Еуро-2018: Қола қолдан сусып кетті

11 Ақпан 2018, 16:02 3640

Қазақстан Ресейден ұтылып қалды

Словенияда жалауы желбіреген футзалдан Еуропа чемпионатының қола жүлдесін Ресей мен Қазақстан футзалшылары сарапқа салды. Бұл қос құраманың жолы – Ресейдің жолын төрешілер бөгемегенде, біздің елдің аяқдопшыларына сәттілік серік болғанда финалда түйісуі әбден мүмкін еді. Бірақ, футбол құдайының шешімі біздің армандардан тым басқа болып шықты... Кем дегенде қола жүлде алып, еңсемізді тіктеуге болушы еді. Тағы да, әттеген-ай...

Испаниядан келген төрешілердің ысқырығы естіле сала, ресейліктер шабуылдауға көшті. Доппен көп жұмыс жасап, біздің жарты алаңда айналшықтап жүріп алды. Ал жерлестеріміз екінші нөмірмен ойнап, қорғанысқа көп көңіл бөлді. Сәті түскенде қарымта шабуылға иек артып, Замтарадзенің біліктілігін сынап бақты.

5х4 ойын жоспарымыз бірінші таймда іске аса қоймады. Игита өз қақпасын тастап кетуге жүрексініп, шабуылға аз шығуға мәжбүр болды. Сергей Скоровичтің шәкірттері өз басымдылығын  голмен түйіндей алмай, әбден ақ тер көк терге түсті. Қарша бораған соққыларға Игита тойтарыс беріп жатты. Ресейліктердің осы Еуродағы кемшілігі – өз мүмкіндіктерін сәтті пайдаланбауында деп жатыр. Осы сәтсіздіктері бізге қайта қол болды. Алғашқы қауіпті екі шабуылды біздің аяқдопшылар жасады. Бірінші шабуылда екіге бір шыққан ойыншыларымыз Замтарадзеден айласын асыра алмаса, келесіде Абрамовтың  ереже бұзуымен аяқталды. Айта кетерлігі, бірінші таймда екі жақтың да футболшылары ереже бұзумен жарысты. Сонымен, біздің жігіттер орындаған айыпдобы қақпадан қиыс кетті.

Какау шәкірттерінің аса қауіпті шабуылы 11-минутта орын алды. Ромулоның сәтсіз ойынынан кейін Дуглас Оразовқа керемет пас шығарып берген, бірақ қазақстандықтың добы дәл қақпа бағанына тиді. Ал  ойынның бірінші бөлігінің соңғы бес минуты тек қарсыластардың шабуылымен өтті. Жата-жастана қорғанған жігіттеріміз ресейліктердің алға шығып кетуіне жол бермеді. Алғашында Игитаның қақпадан алыстап кетуі голмен аяқталуға шақ қалды. Давыдовтың бос қақпаға тепкен добы, бағымызға орай, қисық кетті. Одан кейінгі Робиньоның алыстан жерлете тепкен соққысын қақпашымыз аңғармай қалған. Бұл жолы көмекке бағана келді. Одан соң, бұрыштамадан берілген допты Чишкала біздің қақпаға дәл бағыттады, бұл жолы доптың жолына Игита сәтті шықты, Лиманың да соққысына лайықты жауап қатты. Осы тоқтаусыз шабуылдарды қарсыластарымыз бар болғаны екі минуттың ішінде ұйымдастырып үлгерді.

Таймның соңына қарай, ресейліктер бесінші рет ереже бұзып, сақ ойнауға тырысып бақты. Себебі, келесі фол 10 метрлік айып добымен аяқталар еді. Қарсыластарымыз сәтті қорғана жүре, гол салуға шақ қалды. Бұл жолы қауіп Ресей капитаны Абрамовтан келді. Бірақ, ойынның алғашқы бөлігінде таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.

Бірінші таймда жіберген қателіктермен жұмыс жасап, жерлестеріміз ойынды өз қолдарына алады деген ой болғанын жасырмаймыз. Білікті маман Какау үзілісте бар білгенін айтып, жігіттерімізді шабыттандырады деп күттік. Дегенмен, тағы да екінші тайм ресейліктердің қауіпті шабуылдарымен басталды. Олар біздің жігіттерге өз ойынын көрсетуге мүмкіндік бермеді. Тек қарымта шабуылдар мен Игитаның алыстан бағытталған соққыларынан басқа жарытып ештеңе көрсете алмай жүрдік.

Бұл ойын бөлігінде де Игитаның шеберлігіне куә болдық. Ол Давыдов пен Чишкаланың қауіпті соққыларын бірінен соң бірін қайтарып жатты.

26 минутта Абрамов біздің қос ойыншымызды алдап өтіп, өте қауіпті соққы жасады. Көмекке тағы бағана келді. Осыдан кейін, футзалшыларымыз белсендірек ойнап, Тайнан есеп ашуға шақ қалған. Сүлейменов те қанша тырысқанымен, қақпаға тура допты бағыттай алмады. Тағы да ресейліктердің қауіпті шабуылы бұрыштамамен аяқталған еді. Жылдамдатып бұрыштан қосылған доп Лиманың аяғынан табылып, біздің қақпаның торы тулады. Ресейліктердің қуанышында шек жоқ. Осы тұста, біздің ойыншыларымыз қайда қалғаны белгісіз. Игитаның өзі қақпадан әлдеқайда алыс шығып кеткен. Соққысы жойқын Эдер Лима бұл жолы мүлт кетуі мүмкін емес еді. Гол жіберіп алған жігіттеріміз енді алға ұмтыла бастады. Игитаның қосылуымен бір-екі шабуыл ұйымдастырылды. Бірақ, сәтсіз. Ізін ала, Першиннің өзінде қос бірдей мүмкіндік туды. Бірақ, оның жолын тәжірибелі Замтарадзе жаба алды. Тайнан тағы бір шабуылға нүкте қоя алмады. Гол салуды мақсат еткен ойыншыларымыз қорғанысты мүлде ұмыт қалдырды. Осындай сәтте Лиманы кесе-көлденең қарсы алған Дуглас екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылып кетті. Біздің жағдайымыз тіпті қиындай түсті. Ендігі екі минуттықта кем ойыншымен өткіздік. Ресейліктер төрт бразилиялық легионерлерін ойынға қосты. Тоқтаусыз шабуылдарда жігіттеріміз сәтті қорғанып, қарсыластардың есепті еселеуіне жол бермеді. Соңғы минуттарда жанталасып ойнағанымен, Какау шәкірттері есепке өзгеріс енгізе алмады. Шындығында, бұл жолы қос қақпашы өздерінің ең сәтті ойындарымен көзге түсті. Біздің қаншама соққыларымыз Замтарадзеден аса алмады. Сондай-ақ, Игитаның шеберлігі болмаса, ойын есебі қандай болары белгісіз еді.

Ресей — Қазақстан 1:0 (0:0) Гол: Эдер Лима 30 (1:0)

Сары қағаз алғандар: Абрамов 11, Ромуло 19, Робиньо 34 — Дуглас 16

Алаңнан қуылған: Дуглас 4

Ресей: Замтарадзе, Эдер Лима, Робиньо, Давыдов, Чишкала — Путилов, Лысков, Ромуло, Милованов, Абрамов, Ниязов, Абрамович, Афанасьев, Эскердинья

Қазақстан: Игита, Тайнан, Довгань, Есенаманов, Дуглас — Шамро, Жаманқұлов, Сүлейменов, Першин, Таку, Тұрсағұлов, Нұрғожин, Оразов

Үшінші орын үшін таласта, осылайша, қарсыластарымызға жол бердік. Екі жыл бұрынғы жетістікті қайталау мүмкін болмады. Сондай-ақ, осы кездесуден кейін Какау бас бапкерліктен кетуі мүмкін деген де ақпарат бар. Білікті жаттықтырушының біздің фтузалға сіңірген еңбегі орасан. Оның біліктілігінің арқасында екі рет Еуропа біріншілігінде жартылай финалға шығып, бұл жолы төртінші орынға табан тіредік. Бұл да жаман емес, ең бастысы, біздің құрама азулы испандықтарға қарсы осы Еуродағы үздік ойындарын өткізді. Кәрі құрлық ол матчты көпке дейін айта жүрер. Жетістіктер әлі алда деп есептейміз. Тек футзал төңірегіндегі көптеген мәселелер оң шешімін табса игі...

фото: uefa.com

Сандуғаш Мамышқызы
Бөлісу: