Еуразиялық одақ елдерінде есептен шығарылмаған көліктерді заңдастыру кейінге қалды

13 Шілде 2023, 16:24 768

Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев Еуразиялық одақ елдерінде есептен шығарылмаған көліктерді заңдастыру кейінге қалғанын мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде есептен шығарылмаған автокөліктерді заңдастыруды кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды. Алайда, басқа елде бұрынғы тіркелген жері бойынша олар есептен шығарылған жағдайда иелерін бастапқы тіркеуден өтуге немесе оларды кері әкетуге міндеттей отырып, 5 жыл мерзімге уақытша есепке қояды. Уақытша есепке қою кезінде Қазақстан Республикасының көлік құралын тіркеу туралы куәлігі және мемлекеттік нөмірлік белгілері берілетін болады, - деді ол.

Оқи отырыңыз:

Қайсар Сұлтанбаев мұндай кезде тіркеу туралы куәлікте «уақытша есепке алу, иеліктен шығару және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығу құқығынсыз» деген жазбалар көрсетілетінін түсіндірді.

Шетел автокөліктерінің тіркеу құжаттары мен мемлекеттік белгілері Мемлекеттік корпорацияға сақтауға тапсырылады. Қазақстан азаматтары аталған автокөліктерді елден тыс жерлерге әкетуге шешім қабылдаса, олар Қазақстан Республикасының тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлерін тапсыруы керек. Содан кейін оларға шет мемлекеттің тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлері қайтарылатын болады, - деді комитет төрағасы.

Ал аталмыш авткөліктерді Қазақстан азаматтары Қазақстанда бастапқы тіркегісі келсе:

- алдымен, бұрынғы тіркелген елінде есептен шығарады;

- оларға 200 000 теңге мөлшерінде бастапқы тіркеу үшін алым төлейді.

Яғни, оларға заңдастыру шарттары қолданылады және утилизациялық алым төленбейді. Бұл жұмысты 17 шілдеден бастау жоспарлануда. Қазіргі таңда автокөліктерді уақытша есепке қою үшін тиісті сервис пысықталып жатыр.

Равиль Ашығали
Бөлісу: