Еуразиялық Медиа Форумда Еуропалық Одақтың болашағы талқыланды

22 Сәуір 2016, 10:25

Пікір алаңы

Елордада 20-сәуірден бері ХIII Еуразия Медиа Форумы өтіп жатқаны белгілі. Бүгінгі мәжіліс Еуропалық Одақтың келешегіне арналған тақырыптан басталды.

Ұлыбританияның бұрынғы сыртқы істер министрі Джек Стро, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы, елші Траян Лауренцю Христеа, Еуразия экономикалық комиссиясының экономика және қаржы бойынша алқасының мүшесі (министр) Тимур Сүлейменов, сыртқы саясат және экономика бойынша неміс сарапшысы Александр Рар және Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов қазіргі ахуалға тоқталып қана қоймай, қандай сабақ алу жөнінде ой бөлісті.

Мәжілісте сарапшы ретінде Түркия премьер-министрі орынбасарының кеңесшісі Әли Осман Өзтүрік, одақтас мемлекет (Ресей және Беларусь) Мемлекеттік хатшысының кеңесшісі Мария Валовая пікір білдірді. М. Валовая Еуропалық Одақ өз шеңберінде Еуразия экономикалық одағындағы Ресей мен Беларусьтың одағы сияқты орталық құруды ұсынды.

Джек Стро: «Дағдарыс жақында аяқталмайды. Дағдарыс көп, оның үстіне олар ауқымды. Бұл үлкен сын-қатер. Бізге шынында мықты мемлекеттерден тұратын шағын Еуропа туралы ойлану керек шығар. Бұған қоса талқылауды қажет ететін өзге де ұсыныстар бар», – деді.

 

Мәселен АҚШ экономикасы тарапынан берілетін кепілдік бұл қазір Еуропада қызу талқылануда. Бұл ұсыныстың да болашағы зор. Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Еуропалық Одақтың осынау күрделі сыннан ойдағыдай өтіп, әлемдегі маңызды рөлін жалғастыратынына сенімді. Министрдің пікірінше, әлем әзірге Еуропалық Одақтан басқа интеграцияның озық үлгісін жасай қойған жоқ.

Ол «Еуропа – әлемдегі ықпал орталығының бірі. Еуропа озық технология мен инвестицияның қайнар көзі ғана емес, ол жаңа құндылықтар, инновациялық және саяси реформалардың қайнар көзі. Біз Еуропаның қазіргі сын-қатерді еңсеруге әлеуеті мол екеніне сенеміз» – деді.

Еуразия экономикалық комиссиясының экономика және қаржы бойынша алқасының мүшесі (министр) Тимур Сүлейменов Еуропалық Одақтың әлеуетіне сенетінін айтты. Ол Еуразиялық экономикалық одақтың кәрі құрлықтағы ахуалды жіті бақылап, өз қызметінде Еуропалық Одақтың кемшілігін емес, жетістігін қайталауға тырысатынын атап өтті.

Тимур Сүлейменов: «Еуропадағы проблема іргелі құндылықтар емес, бюрократияның кесірінен өрбіп отыр. Біз Еуропалық Одақтағы ахуалды назарда ұстап, керексіз бюрократиядан арылуға тырысамыз. Бұл кәсіпорындар тұрғысынан өте маңызды. Осындай жағдайда ғана өркендеуге қол жеткіземіз» деп ойын түйіндеді.

Конференцияға қатысушылар үш күн бойы қазір күллі дүниені толғандырған өткір мәселелерді талқылады. Биыл Қазақстанға әлемнің 30 елінен 50 спикер мен 400 делегат келгенін естеріңізге сала кетейік. Бұқаралық ақпарат құралдарының 400-ден астам өкілі Форумнан әлемге хабар таратуда.



Айша КЕРЕЙ

 

Бөлісу: