Еуразиядағы экономика және көлік-логистика жүйесі ыдырап барады

11 Қараша 2022, 12:11 1159

Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің отырысында айтты

Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде сөз алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ұйымның беделіне тоқталды, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің отырысында айтты.

«Бүгінде Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық рөлі артып келеді. Біз Түркі әлемінің атажұрты ретінде өздеріңізбен жан-жақты қарым-қатынасты дамытуға айрықша мән береміз. Сондықтан, ықпалдастығымызды одан әрі нығайтуға және оны жаңа белеске көтеруге мүдделіміз. Түркі ынтымақтастығына ұйытқы болған ұйымдардың тарихын зерделесек, олардың көпшілігіне Қазақстан бастамашы болғанын көреміз. ТҮРКСОЙ, ТүркПА және Түркі Академиясы – соның айқын дәлелі. Бұл ұйымдар бауырлас елдердің мәдени-рухани жақындасуына өлшеусіз үлес қосып отыр», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, Қазақстан түркітілдес мемлекеттермен достық және тату көршілік қатынасты дамытуға күш салып келеді.

Соның бір айғағы – еліміздің бастамасымен қабылданған «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжаты.

Оны іске асыру үшін бүгін Түркі мемлекеттері ұйымының стратегиясы қабылданбақ.

«Бұл құжат елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты күшейтуге және тұрақтылық белдеуін нығайтуға ықпал етері сөзсіз. Сондықтан, ынтымақтастығымыздың болашағы зор деп айтуға толық негіз бар. Біз өңірлік және жаһандық мәселелерді шешуге белсене атсалысып, қуатты күшке айналуымыз керек. Қазір геосаяси, геоэкономикалық қайшылықтар салдарынан Еуразиядағы экономика және көлік-логистика жүйесі ыдырап барады. Сын-қатерлерді еңсеру үшін күш-жігерімізді біріктіруіміз қажет», - деді Президент.

EL.KZ
Бөлісу: