Еуропа лигасындағы жеңісті ойындар

27 Шілде 2018, 21:41 2889

«Қайрат» пен «Тобыл» жеңіске жетті

Күні кеше қазақстандық қос клуб Еуропа лигасының екінші кезеңіндегі ойындарын өткізді. Алматыда жергілікті «Қайрат» Голландиядан келген «АЗ Алкмаарды» қабылдаса, Қостанайда «Тобыл» армениялық «Пюникпен» күш сынасты.

Сәтті раунд!

«Қайрат» – «АЗ Алкмаар» 2:0 (1:0)

Гол салған: Эсеола, 12, 50.

«Қайрат»: Плотников, Вороговский, Бато, Политевич, Сүйімбаев,Исаэль, Қуат (Парагульгов, 85), Хуан Фелипе, Аршавин (Жуков, 90+1), Исламхан, Эсеола (Эппель, 78).

«АЗ Алкмаар»: Бизо, Свенссон, Хацидиакос, Влаар, Оувейян, Мидтшо, Тиль, Сентьенс, Идрисси, Фрайдей, Боаду (бель Хассани, 72).

«Қайрат» бас бапкері бірінші минуттан ойынға беларус Политевичті қосты. Бұл командадағы алғашқы ойынын Сергей ҚПЛ-да емес, дәл осы азулы қарсылас «АЗ Алкмаарға» қарсы өткізді. Соған қарағанда, орталық қорғаушы Электің халі тым мүшкіл болса керек. Сондай-ақ, УЕФА сайты алматылық команданың ойын схемасын 4-3-3 деп көрсетті. Бірақ, футболшылардың орналасу тәртібі 4-4-1-1-ге көбірек ұқсағандай. Эсеола өткір шабуыл өтінде ойнаса, ал оған көмекші ретінде Исламхан тағайындалған. Исаэль сәл төменірек, орталыққа жайғасты. Ал Вороговскийге сол қапталдағы Oувейянды тізгіндеп ұстау жұмысы бекітілгендей. Қорғаушы міндетін атқарса да, Томастың шабуылға керемет арласа алатынын байқадық. Голландық клубтың бапкері сол қапталды 17 жасар Майрон Боадуға сеніп тапсырса, оң қапталға Идрисси жайғасты. Орталық жартылай қорғаныста Хацидиакос-Влаар дуэті жүрді. Тиль негізгі шабуылшы рөлін атқарды.

Ойын голландықтардың қауіпті шабуылдарымен басталды. Олар екінші нөмерлі боп жүрмейтінін бірден аңғартты. Идрисси Плотников қақпасын көздемекке бел буған, бірақ Фрайдейге дәлдік жетіспеді. Бірақ, мұның ізін ала халық командасына алкмаарлықтар ашық аумақ қалдырып қойды. 12-минутта оң қапталдан Эсеола аяғына доп тигенде қарсылас қорғаушысы Деринмен бірге жығылып қалған, бірақ форвард бірден тұрып, шабуылын жалғастыра берді. Алдынан шықққан Влаар да аяғы тайып кетсе, Мидтшо да жаба алмай, Адеринсоланың қақпашымен бетпе-бет шығуына мүмкіндік тудырып берді. Шаубылшы киперді де қалыс қалдырып, есеп ашты.

Көп уақыт өтпей, сол Эсеоланың есепті еселеуге деген мүмкіндігі болды. Тағы да оң қапталдан допты ала өтіп, айып алаңға жеткенімен, қорғаушы Хацидиакоспен жанасуда жерге құлап қалды. Ондағы ойы төрешіден пенальти сұрау. Алайда, әзербайжандық төреші Алияр Агаев Эсеоланың бұл айласын сезіп қойып, сары қағазбен жазалауды жөн көрді. 

Алкмаарлықтардың шабуылдауы жиілеп кетті. Алғашында Сентьестің соққысы өтпесе, екіншісін Плотников жауып үлгерді. Одан кейін Фрайдейге тағы да дәлдік серік болмады. Сәл кейінірек Тиль допты әдемі алып келіп, Свенссонға керемет пас қалдырған. Ал норвег футболшысы допты жерге түсірмей тепкенімен, маңдайшадан биік кетті. Біздің бағымызға орай, 25 жастағы қорғаушы командасының ойлы шабуылын түйіндей алмағанына өкінді. Ал «Қайраттан» жауап ретінде Исаламхан орта дистанциядан соққы жасады. Бірақ, қорғаушылар капитанның добын қақпаға қарай жіберген жоқ. Исаэль де оң қапталдан бір шабуылдың шетін шығарған. Бірақ, онысынан түк шықпады. Ойынның осы қапталы бір-бірімен теке-тіресе өнер көрсетті.

Екінші тайм тағы да қарсыластардың шабуылымен басталды. Корнер беруге мүмкіндік алған алкмаарлықтардан келген қауіптің бетін Вороговский қайтара алды. Содан кейін, Исаэль өз қапталынан қақпа алдына пас жіберді. Доп Эсеоланы тауып, ол мүлт кеткен жоқ. Есеп 2:0! Украиндық легионер осылайша, Бизоны тағы да қапы қалдырып, есепті еселеді.

Кезекті голын соғып алған «Қайрат» ойыншылары өз айып алаңына өтіп, тек қарымта шабуылға иек артты. АЗ қонақта гол салғанның маңызын біледі, сол үшін де Плотников қақпасын көздеумен болды. Сентьенстің допты тура бағыттауға мүмкіндігі бар еді, бірақ ол өз пайдасына асыра алмады. Джон ван ден Бром шабуылға жаңа леп керегін түсініп, алғашқы таймда бірнеше шабуылды тұншықтырған Боадудың орнына бель Хассаниді жіберді. АЗ гол салам деп жүргенде, «қайраттықтар» үшінші рет көзге түсуге шақ қалған. Қарымта шабуылда Исламханға жарты алаңнан тамаша пас жеткен. Бірақ, 9-нөмерлі хавбектің соққысы ойындағыдай шықпады. Бизо өз орнында! «АЗ Алкмаар» жауап ретінде шабуылға шықты. Тильдің қақпаға бағыттаған спорттық снаряды Плотниковтың қолынан табылды.

Екінші тайм бел ортасына жеткенде Карлос Феррер ойынның басты қаһарманы Эсеоланың орнына Эппельді жіберді. Мартон да сәті келсе, Адеринсоланың ерлігін қайталауға дайын боп шыққандай. Бірақ, одан бұрын Исаэльде мүмкіндік болды. Ол өзінің тамаша соққысымен қақпа торын дәл көздей алмады. Тепкен добы маңдайшадан биік кетті. Содан соң, Эппель Бизоны мазалағысы келді. Бірақ оның жеңіл соққысы еш қауіп тудырмады. «Қайраттық» Исламбек Қуатқа жиі-жиі ереже бұзылып, ақыры ол орнын Парагульговке босатып берді. Ал стандарт нүктесіне келген Исламхан екі рет қақпаға соққы жұмсағанмен, добы қорғаныс шебіндегі ойыншылардан әрі аспады. Бұдан кейін командалар қиыс кеткен қос соққымен алмасты. Алғашқы таймда еш көрінбей жүрген Аршавин мен голландық Тиль бір-бір мәрте қақпаны көздеген, алайда ойлағандары іске аспады. Сонымен, алғашқы ойын «Қайраттың» жеңісімен аяқталды. Джон ван дер Бром ойын алдындағы баспасөз отырысында шешуші матч Голландия болады деп сенімді айтқан. Бұл кездесуден кейін де, сол ойынан таймады. Исламхан немесе Исаэль өздеріне берілген мүмкіндіктің біреуін болса да, жүзеге асырғанда Алкмаарға сенімді түрде аттанар еді. Десек те, өз алаңымызда гол жібермегеніміздің өзі де аздап басымдық береді.  Бастысы, «Қайрат» қонақта қақпасын голдан аман сақтаса жеткілікті (жібергеннің өзінде бір голдан артық емес). Дұрысы, гол салып алғаны. Шабуылға ден қойған голландылықтарды қарымта шабуылда «ұстап», ашық қалған зона арқылы Бизоны қапы қалдыруға әбден болатынына көзіміз жетті. Бүгінгі ойын қос команданың артық-кемшілігін таразылап берді. Бір жетіде Карлос Феррер өз қателіктерімен жұмыс жасап, Алкмаарға қажетті нәтижеге қол жеткізу үшін аттанады деп үміттенеміз.

Сыйға сый!

«Тобыл» – «Пюник» 2:1 (0:0)

Гол салғандар: 1:0 Федин, 49, 2:0 Нургалиев, 80, 2:1 Корян, 90.

«Тобыл»: Непогодов, Мирошниченко, Кассай, Жулпа, Дмитренко, Быстров (Нөсербаев, 68), Канкава, Квеквескири, Федин, Нұрғалиев (Жарынбетов, 90+1), Лескано (Тұрысбек, 72).

«Пюник»: Кобозев, Дмитриев, Жестоков, Кадио, Григорян, Войнов (Богатырев, 81), Трусевич, Айрапетян, Аракелян (Овсепян, 62), Аветисян, Конате (Корян, 69).

«Пюник» бас бапкері Андрей Талалаев бірінші раундта македониялық «Вардарды» артта қалдырған соң, баспасөз отырысында «Тобыл» ойынын қарағанын айтқан болатын. Оның сөзінше, қостанайлық клуб өз шәкірттеріне қарағанда қорғаныста көбірек ойнайды.  Содан болса керек, қонақтар 4-4-2 ойын өрнегімен алғашқы таймды бастады. Бірақ, ойын барысында 4-2-3-1 форматына көшіп, Конатені өткір шабуыл өтіне шығарып қойды. Ал «Тобылдың» ойын схемасы бұрынғыдан өзгерген жоқ. Ресейлік легионер Марат Быстровқа сол латераль жұмысы берілген, Федин оң қапталға шабуылға жақындау өнер көрсетті. Бір қызығы, Тұрысбек пен Нөсербаев жасыл алаңға алғашқы минуттан қосылған жоқ. Никитенко бапкер форвардтарын екі күннен соң болатын «Қайратқа» қарсы ойынға сақтады ма, белгісіз?

Негізгі құрамда аргентиналық шабуылшы Лескано өнер көрсетті. Дегенмен, командаға енді келіп қосылған ол өз ойынын табу үшін алаңда біраз тер төкті. Тек 15-минутта жақсы бір шабуылға қатысқанымен,нәтижесіз аяқталды. Нұрғалиев шеберлігінің арқасында Хуанға қақпа алдына пас берді, ал форвардтың соққысына Кобозев тосқауыл бола білді. Осыдан кейін, «Тобыл» футболшылары біршама ойынды өз қолдарына алды. Быстров орта дистанциядан соққы жасап көрген, бірақ сәтсіз. Марат Фединді де паспен жарылқаған, ол Кобозов қорғаған қақпаның сыртына тепті. Осымен, алғашқы тайм өз мәресіне жетті. Екінші ойын бөлігінде Федин осы ойындағы алғашқы әрі тамаша гол сала білді. Нұрғалиевтің пасынан кейін Григоряннан құтылып, пас алуға келген Мирошниченко өзімен бірген қонақ қорғаушыны ала кетсе, Аракелян Фединнің қасынан жүгіріп өтіп кетті. Ашық зона тапқан Максим әдемі траекториямен аяғындағы добын арғы тоғыздыққа тастай салды. Ал кипер Кобозев бұл допты көзімен ғана шығарып салуға мүмкіндігі болғандай.

Қостанайлықтардың есеп ашқаны, «Пюниктің» бас бапкері Андрей Талалаевтың ойынға жаңа ойыншылар қосуына итермеледі. Ресейлік маман Румян Овсепянды қосты. Ал бұл уақытта Айрепетян алыстан теуіп, Непогодовтың қақпасын көздемек ойынан нәтиже шықпады. Алаңға тағы бір армеяндық ойыншы шықты. Тәжірибелі Корян көзге көрінбей жүрген Конатені алмастырды. «Тобыл» сапында да Быстровтың орнын Нөсербаев басты. Бірақ, Таңат шабуылшы болғандықтан, ендігі Фединнің жұмысы сол қапталда болды. Максим өткір пасымен қақпа алдында жүрген Мирошниченкоға доп жеткізгісі келген,Дмитриймен жоғарыдағы допқа таласқанАйрапетян өз қақпасына гол сала жаздады. Кодио көмекке келіп, қауіптің бетін қайтарды. 

«Пюникті» 1:0 есебі толық қанағаттандыратын еді. Бірақ, олар екінші голды тобылдықтарға ұйымдастырып берді. Қақпашы Кобозов қорғаушыдан доп алып, басқа командаласына жеткзібек болған, жолын бөгемекке келген Нұрғалиевтің аяғын тапқан доп кері айналып қақпаға кіріп кетті. Керемет сыйлық! Бұл голдың ізін ала қорғаныста қалмаған қонақтар Айрапетянның көмегімен есепті қысқартуға шақ қалды. Бірақ, ол қақпаны тура көздей алмады. Ал Корян өз мүмкіндігін мүлт жібермеді. Ойынның негізгі уақытының соңғы минутында лонгболлға сәтті шыға білген Руслан, Жулпаның алдын орап, допты Непогодовтан асыра салды. 2:1! Осыдан бірер минут бұрын «Тобыл» өз қақпасына гол жіберіп алады десе, ешкім сенбес еді. Қостанайлықтар осылайша, сыйға сый жасағандай. Енді Владимир Никитенко үшін қиын кездесулер күтіп тұр. Екі күннен соң, ҚПЛ кезекті турында «Қайрат» алаңында жергілікті командаға қарсы ойнаса, 31-шілде де Арменияда қарымта кездесу өтеді. Қайсысы маңыздырақ болатыны бас бапкер шешетін болады. Ойыннан соң, Талалаев кездесу жайлы өз ойымен бөлісті. «Бұған дейін «Пюник» «Тобыл» секілді ұйымдасқан, қорғанысы  мықты командамен кездесіп көрген жоқ. Олар бүгін жақсы кездесу өткізді. Бірақ, бізде қонақта соғылған гол бар. Ендігі, өз жанкүйерлеріміздің алдында барымызды салатын боламыз» – деді.Не де болса, «Тобылға» жанкүйерлік етеміз!

Қос клубтың бұл жеңістері еліміздің УЕФА рейтингіндегі жағдайына елеулі әсер етіп жатыр. 25 сатыға жайғасқан Қазақстан өз алдында тұрған құрамаларды басып озады деп сенейік. Ол үшін үкілі үміт артқан "Астана", "Қайрат", "Тобыл" кезекті ойындарын жеңіспен не тең есеппен аяқтауы қажет. 

Сандуғаш Мамышқызы
Бөлісу: