Еуразиялық интеграция идеясы

27 Қыркүйек 2017, 18:29 9866

Еуразиялық интеграция идеясы империялық дәстүрлерді қайта жаңғыртудан аулақ жатыр

Еуразиялық интеграция идеясы империялық дәстүрлерді қайта жаңғыртудан аулақ жатыр. Елбасы одақты қалыптастырудың «егемендікке нұқсан келтірмей, бір – бірінің ішкі істеріне араласпай, өз еліндегі қоғамдық құрылыстың тәртібін айқындайтын әр халықтың құқығын құрметтеу» арқылы жүзеге асуы керектігін үнемі айтып келеді. Бейнелеп айтқанда, келешекті болжағандай көрегендік болатын. Осы идеяға байланысты сараптамалық алаңдарда және бұқаралық ақпарат құүралдарында кең көлемде қызу пікірталастардың орын алғанына таңдануға болмайды. Еуразиялық жоба аймақтық проблемалар мен оларды шешуді одан интеллектуалдық тұрғыдан талқылау ісіне қуатты серпін берді.

Қазіргі таңда Еуразиялық одақ құру идеясына қатысты пікірталас, ондағы «ортақ валюта, ортақ тіл, ортақ шекара» мәселесін жедел шешу қажеттігі туралы айтыс – тартыс жиі бой көрсете бастады. Мәселен, Еуразиялық одақ құру идеясын қолдайтындар – «экономикалық қуатты, тұрақты және барлығына тиімді Одақты құру – дұрыс» десе, ал қолдамайтындары – «мұндай одақтан біз ұтыламыз», «Еуразиялық қайшылықтар одағы», «Өлі туған одақ», «жалған иллюзия», «Тәуелсіздікті тәрк ету» – деген сияқты Одақты Қазақстанға төніп тұрған қауіп деп қабылдайды. ЕАЭО мәселесінің еліміздің және шетел баспасөзінде талқыға түсуі – оның маңыздылығын айқындайды. Әлемдік және отандық БАҚ – та айтылған проблемаларды салыстыра отырып, ақиқат пен бұрмаланған фактіні ажырата білу – оның дұрыс бағытта шешім табуына үлкен мүмкіндік береді. Бірталай көнерген сарқыншақтардан, теріс пайымдардан арылуымыз қажет. Зейін – зердемізді, жанарымызды тұмшалап келген қисынсыз болжамдардың, шынайы дерекке сүйенбеген жалған ақпараттың бұқараны адастыруына жол бермеу керек.

Қазақстандық мерзімді баспасөз Еуразиялық Одақ мәселесін көтергенде ең алдымен Одақтың артықшылығы мен кемшілігін, мемлекетке тиер пайдасы мен мен залалының ара – жігін ажыратып, Еуразиялық одақ қай елге тиімді және тиімсіз, Қазақстан мұндай интеграциялық бірлестіктен не ұтады немесе нақты қай жағынан ұтылады, ЕАЭО – шынымен де экономикалық Одақ па, жоқ әлде базбіреулер айтқандай саяси Одақ па, болашақта қандай саяси және экономикалық өзгерістер болуы ықтимал деген күдігі мен үміті қатар жүретін сұрақтарға жауап бере алды. Ал шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары Еуразиялық одақ тақырыбын жан – жақты талдап жазған. АҚШ – тың «The Washington Post», «The New York Times», Ұлыбританиялық «The Guardian» басылымдары көбінесе сыни көзқараспен қарады. Қазақстандық БАҚ шетелдік басылымдарда таралған Еуразиялық экономикалық одақ жайлы жағымсыз ақпараттарға жауап беруге қауқарсыз.

Шетелдік мерзімді баспасөзде жарық көрген мақалаларда бірнеше сарапшылардың, тәуелсіз сыншылардың пікірлерін жиі жазып, оған анализ жасап, нақты – нақты фактілерге сүйене отырып өзінің журналистік позициясын ұлттық мүддеге сәйкестендіріп қандай да бір жолмен дәлелдеп шығады. Сол айтылған тұжырымның, келтірілген ақпараттың шынайы әрі объективті екеніне көз жеткізеді. Біздің ұлттық бапасөзде мақаланы жазып отырған автор өзінің жеке азаматтық көзқарасына баса мән береді. Екі жаққа да тең қарап, анализ жасап бейтарап ой айту өте сирек кездеседі. Көтерген тәп – тәуір проблемаларын да жетер жеріне жеткізбейді. Мәселен, проблеманы қалай шешудің жолдары, әдіс – амалдары сараланбайды, қанық, дәлелді жайылмайды. Сондай – ақ, кейбір басылымдарда мемлекеттік биліктің ықпалы, саяси қысымы байқалады.

Ой жоқ, тек құрғақ ақпаратпен берілген, ойға иелік етпеген жарияланымдар да кездеседі. Бояма сөзге басымдық берген, бұлыңғыр долбарлары көп, толассыз көпірме сөздерге сүйенген ақпараттар өте көп. Дипломдық жұмысты жазу барысында тақырыбыма қажетті материалдарды жинақтауда түкке жарамайтын іліп аларлықтай дәнеңесі де жоқ қоқыс іспеттес қана жарияланымдарды да көзім шалды. Дегенмен, «Жас Алаш», «Түркістан», «Қазақстан – Заман», «Егемен Қазақстан» газеттерінде өзге ұлттық басылымдарға қарағанда Еуразиялық одақ мәселелерін идеялық – мазмұндық ерекшеліктері жағынан сауатты әрі сапалы жазды. Оған жоғарыда талданған мақалалар дәлел бола алады.
“Қарнының ашқанына емес, қадірінің қашқанына күйінетін” қазақтың бойында ұлттық мінезге айналып бара жатқан екі бірдей жаман қасиет бар. Оның бірі – үндемеу, екіншісі – жағымпаздық. Өкінішке орай, кейбір мемлекеттік биліктің сөзін сөйлейтін БАҚ өкілдерінің тек жағымпаздыққа салынып, айқын кемшіліктерді көрмей тек Одақты мақтаумен болғандары да баршылық. Ал кейбір қазақ тілді басылымдар болса ел тағдырына немқұрайлықпен қарап, «көп айтса көнді, жұрт айтса болды» деп көнбіс мінез танытып, үнсіз қалған. Бұл екі мінездің бүгінгі қазақ мерзімді баспасөзінде көрніс табуы, әрине, жақсылықтың нышаны емес.

«Әрбір мемлекеттің егемендігі мызғымайды. Оны бүгінде ешкім сатып кете алмайды. Еуропа бірігер кезде мынадай талап қойылған болатын: «Одақ механизмі жөнінде қанша тереңдесеңіздер де мейілдеріңіз. Бірақ мемлекеттер егемендігінің негізіне ешқашан жуымаңыздар». Осы принципті ұстануымызға не бөгет? Келіңіздер, осы норманы Еуразиялық одақ негізіне алайық, бір – бірімізді халықаралық қарым – қатынастың тең құқықты субьектісі деп білейік», – деген еді Қазақстан Президенті 1994 жылғы 20 қыркүйекте «Еуразиялық кеңістік: кірігу әлеуеті және оны іске асыру» атты конференцияда сөйлеген сөзінде. Сол кездің өзінде Елбасы жобаның басқа пікірдегі қарсыластары бар екенін және оның табиғи нәрсе екенін атап өткен.

Бір жәйттің басы ашық. Біз қалайық, қаламайық, Қазақстан халқы Еуразиялық интеграция кеңістігінде өмір сүріп жатыр. Еуразиялық Экономикалық Одаққа байланысты бірнеше өзекті мәселелер көтерілді. Барлық мәселені түгелімен толық шешпесек те, бағытымыз дұрыс деп айта аламыз.
Еуразияшылдық – идея, Кедендік одақ – факт, ал Еуразиялық Экономикалық Одақ – бұл болашақтың стратегиясы. Еуразиялық одақ ең алдымен бұрынғы бiртұтас мемлекет құрамында болып бiр – бiрiмен саяси – экономикалық және әлеуметтiк жағынан жақын тұрған халықтардағы сол тарихи сабақтастығының игi жақтарын үзiп алмай қайта жалғастыру, оны одан әрi дамыту идеясы болып табылатыны сөзсіз.

Сондықтан бұл идея өзгелер бұрмалауға тырысып жүргендей «бұрынғы одақты» аңсау емес, Еуразиялық одақтың басты мақсаты осы территориядағы елдердiң интеграцияға деген қажеттiлiктерiн, оған жол ашып берiп тұрған мүмкiндiктерiн пайдалана отырып, Еуропалық Одақ үлгiсiндегi өзара ынтымақастықты арттыру. Еуразиялық одақ идеясы жиырма жылдан астам уақыт өмiр сүрiп келедi, дегенмен идеяның толық жүзеге асырылуы болашақтың iсi ретiнде қаралуда. Қазiргi қоғамдық пiкiр әлi де таңдау жасап, ортақ тұжырымға келмеген тұста осы мәселеге ғылыми тұрғыдан баға берiп, оның Қазақстанда жүзеге асырылу барысын тарихи ой елегiнен өткiзу қажет. Еуразиялық одақтың тиiмдiлiгiн қоғамға жеткiзу экономистер мiндетi десек, ал Одақтың мiндетi мен мақсатын түсiндiрiп қоғамдық ой – пiкiрдi қалыптастыру қазақ баспасөзінің борышы. Бiз зерттеп отырған мәселенiң және өзiмiздiң алдымызда тұрған мiндеттiң өзектiлiгi осы айтылған ойлардан көрiнiс табады.

Дана Мәулен
Бөлісу: