Эскорт, зорлық-зомбылық: цензурасыз веб-сериалдар

13 Желтоқсан 2023, 18:00 4330

Қазақстанда соңғы уақытта веб-сериал нарығы дамып келе жатыр. Әсіресе, жастар осы жанрдың аудиториясын қалыптастырып отыр. Оның үсітне, интернеттің дамуы да жаңа жанрдың пайда болуына әкелді. Веб-сериал интернет платформасына арналған өнім болғандықтан, көп цензураға жол берілмейді. Бірақ боқтық сөздер мен жаргондарды кеңінен қолданатын заманауи өнімді сынайтындар да жоқ емес. Ашық сценалар мен қатігез көріністер жастар тәрбиесін ақсатып жатыр деген пікір жиі айтылып жүр.

Веб-сериал деген не? Ол қашан пайда болды?

Веб-сериал – интернетке арнайы түсірілетін контент. Ол телеарнада көрсетілетін сериалдармен салыстырғанда, цензурасыз өнім. Көркемдік және мазмұны жағынан еркіндігімен ерекшеленеді. Веб-сериалдың мақсаты – қоғамдағы шындықты боямасыз күйінде көрерменге ұсыну.

Алғаш рет АҚШ-та түсірілді. Бастапқыда ол мәтін түрінде болды. 1980 жылы Трейси Рид алғаш рет осы жанрдағы контентті интернетке орналастырды. Бұл осы жанр өндірісінің алғашқы баспалдағы болды. 1995 жылы режиссер Скотт Закарин видео-контент түріндегі веб-сериалды көрерменге ұсынды. Ол шынайы оқиға желісімен түсірілген. Кинокартина онлайн-күнделік сияқты әр кейіпкер фото, видео арқылы көрермендерге бастан кешкен оқиғасын айтып береді.

Еліміздегі веб-сериалды алғаш рет «Миллион» командасының «Жездухасы» бастады. Дегенмен кәсіби тұрғыда веб-сериалдың белді шығарушысы ретінде Salem Social Media-ны айтуға болады. 2018 жылы Дәурен мен Ақбота отбасылық өмірлерін көрсететін Aidarkulovs сериалын түсірді. Сериялары 200 мыңнан 400 мыңға дейін көрсетілді. Кейін шығарушылар қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеруде жаңа жанрды сәтті пайдаланды.

Кәрі қыздар, эскорт, зорлық-зомбылық, құлдықта ұстау, алаяқтар – веб-сериалдардағы шынайылық пен еркіндік

«Жездуха»

Шымкенттің жігіттің басынан кешкен оқиғалары сипатталады.  Өзбекстанмен шекараға жақын ауылдағы ішкі мәдени контекстке сүйенген фильмді байқаймыз.   Веб-сериалдың алғашқы баспалдағы болған фильм әзіл мен күлкіге негізделген, Instagram қысқа видео форматында түсірілген контенттің тез таралып кетуі веб-сериал түсіру идеясын туындатады.  Фильмді шығарушылар бастапқыда осындай веб-сериал түсіретін ойлары болмағанын айтады. Бірақ көрерменнің сұранысы 40 серияны түсіруге себеп болған. Сериалдың әр сериясы тұрақты 5-6 миллион қаралым жинаған.

«Sheker»

Өмірден өз орнын таппаған студент жігіт есірткі саудасының тайғақ жолына түсіп, өзінің химиялық зертханасына ашады. Бұл сериал режиссері Айтөре Жолдасқалидің дебюті болып, оны танымал етті. Ал басты рөлдерді орындаушылар Азат Жұмаділ мен Аңсар Ілиясов өздерінің анти-қаһарман образымен көрерменіне жиіркеніш пен таңданыс сезімін тудырады. Режиссерлер түнгі клубтың иесі Нышанбек Жұбанаевтың образын ерекше ашады. Зұлымдық пен зымияндыққа толы кейіпкердің қоғамда есірткінің зияны туралы нотация оқитын, Абайдың қарасөздерін өмірлік қағидасы етіп алатын адам ретінде көрсететіні қайшылыққа толы образ болды. Продюсерлер оқиғаны үшінші маусыммен емес, кинотеатрға шығуы керек толықметражды фильммен аяқтауға шешім қабылдады.

«Сержан братан»

Өткен ғасырдың 90 жылдардағы қылмыс әлемі серкесінің өмірі көрініс табады. Басты рөлді Дулыға Ақмолда ойнады.  90-жылдары өзінің қылмыстық мансабының шыңына жеткенде, комаға түсіп, есін жиған жігіттің хикаясы сипатталады. Сериалдың жоғары деңгейде болуы Дулыға Ақмолданың актерлік шеберігінің жоғары деңгейінің арқасында болды.

«5:32»

Бұл сериалда режиссердың драмалық таланты байқалады. Бұрынғы тергеуші Шалқардың «маньякты» іздеу қолжазбасы көрерменін елітіп әкетеді. «5:32»-ге дейін «қазақстандық триллер» тіркесінің өзі күлкілі еді, бірақ бұл сериалда бірінші сериядан кейін-ақ көрермен оқиға ішіне кіріп кетеді. Фильм цензурасыз түсірілгендіктен, шамадан тыс натурализмге жол берген шынайылығымен есте қалады.

«Эскорт»

«Эскорт» сериалында Шымкенттен Алматыға көшіп келіп, отбасынан жасырын түрде эскорт қызметімен айналысып жүрген қыздың өмірі суреттеледі. Сериалда қыздың шешімі өміріне, оның жақындарына қалай әсер ететіні көрсетіледі. Сонымен бірге сценаристер мұнда ата-ана психологиясына да мән берген. Ата-анасы қызынан қолдау мен көмек күтеді. Қарызға батқан әкесі, жалдамалы пәтер, ізінен ерген інісіне қолдау болу үшін теріс жолға түседі.

«Мыстан»

«Мыстан» веб-сериалы зорлыққа ұшыраған қарапайым үш қыздың оқиғасы туралы. Томирис, Перизат және Сымбат — оқиғаның басты кейіпкерлері. Олар бақытты өмірді армандайды. Дегенмен өміріндегі қатігез адамдар мен ауыр жағдайлар қыздарды арманынан алыстатады.

Туындыны режиссер Ерлан Нұрғалиев түсірген. Сериалда жыныстық зорлық-зомбылық, харассмент сияқты мәселелер ашық көрсетіледі. Сериал қоғамдағы өзекті мәселені ашық жеткізе алғаны үшін Realist Web Fest веб-контентінің халықаралық фестивалінде қазылар алқасының арнайы сыйлығына ие болады. «Мыстан» өзінің мықты әлеуметтік мәселеге қатысты тақырыбы үшін таңдалды.

«Qarga»

Он жыл жетімдер үйінде өскен, 13 жыл түрмеде отырып шыққан баланың өмір жолы сипатталады. Өмір бойы бостандықта болмаған, достық, махаббат сияқты құндылықтардың не екенін білмейтін жігіттің ішкі күйін көрсетеді.

Веб-сериал көбіне ойын-сауық мақсатын көздейді. Дегенмен елімізде түсіріліп жатқан жаңа жанр маңызды әлеуметтік мәселелерге назар аударуға, қоғамды өзгертуге ықпал етіп жатыр.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: