: Паун алыс дистанциядан қақпаға соққы жасап көрсе, Омрани Бордеянудың оң қапталдан жеткізген пасын керегіне жаратып, Эричті бір сынға алған. Ол Ненад үшін еш қауіп тудырмай, статистикаға өзгеріс енгізуші соққы ретінде тіркелді. Француз шабуылшысы Омрани бір сәтте тыным таппай, алаң иелерінің қақпа маңында спорттық снарядқа иелік етіп, Дякқа пас шығарды, ал Чиприан Сушичке жеткізген. Соңғысы соққы жасағанмен, Бейсебеков допты бұрыштамаға шығарып үлгерді. Астаналықтар корнерден сәтті қорғанып, екінші деммен шабуылға үн қосқан Хобанның қателесуіне алып келді. Жиырма метрден қақпаны көздеген румын ойыншысының добы маңдайшадан биік ұшты. Осыдан кейін «теміржолшыларда» гол соғатын тамаша мүмкіндік туындады: Кулио Маевскийден айласын асырып кеткен, командаласына көмекке келмек болған Постников допты дәл аргентиналыққа тигізді. Тәжірибелі хавбек Эричпен бетпе-бет шыққанымен, қиыс теуіп, стадионға жиналған 18 мың жанкүйердің жүрегін орнына түсірді. Расымен де, алаң иелерінің жолы болды. Бұл қауіптен кейін жергілікті футболшылар қорғаныста ойнағаннан пайда болмайтынын түсініп, алға жүгірді. Томасов командаласынан пас алып, алда жүрген Муртазаевты жарылқамақ болған, хорваттың бұл ойы жүзеге аспағанмен, доп Рукавинадан табылды. Сербтің Арлаускис қақпасының алдына жеткізбек болған спорттық снарядын румындар бұрыштамаға жіберді. Бұл астаналықтар үшін алғашқы корнердің аса пайдасы бола қойған жоқ. Бұдан соң, нұр-сұлтандық клубтың жаңа ойыншысы Сигурьонссон орта дистанциядан румындық команданың қақпашысын әбігерге салған соққы жұмсады. Арлаускис қолғабынан шығып кеткен допты әупірімдеп жүріп, иелігіне алды. Келесі бұрыштамада да Гедрюс қақпадан шығу сәтте қателікке бой алдырғанымен, бәрі ойдағыдай аяқталған еді.

Алғашқы минуттардан «Клуж» өте ұйымшыл ойын көрсетіп, астаналықтардың жүйелі шабуыл ұйымдастыруына кедергі келтіріп бақты. Мәселен, Муртазаев доппен қарсыластардың айып алаңына жақын барып, Рукавинаны ойынға араластырғанымен, қорғаушының көтерген пасына ешкім үн қата қоймаған еді. Сол сияқты шабуылға шыққан Бейсебековті Дяк алаң шетіндегі жалауша маңында шалып жығып, тағы бір қауіпті кросстың алдын орап кеткен-тін. Сигурьонссон қақпа алдына көтергенмен, Арлаускис бәрінен бұрын жетіп, допты қағып тастады. Екінші деммен шабуылға қосылған Томасов Камораны алдап өтіп, қақпаның сол бұрышын көздеген – кипердің сэйві. Осыдан кейін алаң иелері қонақ команданы қыспаққа ала бастады. Қатарынан бірнеше бұрыштамалар болып, Томасовтың соққысын Петреску шәкірттері жауып үлгерсе, Арлаускистің қателігін Ротариу өз пайдасына асыра алмады. Жергілікті теңбілдоп шеберлерінің қарқын алып бара жатқанын ескерген қонақтар да қарап қалмай, екі қиыс соққылармен жауап берді. Орта дистанциядан Паун мен Дяк іске араласып көрген, олардың ойлағандарынан түк шықпады. Содан соң, Томасов қақпаға жақын маңда Кулионы ережеге дөңес келетін қимылмен тоқтатып, айып соққысын әкелді. Ол нүктеден бағын сынап көрген Бордеянудың соққысы астаналықтар құрған тосқауылды бұзып-жаратындай күшті шықпаса керек. Стандарттан кейін Омранидің пасын сәтті пайдалануға тырысқан Паун өз командасына корнер әперген. Бұрыштамадан Бордеяну Хобанды тауып, үйде әзірлеп келген комбинацияны іске асыруға ұмтылды. Алайда, Постниковтің сәтті қимылынан кейін Ротариу қарымта шабуылға шығуға шақ қалды. Бірақ... Алма-кезек шабуылдар ұйымдастырып, қос қақпаны көздеген ойыншылар таблоға өзгеріс енгізе алмай, алғашқы таймды аяқтады. Григорчук шәкірттері қорғаныста да сақ ойнап, қонақ қақпаны қанша тура көздеуге ұмтылғанмен, өз дегендеріне жете алмай жатты.

Екінші ойын кезеңі де румын командасының басымдығымен басталды. Астаналықтар өз айып алаңында Омраниға қарсы ереже бұзған: алғашында Логвиненко француз шабуылшысын шала тоқтатса, одан соң Бейсебеков іске қосылды. Румындардың бір соққысы маңдайшадан биік кетті. Бұған жауап ретінде Ротариу орта дистанциядан бағын сынап көрген, Арлаускис өз орнынан табылды. Ал тағы шабуылға белсенді кіріскен Рукавинаның қақпа алдына көтерген пасы өз мекенжайын таба алған жоқ. «Кулждің» шабуылдаушы шебі бір сәтте тыным таппай, Эрич қорғаған қақпаны нысанаға алумен болды. Бордеянудың соққысына  тосқауыл табылса, Арлаускистің Омраниге бір-ақ жеткізген добы өте қауіпті шықты: Билель алға құстай ұшқан, Бейсебеков бар жылдамдығын қосып, француздың аяғынан допты корнерге шығарып үлгерді. Осы аралықта Григорчук күдікті алмастыру жасады. Бұқаралық ақпарат құралдары болгарлық «Левски» клубына жіберіп үлгерген Янга Томасовтың орнына шықты. Ол өткір шабуыл өтінде өнер көрсетеді де, осы міндетті мүлтіксіз атқаруға тырысқан Ротариуды қапталға жіберді. Бірден Дорин үшке-үш шыққан шабуылды бастап, «Астананың» есепке өзгерту енгізетін тамаша мүмкіндігін жасап берген. Алайда, Сигурьонссон командаластарына дәл пас жеткізе алмай, бұл шабуылды құрдымға жіберді. Бұған «Клуж» Кулионың көмегімен екі соққымен үн қатты. Ал нұр-сұлтандықтар «стандарттарын» сәтті жүзеге асыруға барынша тырысып бақты. Исландық Сигурьонссон бұрыштама әперіп, оны өзі орындады. Рунардың оң қапталдан көтерген добына Ротариу жетпегенмен, Винисиусқа тиіп, қақпа алдында тұрған Постниковтың алдынан табылды. Евгений бір сәтке киперді қапы қалдырып, спорттық снарядты торға тоғыта салды. Бұл ойындағы жалғыз гол осылай соғылған еді. Ендігі, қонақтар есепті теңестіремін деп алға ұмтылып, астаналықтарға көп кеңестік қалдыруы мүмкін. Бірақ, ондай мүмкіндіктерді биылғы маусымды шала-құла өткізіп жүрген Григорчук шәкірттері өз пайдасына асыра ала ма екен?! Сонымен, Ротариу алға жүгіріп, оң қапталдағы Рукавинаға доп берген, Антонионың қақпа алдына шығарған пасына Муртазаев кішкене жетпей қалды, әйтпегенде Романның тағы бір баспен соғылған голына куә болып қалар едік. Дан Петреску шабуылға жаңа леп қосу мақсатында екі бірдей тыңнан ойыншы қосты. Енді ойынға қосылған Майлат алыс дистанциядан Эричтің шеберлігін бір сынап көрген: пайдасыз. Одан кейін тамаша мүмкіндікті Омрани жіберіп алды. Ол оң қапталдан келген пасты қақпаның ашық қалған сол бұрышына тастай саламын деп, қиыс тепті. Билельге сәттілік серік болғанда таблодағы есеп 1:1 болары анық еді. Ол көрсеткіш клуждықтарды қанағаттандыратынына талас жоқ. Ендігі бір сәтте тағы да жергілікті ойыншылардың жолы болды. Қонақтар өз мүмкіндіктерін желге ұшырып жатты. Екінші таймның соңына қарай, алаң иелері қарқын қосып, есепті еселуге барын салды. Муртазаевтың оң қапталдан көтерген пасына Логвиненко үлгермей қалса, Сигурьонссон орта дситанциядан Арлаускистің бір шеберлігін сынап көрді. Ал Ротариу екі мәрте қақпа бұрышын көздеп, қонақтардың литвалық киперін әбігерге салды. Дориннің тағы бір шабуылға араласуы Рукавинаның қорғаушылардан өтпеген соққысымен аяқталды. Оған қоса, Бейсебековтың де соққысы клуждықтардан өткен жоқ. Төреші қосқан қосымша уақытта Мубеле пенальти алуға тырысып көрген. Бас қазы тек бұрыштаманы көрсетті. Өкінішті-ақ! Корнердің пайдасы болмады, ал қонақтардың қарымта шабуылын Постников сары қағаз алу арқылы ғана орта белінен үзіп тастады.

Ойын аяқталуына бірер минут қалғанда румын командасында тағы бір мүмкіндік болған, десе де Майлат олардың есепті теңестіруге деген соңғы үмітін желге ұшырды. Бұл ойын Клуж-Напокеде өте тартысты кездесу өтетініне көзімізді жеткізді. Өз алаңында олар өткір әрі қауіпті ойнап, Эрич қақпасын нысанаға алып, қорғаушыларды әбігерге салуы ғажап емес. Оның үстіне ЧФР өз чемпионатындағы алғашқы кездесуін де өткізіп, біршама физикалық дайндықтарын күшейтетіні бар. Иә, бұл матчта «Астана» өз қақпасын мүмкін болатын голдан аман алып қалғаны көңіл қуантады. Немесе дәлдік жетіспеген Кулио мен Омраниге алғыс айтуымыз керек шығар. Өз жанкүйерлер алдына, үйреншікті жасанды төсеніште екінші гол соғып алғанның да зияны болмас еді-ау. «Астана» ірі есеппен жеңіске жетерліктей ойын көрсете алмаса да, қарымта ойында румын қақпасының кілтін табады дегенге сенім білдірейік. Жауапты кездесу бір чемпионды ойында қалдырса, жеңілгенін Еуропа лигасына аттандырады. Григорчук шәкірттері төрт жыл бұрынғы ерліктерін қайталай алар ма екен? Оның үстіне Қазақстанның қоржынына да көбірек ұпай салуды ойлау керек секілді.

Тісін батыра алмаған «Тобыл»

«Женеcc» (Эш-cюp-Aльзетт, Люкcембуpг) – «Тoбыл» (Қocтaнaй, Қaзaқcтaн) – 0:0.

«Женеcc»: Зoммеp, Фиopaни, Меддуp, Тoдopoвич, Штейнбaх, Лaпьеp, Дуpиaтти (Мopейpa, 76), Менеccу, де Coузa (Poca, 72), Мaкoтa (Кьеpе, 61), Клицa.

«Тoбыл»: Бaлaев, Бoчapoв, Кaccaй, Кaнкaвa, Дмитpенкo, Вaлиуллин, Жулпa, Квеквеcкиpи, Гopдейчук (Тұpыcбек, 59), Вaлиуллин, Cебaи (Федин, 60).

Фото: fctobol.kz

Алаң иелерінің бас бапкері Николя Хюйсман ойын алдында болған баспасөз отырысында шын жүрекпен ойнауға уәде еткен еді. Француз маманының шәкірттері матчты расымен керемет қарқынмен бастады. Бес қорғаушыдан құралған мықты қорғаныс шебі, орталық алаңда да Менессу бастаған блікті футболшылар тер төкті. Креативті де Соуза, жылдам Дуриатти, шабуыл шебінде Макота мен Клица дуэті люксембургтік команданың контройынға сенім арытатынан хабар берді. «Женесс» командасы қазақстандық «Жетісудың» ойын өрнегін негіз етіп алғандай: бірінші кезекте қарсылас ештеңе ұйымдастыра алмауы керек, ал өздері сәті түссе жақсы шабуылға ұмтылады. Ал Владимир Газзаев легионерлерге шектеу жоғын ескеріп, алаңға жетінші өзге елдің футболшысын шығарды. Ал Тұрысбек пен Фединді Шымкентте өтетін ҚПЛ-дің кезекті турына сақтаған сыңайлы. Төреші ысқырығы естіле сала, «Тобыл» допқа көбірек иелік етіп, біршама басымдық танытқанымен, голға дейін жететін сәттер байқала қоймады. Алғашқы он бес минуттықта қос қақпашы да орнынан қозғалмай, алаңдағы ойынды тамашалаушылар секілді тұрып қалғандары бар. Одан кейін Макота қарымта шабуылға жүгіріп, Балаевты бір тексеріп алды. Қостанайлық қақпашы өз орнында. Қонақтар корнерге жауап қатқан: Гордейчуктің соққысы Зоммерді орнынан да қимылдатқан жоқ. Жалпы, алаң иелерінің кипері алғашқы таймда мүлдем іске араласпады. Ал Балаев жарты сағаттық ойын бөлігінен соң, матчтағы үздік ойыншы болатындай сейвтер жасады: «Женесс» ойыншылары керемет үш минуттық басымдыққа ие болып, Менессу мен Макота Эмиль қақпасын нысанаға алған. Әсіресе соңғысының соққысын Балаев керемет тойтара білді. Басқа қостанайлық ойыншылар матчта жүйкелері сыр беріп, бірінен соң бірі сары қағазбен жазаланып жатты. Алғашында Валиуллин бас қазының «марапатын» алса, одан кейін Нұрғалиевтің артық қимылы албан төрешісінің қолын қалтасына жүгіртуіне себепкер болды. Үзіліс алдында қос команда да голдармен алмасуға шақ қалды. Квеквескиридің кроссын Кассай керегіне жарата алмай, қиыс тепсе, Балаев командаласы Жулпаның әкелген айып добын орындаған де Соузаның соққысын әрең тойтарған еді. Үзілісте Владимир Газзаев өз шәкірттеріне айтар сөз тапқан болар. Себебі, допқа екі есе иелік етіп жүрген команда тек бір бұрыштама мен екі қиыс кеткен соққы ғана жасай алды.

Екінші таймның басынан қостанайлықтар белсенді қимылдай бастады. Алаң иелері Канкаваның қақпаға бағыттаған соққысының жолын кесті. Көп ұзамай форвард Себаида жақсы мүмкіндік пайда болған, бірақ Сенин «Астанамен» өткен ойындағыдай жақсы шабуылдың шырайын кетірді. Ары-бері шапқылап, көптеген сәттерді желге ұшырған африкалық ескерту қағазын алып, орнын басқа командаласына босатып берді. Владимир Газзаев Тұрысбек пен Фединге сенім артып, таблоға өзгеріс енгізіп қалар деген оймен алаңға жіберген. Сол сияқты «Женесстің» бапкерлер құрамы шабуылды күшейтіп, Кьерені ойынға қосты. Оның шығуы Жулпаның сары қағазбен жазалануына себеп тауып берді. Осыдан кейін Клица бір қиыс соққы жұмсап үлгерген, сонымен жергілікті аяқдопшылардың шабуылы тәмам болды. Ал «Тобыл» қалайда жеңіске жету мақсатымен алаң иелерінің айып алаңының шаңын шығарды. Айып соққысы, корнерлер, Кассайдың тағы бір қиыс соққысы, Тұрысбектің бағанаға тиген добы, Квеквескиридің қақпаны дәл таппауы таблода тең есеп қалатынына кепілдік бере бастағандай. Нұрғалиев люксембургтіктердің қорғанысын бұзып, Бауыржанды доппен қамтамасыз етуге тырысқан, сәтсіз! Ал соңғы он минуттықта Квеквескири бұрыштамадан Фединнің басын тапқан. Максим бәрінен бұрын секіргенмен, қақпаны тура көзде алмай, санын сақты. Ойын аяқталуына бес минут қалғанда Тұрысбектің арқасында қостанайлықтар үш ұпай алуға бір табан жақын қалған. «Женесс» кипері бұл ойындағы жалғыз тамаша сейвімен көзге түсті. 0:0 көрсеткіші алаң иелері үшін тамаша жетістік. Себебі, тоқсан минут бойы допқа иелік еткен қазақстандық команда аутсайдер саналған алаң иелеріне тісін батыра алмады. Әрине, олар жоқ жерден жақсы шабуылға шығып, есеп ашуға барын салды. Балаев командасын бірнеше мәрте мүмкін болар голдан аман сақтап қалғаны тағы бар. Бұл ойын Владимир Газзаевтың «Ақтөбені» баптаған  тұста «Нымме Кальюден» өте алмаған сәтсіздігін еске салады. Отандық клуб допты қарсыласқа бермегенмен, келесі кезеңге эстондықтар жолдама алғанын футболсүйер қауым жақсы біледі. Осы орайда, «Тобыл» жанкүйерлері өткен жылы «Пюникке» кеткен есені еске алатын болар? Оның үстіне биылғы ҚПЛ-де ерекше ойынымен көзге түсіп жүрген қостанайлықтардың Люксембург елінің бұл командасын еш қиындықсыз жеңеді деген пікір білдіргендер көп болған еді. Осындай ойында алған төрт бірдей сары қағаздың кімге пайдасы бар? Бұл матч сценарийін осы аптада өтетін «Астана Аренада» қайталауға мүлде болмайды. Қазақстан премьер-лигасындағы кезекті ойында тобылдықтар Шымкентте күштерін сақтап ойнағандары көрініп тұрды. Не де болса, қазақстандық команданың алғашқы раундтан-ақ Еуропа лигасынан шеттетіліп қалғанын қаламайтынымыз анық. В.Газзаевтің бір діттегені бар шығар деп сенейік...

23 соққы, 1 гол!

«Opдaбacы» (Шымкент, Қaзaқcтaн) – «Тopпедo» (Кутaиcи, Гpузия) – 1:0 (0:0).

Гoлды caлғaн: Еpлaнoв, 67.

«Opдaбacы»: Непoгoдoв, Төлебек (Бaдибaнгa, 56), Дocмaғaмбетoв, Еpлaнoв, Фoнтaнеллo, Мaлый, Диaкaте, Мaхлaнгу, Мехaнoвич (Щеткин, 67), Жoao Пaулo, Жaнғылышбaй (Быcтpoв, 73).

«Тopпедo»: Квacхвaдзе, Тaбaтaдзе, Хуpцилaвa, Чичинaдзе, Нaдapaя, Нибеpидзе, Цинцaдзе, Пoниaвa (Мocиaшвили, 86), Цицкишвили, Чoгaдзе (Кoбaхидзе, 69), Кaпaнaдзе (Цецхлaдзе, 78).

Фото: fcordabasy.kz

Шымкенттік клубтың бас бапкері Кахабер Цхададзе бұл ойынға үздік құрамды шығарды: бразилиялық Жоао Пауло екінші форвард рөлінде болса, Диакате алғашқы минуттардан қарсылас шабуылын тойтарушы рөлін алды. Ал Абдулайдан төменірек Махлангу мен Механович дуэті өнер көрсетсе, қос қаптал Төлебек пен Досмағамбетовке сеніп тапсырылды. Қонақ команданың коучы Кахабер Чхетиани ешкім күтпеген, тіпті өздері жасыл алаңда жиі сынап көрмейтін 3-4-2-1 ойын өрнегін таңдапты: Табатадзе мен Ниберидзе алаң жиегінде тер төксе (Важа ойын барысында алға көп ұмтылды), Капанадзе өткір шабуыл өтінде жүрді. Себебі, бұған дейін шабуылды өз мойнына алатын Зивзивадзе бұл матчта ойнайтын аяқдопшылардың қатарында жоқ. Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионға ҚПЛ ойындарымен салыстырғанда екі есе көпжанкүйер жиналған екен. Мұндай қолдаумен ордабасылықтар қалайша алға ұмтылмасын? Алайда, алғашқы он бес минуттықта қаншама шабуыл жасалса да, есеп ашыла қоймады.

Еуропа лигасының алғашқы ойынында-ақ, қонақ киперді жаралай жаздаған Жоао Пауло алыстан Квасхвадзенің оң жақ бұрышын көздеуге тырысқан. Онысынан ештеңе шыға қоймады. Ал торпедолықтар Надараяның көмегімен статистика үшін бір соққы жасап қойды. Грузиннің тепкен добы қақпадан әлдеқайда қиыс ұшқан еді. Үзіліске дейін қонақ команда Непогодов қорғаған қақпаны маңайлай алмай, тек қорғанысқа көңіл бөлді. Алаң иелері 70%-дық допқа иелік ету көрсеткішіне қол жеткізсе де, таблоға өзгерту еннгізуге асыға қоймады. Жоао Пауло үш рет, оның ішінде екеуін «стандарттан» допты Квасхвадзенің қолғабына берсе, Механович те командаласы секілді қақпаны тура көздей алмай, спорттық снарядты ауаға теуіп жатты. Алғашқы қырық бес минуттықта ордабасылықтар гол соғатын тамаша сәтті жіберіп алды: Жанғылышбайдың алға ұмтылысы корнермен аяқталып, бұрыштамадан Жоао Пауло қақпа сызығына қарай пас шығарған, қорғаушы Ерланов баспен соққы жасағанмен, қонақ кипер торға ентелеген допты қағып үлгерді.

Алғашқы тайм шымкенттіктердің қарқынды шабуылының нәтижесіз екенін көрсетіп, ойыншыларды аз-кем демалуға жіберді. Алаң иелері жасыл алаңда бір голмен марапатталатындай тер төксе де, грузин қорғанысы сыр бермеді. Ойынның екінші бөлігі де Цхададзе шәкірттерінің белсенділігімен басталды. Төлебектің алға шығарған кроссына Жанғылышбай үлгере алмады. Одан кейін Тоқтар жақсы нүктеден айып добын тебуге мүмкіндік әперген, бірақ та Механович оны сәтті жүзеге асыра алмады. Екінші деммен жасалған шабуылда Квасхвадзе қорғаған қақпа алдына жеткен доп Фонтанелло басынан кейін  тордың сыртынан табылды. Содан соң, Жоао Пауло Механовичтің кроссын торға тоғытуға бірер сантиметрлер жетпей қалды. Командаласы Жанғылышбай да Мерзадтың пасына үлгермей жатты. Осы аралықта Жоао Паулодан доп алған Тоқтар гол салып кеткен еді, бірақ баризилялық офсайдта қалып қойып, қапталдағы төрешінің жалаушасы желбіреді.

Алаң иелері үстін-үстін шабуылдап, қонақтарды әбден тығырыққа тіреді. Кахабер Цхададзе шабуыл шебіне екі бірдей аяқдопшыны жіберіп, торпедолықтардың дегбірін қашырды. Габаритты Щеткин тыңнан қосыла сала, командаластары орындағалы жатқан бұрыштамаға жүгірген, қонақ қорғаушылар бар қауіпті Алексейден келеді деп, Ерлановтан көз жазып қалды. Темірлан Жоао Паулоның пасын керегіне жаратып, қақпашының өз «үйін» тастап шығу кезіндегі қателігін ұтымды пайдаланып, есеп ашты. Қорғаушы алғашқы таймдағы гол салатын мүмкіндігін жіберіп алғаны үшін, осылай кешірім сұрады. Көп ұзамай Махлангу есепті еселеуге аз қалды, оның орта дистанциядан тепкен добы сол бұрыштың тоғыздығынан сәл биігірек ұшты. Өкінішті-ақ! Командаласы Бадибанга сол әрекетті қайталап көргісі келген, Зигидің соққысын қорғаушылар тосып алды. Одан кейін Досмағамбетов алыс бұрышқа қарай пас жеткізген, Марат Быстров оны қабылдап алып, қақпа алдындағы Щеткинге берді. Алексей допты қақпа ішіне тастай салғанмен, сәл ертерек форвардтың офсайдта қалғаны белгілі болды. Шабуылшы тыным таппай, араға бірер минут салып, Махлангудан пас алып, айып сызығының сыртынан соққы жасаған, Квасхвадзенің сейві. Төреші қосқан қосымша алты минуттықта сол Щеткиннің «екінші қабаттан» есепті еселеуге мүмкіндігі болған, алайда шабуылшы командаласы Ерлановтың қателігін қайталап, допты қақпашының қолғабына ұрыпты. Статистикаға көз жүгіртсек бұл ордабасылықтардың 23-ші соққысы екен. Таблода 1:0 есебі тіркелді.  Әрине, ол 0:0 немесе 2:1 секілді («Торпедоның» гол салатын ешқандай мүмкіндігі болған жоқ, олар тек Цецхладзенің айып сызығының сыртынан тепкен соққысын және Непогодов жолын кескен тағы бір шабуылдауға ұмтылысын қанағат тұтты) нәтижелермен салыстырғанда әлдеқайда жақсырақ. Тағы да бірнеше гол соғуға Кахабер Цхададзе шәкірттерінің шамасы келер еді. Тек шабуылды түйіндеуге сәттілік серік болмады... Ондай есеп шымкенттіктердің жауапты кездесуге сенімді аттануына мүмкіндік берер еді. Алайда, бұл матч «Ордабасы» командасының өз қарсыластарынан бір бас жоғары тұрғанын көрсетіп берді. Кутаисиде Цхададзе шәкірттері білгенінен жаңылмаса, келесі кезең қолда тұр. «Ордабасы» қанша рет Еурокубоктық ойындарға шығып жүрсе де, екінші кезеңге өту бақыты сирек бұйырған. Бұл жылы шымкенттік футболшылар футболсүйер қауымды жеңістерімен қуанта береді деп сенім білдіреміз. 

Күтпеген жеңіс

«Шиpoки Бpиег» (Бocния және Геpцегoвинa) – «Кaйpaт» (Aлмaты, Қaзaқcтaн) – 1:2 (1:1).

Гoлдapды caлғaн: 0:1 Эcеoлa, 29, 1:1 Енин, 34, 1:2 Эcеoлa, 58.

«Шиpoки Бpиег»: Злoмиcлич, Чopич, Кoвaчич, Мaтич, Квеcич, Cтaнич (Б.Вукoйя, 68), Енин, Мapич, Бaбич (Юpиль, 58), Йoвич (З.Вукoйя, 79), Бaгapич.

«Қaйpaт»: Пoкaтилoв, Микaнoвич, Дугaлич, Aхметoв, Cүйiмбaев, Әбiкен (Қуaт, 56), Жукoв, Opaзoв (Кocoвич, 64), Вpжещиньcкий, Иcлaмхaн (Кейлеp, 76), Эcеoлa.

Фото: fckairat.com

Қазақстандықтарға жақсы таныс Босния және Герцеговина елінің намысын қорғайтын «Широки Бриег» биылғы ресми алғашқы матчына шабуылдауға икемді құрамды шығарыпты. Оның үстіне «Пецара» стадионы жанкүйерлерге лық толған. Алаң иелерінің бас бапкері Гоце Седлоски өткір шабуылға Багаричті, оған қолдау білдіруші ретінде Бабич пен Йовичті жіберсе, олардан төменірек Марич пен Енинге сенім артқан. Қос қапталды қорғауға шыққан Чорич (әсіресе, алаң иелерінің капитаны) пен Квесич те шабуылға жиі араласып жүрді. Оған қоса, «стандарттар» ірі денелі Матич пен Ковачичсіз ойнатылған жоқ.  Ал «Қайратта» бірінші минуттан жарақатынан айыққан Вржещиньский өнер көрсетсе, өткір шабуыл өтіне Эсеола шықты. Сонымен қатар Әбікен-Оразов-Исламхан-Жуков төрттігі орталық алаңға жауап берді. Ал тәжірибелі Исламбек Қуат қосалқы құрамда қалды.

Ойын қарқынды басталды. Алдымен Бабич оң қапталдан корнер көтерген, Чоричтің баспен ұрған соққысы қиыс ұшты. Содан соң, алаң иелері Эсеоланың ұмтылысына тосқауыл болды, ал Әбікен орта дистанциядан Зломисличтің сол бұрышын көздеуге тырысқан. Сәтсіз. Одан кейінгі он минутта ойын аздап саябырсып қалды. Оның Оразовтың алған «стандарты» бұзғандай көрінген. Алайда қонақтар, бұл мүмкіндікті керегіне жарата алмады. «Широки Бриег» үш қорғаушыға қарсы бес ойыншымен алға жүгіргенмен, ештеңе шыққан жоқ. Екінші деммен шабуылға ұмтылған Станичтің соққысы Покатиловты іске араластырды. Стас оң жақ «алтылықтан» Матоның добын қағып тастады. Ал Йович сол жақтан орталыққа ойысып, өз бағын сынап көрді, хорваттың аяғына спорттық снаряд дұрыс келмеген сыңайлы. Жарты сағаттықтан соң, қонақтар Исламханның керемет пасынан кейін Эсеоланың көмегімен есеп ашты. Бауыржан алаң иелерінің қорғанысын бұзып жарған, тамаша кросс жасады. Ал Адеринсола кипердің оңай айласын асырып, таблоға өзгерту енгізді. Бұл гол соғылмас бұрын бес минут бойы қайраттықтар допқа көбірек иелік етіп, өз ойлағынан іске асырып алған соң, бірден-ақ қорғаныста «қаңтарылып» қалды. Есептің ашылуы жергілікті футболшылардың көзсіз алға ұмтылуына алып келгендей. Ендігі допқа иелік ету көрсеткіші 70%/30%-ды құрады. Ақыры, босниялықтар өз мақсаттарына жетіп, есепті теңестіріп кетті. Ресейлік легионер Енин Оразовты қапы қалдырып, допты айып сызығының сыртынан сол «тоғыздыққа» тамаша түсірді. Покатилов шарасыз. Бұдан кейін алғашқы таймда алаң иелері ауыз толтырып айтарлықтай шабуылға шыға алмай, өз ойындарын іздеумен болды.

Бірінші таймның соңына қарай ойына қыза түсті: алға ұмтылған Сүйімбаев Зломисличті бір сынап көрген, ал Оразовтың соққысы қорғаушылардан өтпеді. Багарич командасын есепте алға шығаратын екі бірдей мүмкіндікті жіберіп алды. Бабичтің керемет пасынан кейін айып сызығының сыртынан қақпаны көздеген Драженді Покатилов кірпік қақпай бақылап тұр екен. Одан кейін Багарич Ахметовті алдап өтіп, соққы жұмсады. Стас оң «алтылықтан» допты алып шығып, қайраттық жанкүйерлердің жүрегін орнына түсірді. Айтпақшы, үзілістен соң Дугалич қарсыластан көз жазып қалып, Маричтің жойқын соққы жасауына жол беріп қойды. Матеоның бұл ұмтылысы өте қауіпті шықты. «Қайратта» қарап қалмай, екінші голды соғудың қамымен жүрді. Енді бірде Жуков жақсы шабуылды түйіндеудің орнына, қарсылас айып алаңында құлап қалған: бас қазы Георгийдің бұл әрекетін «сары қағазбен» бағалады. Миканович пен Сүйімбаевтың кросстарын алаң иелерінің қақпашысы усынан шығармады. Ойынның бір сағаттығы артта қалар тұста, «Широки Бриег» қорғанысы тағы да сыр берді. Багарич Микановичті құлатып, сол нүктеден Исламхан сол қапталдағы Ахметовке пас жеткізген. Елдос допты қабылдап, қақпа алдына жеткізді. Зломислич жұдырықпен спорттық снарядты шығарам деп жүргенде Матичке тиіп кетіп, рикошетпен Эсеолаға келіп жетті. Алматылық шабуылшы дубльдің авторы атанды. Бұл эпиодта уркаиндық легионер нағыз орталық шабуылшыға тән шешім қабылдап, командасының алға шығуына сеп болып отыр.

Матичтің келеңсіздігі онымен аяқталған жоқ. Футболшы көп ұзамай қолын жарақаттап алып, матчтың қалған бөлігін байланған дәкемен өткізуге тура келді. Босниялықтардың орталық қорғаушысының ойын соңында есепті теңестіретін жақсы мүмкіндігі туындаған. Алайда, оның соққысы сол бағанның жанына зулап өте шықты. Тек Бернардо емес, көптеген командаластары гол салатын сәттерді бірінен соң бірін жіберіп жатты. Екінші таймды «Широки Бриег» қонақтарға қарағанда әлдеқайда қауіпті әрі жинақы өткізді. Онысы түсінікті де. Өз алаңында жеңіліс тауып, Алматыда жақсы нәтижеге қол жеткізем деу қиын шаруа екені белгілі емес пе?! Екінші таймды Алексей Шпилевский шәкірттері қандай ойын өрнегіне жүгініп өткізгендері құпия болып қалды. Қарымта шабуылға иек артты ма? Сүйімбаевтың айып сызығы тұсынан жасаған бір соққысы қорғаушылардан әріге аспады. Беларусь маманы «стандарттардан» тағы бір жақсы нәтиже шығып қалар деп күтті ме? Бірақ, бірнеше бұрыштамалар ешқандай пайда әкелген жоқ. Бұл ойында Стас Покатилов бірнеше мәрте шеберлігін ортаға салып, босниялықтардың қиыннан қиыстырған соққыларына жауап берумен болды. Ол бірде Йовичтің аяғынан маңдайшаның астына зулап бара жатқан спорттық снарядын шығарып тастаған еді. Тағы бірде оң қапталдан алаң иелері қауіпті кросс жасаған, біздің қуанышымызға қарай оның бағытын қақпаға қарай өзгертер теңбілдопшы табыла қойған жоқ. Тоқсан минуттың аяқталуына бірер минут қалғанда қонақ қақпашы позицияны дәл таңдап, Звонимир Вукояның соққысын тосты. Бұл орайда, Багаричтің керемет пасын айта кеткен жөн болар. Тағы бір сәтте Покатилов ала доптан көз жазып қалғанда, көмекке Қуат келді. Исламбек алаң иелерінің екінші голды соғуына мүмкіндік бермей, ойын құралын қақпа сызығынан шығарды. Сол жақтан жаңбырша жауған бірнеше пастарды Багарич керегіне жарата алмай, алматылықтырды «кешірумен» болды. Қақпаға бірнеше метрден тура тебе алмай санын соққан босниялық келген жанкүйерлердің салын суға жібергені рас. Ойын соңында «Широки Бриег» «Қайрат» қақпасы алдында нағыз ойранды көрсетті. Орта дистанциядан ұшып келе жатқан доп Дугаличтен серпіліп, бағанадан бірер сантиметр қиыс ұшты. Соңғы бұрыштамалардың бірінен келген теңбіл доп Покатиловтың қолғабынан табылды. Төреші қосқан бұл минуттар алматылық команда үшін бітпестей көрінген болар. Ойын нәтижесі көңіл қуантарлықтай. Десе де, команданың қорғаныстағы ойынына ешкім жақсы баға қоймайтыны анық. Егер «Широки Бриегтің» орнында ойын тонусы бар басқа қарсылас болғанда, таблодағы көрсеткіштің қандай боларын елестете алмаймыз. Десе де, матч қазақстандық команда үшін жақсы есеппен аяқталып отыр. Оңтүстік астанада өтетін жауапты сында қандай нәтиже тіркелерін алдын ала болжау қиынның қиыны!

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: