13 Маусым 2016, 04:59
Еуропа біріншілігі қыза түсті. В тобында сынға түскен төрттіктің көрсеткен нәтижесін сенсация деуге келмес. Дегенмен дебютанттар текетіресінде Уэльс құрамасының Словакияны тізерлеткенін ерекше айтып өткен орынды.
Крис Коулмен шәкірттері өте сенімді ойын көрсетті. Словактардың матч басындағы толассыз шабуылынан сәл тыныстап алып, артынша дереу есеп ашты. Гарет Бейл айып добын өте сәтті орындады. Содан кейін де валлидіктер таразы басын қалайда теңестіру үшін барын салған словактардың шабуылынан бұғып жатып алмай, қарсы шабуылдарды да сәтті ұйымдастыра білді. Екінші таймда қос құрама ашық футболға кетті. Словакия құрамасының жайы түсінікті, ІІ және ІІІ турларда Англиямен және Ресеймен жолығады. Сондықтан аутсайдер санатындағы Уэльсті тұқыртып алу олар үшін өте маңызды еді. Валлиліктер болса, есеп ашып алған соң, сол басымдығын қалайда қорғап қалудың қорқақ тактикасынан мүлде бас тартып, тең айқасты. Екі құраманың бапкері «оқшантайындағы оғландарын» алаңға бекер шығармапты: 61 минутта Ондржей Дуда есепті теңестіріп еді, араға дәл 20 минут салып Хел Робсон-Кану Уэльсті тағы алға шығарды. Бейл бастаған баһадүрлер жеңіс есебін ойын соңына дейін сақтады, сөйтіп, осы топтағы алғашқы жеңіске ие болды. Енді Уэльс құрамасы келесі қарсыластарының бірімен тең ойнаса да плей-офф кезеңіне шығуы мүмкін. Демек, олар алғашқы ірі додадан-ақ жұрттың таңдайын қақтыруға дайын. Ал Словакия құрамасы шегінетін жер қалған жоқ. Козак шәкірттері Англиямен, Ресеймен арыстанша айқасып қана қоймай, жеңіске ұмтылмаса, бірінші болып өз елдеріне бет түзеуі мүмкін.
Бұл топтағы негізгі ойын Англия мен Ресей құрамалары арасында өтті. Шынын айтқанда, екі команда да аса әдемі ойын көрсете алған жоқ. Бірінші таймда ағылшындар қарсыласын қатты титықтатқанмен, есеп аша алған жоқ. Қос қанаттан қайта-қайта көтерілген допқа Акинфеев пен Харт кезек ие болып, шабуылды дереу жоққа шығарып жатты. Англия құрамасы құрамында Делле Алли, Адам Лаллана, Эрик Дайер, Рахым Стерлинг сияқты қолды-аяққа тұрмайтын ұшқыр ойыншылары болғанына қарамастан, ойлы ойын көрсете алмады. Ресей қорғанысының қос қанатындағы Игорь Смольников пен Георгий Щенниковты жиі састырып, айып алаңына доп әуелетуден танған жоқ. Сондай пастардың бірнешеуі Харри Кейннің алтын басын дәл тапқанмен, Игорь Акинфеев өте сенімді қимылдап, қақпасына доп дарытқан жоқ. Жанкүйердің ығырын шығарған ойын Дайер тамаша соққан айып добынан кейін бір серпіліп еді. Ойын түгесілер тұста Ресейдің жандәрмен бір шабуылы нәтиже берді. Василий Березуцкий баспен ұрған допты дәл сызықтан Денис Глушаков қақпаға шегелеп жіберді. Гол бәрібір Березуцкийдің еншісіне жазылды. Сөйтіп, кездесу алдында ресейліктер олжа іспетті көрген тең ойын ақыры тіркелді. Мәселенің бәрі кейінгі турларда шешілетін болды. Бұл да жанкүйерлерге қосымша арқау.
Ойын алдында Марсель жағалауларында орыс және ағылшын жанкүйерлері қатты қақтығысты. Екі ағылшын жанкүйері ауыр жарақаттанып, ауруханаға жөнелтіліпті. Қызуқанды екі халықтың қызуқанды жанкүйерлері осылайша матчтан бұрын-ақ тойды бастап жіберген жағдайы бар.
Уэльс – Словакия – 2:1 (Бейл, 10, Робсон-Кану, 81 – Дуда, 61)
Англия – Ресей – 1:1 (Дайер, 73 – В.Березуцкий, 90+2)