Еуропада пара беретіндер көбейген: Әлем елдері жемқорлықпен қалай күресіп жатыр?

6 Ақпан, 18:30 8181

Соңғы күндері елімізде жемқорлық ахуалы күрделеніп, құлқынын тойдыра алмаған лауазым иелерінің құйтырқы әрекеттері әшкере болып жатыр. Халықтың қаржысын қалтаға басу – біздің елде ғана белең алған іс емес. Еуропа елдері пара беруден жан салмай тұрғаны белгілі болды. Халықаралық ұйымның зерттеуі бойынша, Еуроодақ елдеріндегі cыбaйлacтардың алыс-берісі қандай деңгейде екенін анықтадық. Сонымен қатар, әлем елдері пара ұсынып және алғандарды қалай жазалайтынын да ізденіп көрдік.

Дания көш бастап тұр

Еуропалық Одаққа мүше елдердегі cыбaйлac жемқорлық жағдайы ушығып барады. Жемқорлық деңгейі 2023 жылы соңғы он жылдан астам уақыт  ішінде ең жоғары болды. Мұндай қорытындыны Transparency International сарапшылары жасады.

Transparency International ұйымы «Cыбaйлac жемқорлықты қабылдау индексі» атты жылдық есебін жариялады. Зерттеуде 180 мемлекеттің ресми органдарында cыбaйлac жемқорлық деңгейі нөлден (өте жоғары) 100-ге дейін (өте төмен) көрсеткіш бойынша бағаланды.

Дания  алтыншы жыл қатарынан әлемдегі жемқорлары аз ел деп танылды. Тиісінше, рейтингте бірінші орында тұр. Одан кейінгі екінші және үшінші орындарда Финляндия мен Жаңа Зеландия тұр.

Жалпы тізімдегі жоғары позицияларға қарамастан, Швeция (82), Нидерланды (79), Исландия (72) және Ұлыбритания (71) сияқты бірнеше демократиялық елдер 2012 жылы алғаш рет шыққаннан бері «Cыбaйлac жемқорлықты қабылдау индексінде» ең төменгі ұпай жинады. Батыс Еуропа мен ЕО-дағы жемқорлық индексінде жалпы аймақтық көрсеткішінің төмендеуі еуропалық үкіметтер cыбaйлac жемқорлықпен күресуге және заңның үстемдігін сақтауға байыпты қарауы керек екенін көрсетеді, - деп Батыс Еуропадағы Transparency International аймақтық үйлестірушісі Флора Крессвелл айтты. Cыбaйлac жемқорлыққа қарсы күресті жандандыру, сот төрелігі жүйесін араласудан қорғау және саясаттағы ықпалды мүдделі топтарға тосқауыл қою үшін елдер өз стандарттарын көтеріп, өз нормаларын жақсырақ орындауы керек.

Transparency International мәліметтері бойынша, аймақтағы елдердің төрттен үшінен астамында cыбaйлac жемқорлыққа қарсы күрес тоқтап қалды немесе бұрынғыға қарағанда белсенді емес. Жоғарыда аталған Дания (90), Финляндия (87) және Норвегия (84) Еуропа елдері арасында ең көп ұпай жинаса, Венгрия (42), Румыния (46) және Болгария (45) ең аз ұпай жинады. Аймақтың 31 елінің 6-ысы ғана 2012 жылдан бастап өз позицияларын едәуір жақсартты: Чехия (57), Эстония (76), Грекия (49), Латвия (60), Италия (56) және Ирландия (77).

2015 жылғы нәтижелермен салыстырғанда Австрия (71), Люксембург (78), Швeция (82) және Ұлыбританияның (71) көрсеткіштері айтарлықтай төмендеді. Польша (54) соңғы онжылдықта «қазіргі биліктегі Заң және әділет партиясының (PiS) қоғамдық мүдделерге нұқсан келтіретін билікті монополиялау әрекеттеріне байланысты жеті сатыға төмендегені айтылады. Ол сондай-ақ Грекиядағы (49) сот автономиясының ықпалы әлсіреуіне байланысты 2023 жылғы тізімде өте төмен орынға ие болғанын көрсетеді.

Жемқорлыққа күресті қалай күшейтеміз

Алайда, зерттеу жасағандардың айтуынша, тіпті рейтингте бірінші орын алған елдер де мемлекеттік сектордағы теріс қылықтардың жолын кесуде қиындықтарға тап болады. Сарапшылар билік "шетелдік нарықтарға қол жеткізу үшін пара беретін компанияларды тиісті жауапкершілікке тартпайды" деп атап өтті.

Есепте Нидерландыдағы жағдай (79) келтірілді, онда билік Нигериялық мұнай компаниясымен қарым-қатынаста пара алғаны үшін Shell компаниясын қудаламау туралы шешімі үшін сынға ұшырады. Transparency International сондай-ақ жақында ұсынылған ЕО-ның cыбaйлac жемқорлыққа қарсы директивасына сілтеме жасайды, ол қабылданған жағдайда мүше мемлекеттерден «сыртқы сұранысқа байланысты пара алуды қылмыстық жауапкершілікке тартуды» талап етеді. ЕО-ның кейбір елдері шетелдік параға сұраныс үшін де, ұсыныс үшін де қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Алайда, олар сирек болса да, шетелдік шенеуніктерге қарсы шара қолданады. Соңғы кездегі ең танымал cыбaйлac жемқорлық жанжалдарының кейбірі Дания (90), Германия (78) және Швeция (82) сияқты ЕО елдеріндегі банктер арқылы ақшаны жылыстатумен байланысты болды. Осы үкіметтердің банк субъектілерін қадағалауды қамтамасыз ете алмайтындығынан қазіргі уақытта Еуропалық Одақ деңгейінде ақшаны жылыстатуға қарсы жаңа орган жұмысын бастайды.

Сондай-ақ авторлар Швейцарияның (82) жемқорлық индексінде жоғары ұпай жинағанына қарамастан, шетелдік cыбaйлac элита өз компанияларын құру және басқару үшін делдалдарды оңай таба алатын әлемдегі «ақшаны жылыстату орталықтарының» бірі ретіндегі беделінен айырылмағанын анықтады. Алайда қылмыстық сипаттағы қаржылық операциялардың жолын кесу бойынша адвокаттар мен басқа да жауапты тұлғаларға қосымша міндеттер жүктейтін заң жобасы қаралуда.

Ирландияда (77), баяндамаға сәйкес, бенефициарлық меншік иелерінің тізіліміне қол жеткізу өте қиын, жергілікті билікке ашықтық тұрғысынан біраз жұмыс істеу керек. Авторлар бұл мәселе Францияда да жиі кездесетінін (71) атап өтеді, өйткені 2023 жылы жүргізілген сараптамалық талдауға сәйкес, елдегі жылжымайтын мүлікке ие компаниялардың 61%-ының бенефициар иелерін анықтау мүмкін емес. Сонымен қатар, Transparency International зерттеуі мұндай ақпаратқа қол жеткізу бүкіл ЕО бойынша жұртшылық, ҮЕҰ және журналистер үшін айтарлықтай шектеулі екенін көрсетті.

Ресей рейтингте төмендеуін жалғастыруда

2023 жылғы cыбaйлac жемқорлықты қабылдау индексінде жылдан жылға аз ұпай жинаған Ресей 2022 жылмен салыстырғанда тағы екі орынға түсіп, 141-ші орынға ие болды. Ол оны Қырғызстан, Уганда және Гвинеямен бөлісті. 2012 жылдан бастап Ресей 8 орынға төмендеген.

 Украинаға қатысты (104 орын) Transparency International сарапшылары 2022 жылы Ресей Федерациясының шабуылының басталуына байланысты туындаған cыбaйлac жемқорлық тәуекелдерінің бар екенін атап өтті.

Бірақ ел, барлық өткен жылдардағыдай, «сот жүйесін қайта құрылымдау, сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту және cыбaйлac жемқорлыққа қарсы күресте прокуратураның әлеуетін арттыру» арқасында рейтингте көтерілуді жалғастырды», - делінген аналитикалық зерттеуде. Осы жетістіктерге қарамастан, биліктің жоғарғы эшелондарындағы cыбaйлac жемқорлық туралы істердің саны әлі де айтарлықтай алаңдаушылық тудырады.

Орта Азия елдеріндегі ахуал қандай

Қазақстан 39 ұпаймен 180 елдің арасында 93-ші орында тұр. 2022 жылдан бері жемқорлықпен күресті 3 ұпайға жақсартқан. Өзбекстан 33 ұпаймен 121-орында тұр. 1 жыл ішінде 2 ұпайға позициясын көтерген. Қырғызстан 26 ұпаймен 141- орында тұр. Көш соңында Тәжікстан 20 ұпаймен 162-орынды иемденген. Ал Түркіменстан 18 ұпаймен 170-ші орынға жайғасқан.

 

 

Жемқорларды өлім жазасына кеседі

Францияда пара алғаны үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал билікті асыра пайдаланғаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Айыппұл 1 миллион доллардан асуы мүмкін. Ұлыбританияда пара алушы жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, сонымен қатар ол жеті жыл мерзімге кез келген мемлекеттік қызметке сайлану құқығынан айырылады.

Германияда шенеунік бес жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін, ал судья 10 жылға сотталуы мүмкін. Сондай-ақ шенеуніктер пара алғаны үшін жұмыстан босатылып, айыппұлдар қарастырылған. Италияда жемқор судьяларға бұдан да қатаң жаза қарастырылған – 6 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Басқа шенеуніктер 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар, cыбaйлac жемқорлыққа жол берген шенеуніктерге мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынады.

Канадада жемқор шенеуніктерді 14 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. АҚШ-та жемқор шенеуніктерге 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе параның үш еселенген мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін. Португалияда жемқор шенеуніктер сегіз жылға дейін, Польшада 10 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Кейбір дамыған елдер өз тәжірибесінде жеңілірек жаза да қолданады. Әлемдегі ең аз жемқор елдердің бірі Финляндияда cыбaйлac жемқорлық үшін ең жоғары жаза төрт жылға бас бостандығынан айыру және айыппұл болып табылады. Түркияда билікті асыра пайдаланғаны үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Қытайда қатаң заңнама cыбaйлac жемқорлық үшін 10 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруды, егер пара сомасы 411,4 мың доллардан асса, өмір бойына бас бостандығынан айыруды немесе өлім жазасын қарастырады. 2000 жылдан бастап ҚХР-да 10 мың шенеунік көпшілік алдында өлім жазасына кесілді. Таиландта сондай-ақ 5-20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы, ал аса ірі көлемдегі пара үшін – өлім жазасы да қарастырылған. Вьетнамда пара сомасы 20,7 мың доллардан асса, өлім жазасы қолданылады.

БАӘ мен Сауд Арабиясында cыбaйлac жемқорлық шенеуніктері өмір бойы түрмеге жабылады және кей жағдайларда қолдарын кесіп тастауы мүмкін. Иранда жемқорлық үшін өлім жазасы немесе қолды кесу жазасы қарастырылған. 2016 жылы мұнай магнаты америкалық және еуропалық санкцияларды айналып өтіп, мұнай сатқаны үшін өлім жазасына кесілді. Бүгінде Украинада Қылмыстық кодекске сәйкес, cыбaйлac жемқорлық үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру, айыппұл салу, мүлкін тәркілеу және белгілі бір мемлекеттік лауазымдарды атқаруға тыйым салынуы мүмкін.

Сингапурдың тәжірибесі cыбaйлac жемқорлықпен өлім жазасынсыз сәтті күресуге болатындығын үйретеді. Сингапурда пара алғаны үшін бес жылға, кейбір ерекшеліктерде жеті жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар, бұл ел әлемдегі cыбaйлac жемқорлық деңгейі төмен елдердің бірі болып табылады. Парақорлықпен күресу үшін бірқатар шаралар қолданылды. Шенеуніктер мен судьялар жоғары жалақы алады және жыл сайын кірістерін, сондай-ақ туыстарының кірістерін декларациялауы керек. Декларацияда жалған ақпарат анықталса, бұл cыбaйлac жемқорлықтың дәлелі ретінде қарастырылуы мүмкін. Елде ресми cыбaйлac жемқорлық презумпциясы бар, оған сәйкес пара алды деген күдікке ілінген шенеунік жазықсыз екенін дәлелдегенге дейін кінәлі деп есептеледі. Кінәсі дәлелденсе, жемқор шенеунік 100 мың долларға дейін айыппұл төлеп, түрмеге жабылуы мүмкін. Сондай-ақ, cыбaйлac жемқорлық үшін сотталған шенеунік жұмыссыз, жәрдемақысыз, зейнетақысыз қалады. Сингапурдағы cыбaйлac жемқорлық істерін тергеумен кең өкілеттіктері бар арнайы бюро айналысады. Оның қызметкерлері азаматтардың cыбaйлac жемқорлық істері туралы арыздары мен шағымдарын қарауға, күдіктілерді ұстауға және іздеуге, күдікті мен оның туыстарына қатысты тергеу жүргізуге, күдіктінің және туған-туыстарының жеке шоттарына тексеріс жүргізуге міндетті.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: