Этноауылда шетелдіктерді қызықтыратын не бар?

16 Маусым 2017, 17:02 11203

«Қазанат» ипподромында орналасқан «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешені

Шетелдік қонақтар елдеріне кері оралғанда «ЭКСПО-2017 көрмесі несімен есте қалды» деген сауал туындаса, ойланбастан «Этноауыл» жайлы айтатындарына сенімдімін. Қала шетіндегі «Қазанат» ипподромында орналасқан «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешені қазақ халқының салт-дәстүрі мен тарихы тұнып тұрған жер.

Іс-шара мақтан үшін ғана ұйымдастырылған дүние емес. Арнайы осы көрме үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен шеберлер өздерінің жасаған бұйымдарын алып келді. Солардың бірі Ділман Нұржан:

— Мен бұл көрмеге Алматы қаласынан келдім. «Шері-тер» деп аталатын компаниямыз бар. Біз қазақтың ұлттық аспаптарын жасаумен айналысамыз. Осы уақытқа дейін 52 түрлі аспап дайындадық. Домбыралардың бағасы 15 мың теңгеден бастап 250 мың теңгеге дейін жетеді. Олардың бағасы ағаштың сапасына байланысты. Шетелден қызыл ағаш, қара ағаш секілді біздің елде өспейтін ағаштарды алып келіп, аспаптарға пайдаланамыз. 

Шеберлер бос уақытын тиімді текке жоғалтып отырған жоқ. Біреулері этноауылға келген қонақтарға өздерінің жасаған дүниелерін таныстырып жатса, екіншілері сүйікті істерімен айналысып отыр.

Жарты ғасырға жуық өмірін осы іске арнаған Сейфулла Рыстан есімді шебер де Этноауылға келген екен:

— Көрмеге мен теріден жасалған суреттер, өрім, қамшылар алып келдім. Суретшілік өнермен айналысып келе жатқаныма 40 жылдай уақыт болды. Мамандығым — графист. Көбіне тапсырыстармен жұмыс жасаймын. ЮНЕСКО-ның және Қазақстанның шебері деген атағым тағы бар. Жұмыстарымның ішінде ең ерекшесі — өріммен жасалған картиналар. Сонымен қатар, тамғалы тастардағы бейнелерді теріге түсірумен айналысамын. Мұндай жұмыстарға сұраныс жоғары.

Этноауылда тек қана шеберлер жиналды десеңіз қателесесіз. Бұл жерге келушілер садақ атып, өздерінің қаншалықты сұрмерген екендігін сынап көре алады. 

Рүстем Әлпи
Бөлісу: