Еуразия ұлттық университетін 4573 маман тәмамдады

23 Шілде 2015, 11:05

Биыл Еуразия ұлттық университетінен 4573 маман диплом алды

Оқу жылы аяқталғалы білім саласындағы аласапыран дүркіреп тұр. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан қаншама жастар арманына қанат байлап, өмірдің жаңа белесіне қадам басты. Еліміздегі алдыңғы қатарлы білім ошақтарының бірі – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің құжат қабылдау жөніндегі комиссиясы 20 маусымнан бастап кезекті жұмысын бастады.

Биылғы түлектердің қаншасы болашағын Еуразия ұлттық университетіне сеніп тапсырғанын кейін біле жатармыз. Есесіне, университеттің баспасөз қызметі білім ордасын 2014-2015 жылы қанша түлек тәмамдағынын  жариялады.

Ресми деректерге сүйенсек, биылғы жылы Еуразия ұлттық университетін бітірушілердің саны 4573 адамды құраған. Оның ішінде әртүрлі мамандық бойынша 3403 – бакалавр  1102 – магистр және 68 адам доктор дәрежесін алды.

Ақпараттық технология факультеті бойынша бакалавриат дәрежесін алғандардың саны 461-ге жетті, ал көлік-энергетика факультеті – 448, экономика факультеті – 401.

Үздік диплом 808 бакалаврға тапсырылса, оның 186-сын экономика факультетінің түлектері иемденді. Үздік диплом алу саны бойынша екінші орында физико-техникалық факультеті – 112 адам, үшінші орында филология факультеіт – 105 адам.

Бүгінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті – қазақстандағы жоғары оқу орындарының көшбасшысы екендігін толыққанды айтуға болады, себебі білім ордасы халықаралық білім беру кеңістігінде өзінің айырықша орнын сеніммен жеңіп алған.

Ағымдағы жылы Еуразия ұлттық университеті еліміздегі 57 жоғары оқу орындарының арасында ұлттық рейтинг бойынша бірінші орын алып өзінің көшбасшы екендігін дәлелдеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін келесі деректерді келтіргеніміз жөн. Ағымдағы жылдың 9 шілдесінде «Казахстанская правда» газетінде Білім сапасын қамтамасыз ету бойынша тәуелсіз Қазақстан агенттігімен (БСҚТҚА) құрастырылған Қазақстанның үздік жоғары оқу орындарының сегізінші ұлттық рейтингісі жарияланған болатын. Ұлттық рейтингіге еліміздің 57 ЖОО ұсынылып, жалпы барлығы 50 жоғары оқу орны қатысты. Үздік бес ЖОО арасында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің алдын орап, көш бастады. Сонымен қатар тізімде М.Әуезов атындағы Оңтсүтік Қазақстан мемлекеттік университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті көш бастап келеді.

Еуразия кіндігінде орналасқан университет, Европа университеттері ассоциациясына мүше бола отырып, өзінің Еуропадағы академия әлеміне үзбей қатысуын қамтамасыз етіп келеді. Европалық ғылыми-өндірістік палата «Жоғары оқу орындарының рейтингі: Европалық стандарт» жобасы бойынша еліміздегі тұңғыш ұлттық білім одасының көшбасшылық бағытта екендігін анықтады.

Халықаралық рейтингтік агенттігінің QS Top 50 under 50 (жасы 50-ден аспаған жоғары оқу орындары) 2014 жылғы ақпараты бойынша Еуразия ұлттық университеті «әлемдегі жас жоғары оқу орындарының ауыр салмақтысы» атанып 38-ші орынға шыққандығы анықталды.

Халықаралық рейтингтік QS World University агенттігінің пайымдауынша ЕҰУ ТОП-400 дүниежүзілік ең үздік университеттердің қатарына кіреді. 2016 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті өзінің құрылғанына 20 жыл толған даталы күнін атап өтеді.


Әзірлеген Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

 

Бөлісу: